Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қызылорда қалалық №2 соты мен тілдерді оқыту орталығы, «Медиация бітім» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Ұлттық болмысымыз бен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі маңызды. Сонымен бірге ұйымдастырылған дөңгелек үстелде баяндамалар оқылып, латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру тыңғылықты талқыланғанын айтып, Елбасы Жарлығымен бекітілген нұсқаның маңызы туралы да ойын жеткізді.
Қалың көпшіліктің жаңа әліпби жасаудағы талабы ескерілді. Енді соны қолданысқа енгізуде тиянақты болуымыз қажет.
Ал, Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Жұлдыз Жакеева Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғалы қайта түлеудің айрықша маңыздылығы айқындалғанын айтып өтті. Рухани жаңғыру бүгін басталып, ертең тоқтайтын жұмыс емес. Бұл ұлттық сананың түрлі плюстерін қиыннан қиыстырып жүйелей білу.
Жансая ҚЫДЫРБАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті.