« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстандықтар соңғы жылдары көктемнің алғашқы күні – 1 наурызды – Алғыс айту күні ретінде атап өтіп келеді. Бұл мереке өз негізін Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында көтерген бастамасынан алды. Сол алқалы жиында Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деді.
Ассамблея сессиясында айтылған ұсыныс жұртшылықтан бірден қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Мерекенің белгіленгеніне көп уақыт болмаса да қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түскені байқалады.
Қазақстанды ұлттар лабораториясына айналдыру өткен ғасырдың басынан басталғаны тарихтан мәлім. Алдымен столыпиндік реформа кезінде Ресей, Украина мен Беларусьтан 1 миллионнан астам шаруа келді. Арада көп уақыт өтпей халықтың ғасырлардан бері қолданып келе жатқан көшпелі тұрмысы, әдет-ғұрпы ескерілместен жүргізілген ұжымдастыру салдарынан қазақ жерін аштық жайлады. Осыған қарамастан, бұрынғы КСРО-ның әр қиырынан өнеркәсіп нысандарын салуға деген желеумен тағы миллионнан астам адам қоныс аударды.
Тұтас халықтарды туған жерінен күштеп көшірген сталиндік депортация кезінде немістер, поляктар, Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, Қиыр Шығыстағы корейлер адам төзбес жағдайда қазақ жеріне жеткізілді. Алапат аштықтан, қуғын-сүргіннен аман қалғанымен, тігерге тұяғы жоқ қазақтар барлық ұлттарды жатырқамастан бауырына тартты. Екі бөлмелі қоржын үйінің төрін, қолындағы барын бөлісті.
Сол қасіретке толы қуғын-сүргін жылдарында еліміздегі арнаулы лагерьлерде азап шеккен жүз мыңдаған тұтқындардың барлығы бірдей туған жеріне оралған жоқ. Ақталған соң осында тұрақтап қалғандары жетерлік. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында елімізге 350 мың адам эвакуацияланды. Ал 50-ші жылдары басталған тың жерлерді игеру науқанына тағы да миллиондаған адам келді. Тұтастай алғанда өткен ғасырда қазақ жеріне 5 миллионнан астам адам қоныс аударды.
Бұл – біздің тарихымыз, тағдырымыз. Басынан сан қилы нәубет өтсе де, қазақ халқы ешкімге кінә артпады, атамекенінен ажырап қалған адамдарды бауырына тартты. Уақыт өте келе қазақ жерінен пана тапқан барлық ұлттар киелі топырақта өсіп-өнді. Өздерін қиын шақта саясына алған халықпен біте қайнасып, тонның ішкі бауындай өмір сүріп келеді.
Бірақ, олардың жүрек түкпірінде ата-бабасы мекен еткен жерді көру, тарихи Отандарында тұру туралы арман болғаны анық. Кеңес Одағы ыдыраған соң бұл арманның ақиқатқа айналар кезеңі туды. Оның үстіне Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі экономикалық жағдай қиындады. Сол кезде Германияға, Грекияға, Израильге, Ресейге, бұрынғы Одақ республикаларына 3,5 миллионнан астам адам кетті. Олар әлі күнге дейін туып-өскен, білім алған, қамқорлығын сезінген қазақ жұртының ықылас-пейілін ұмытқан жоқ. Жыл аралатып елге арнайы келетін, сағынышын басу үшін қазақ салтымен ағайынды аралайтындары да бар. Қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері, олардың әңгімелерін естіп өскен ұрпақтары қазақтың ізгі қасиеттері мен қонақжайлығын ерекше жылылықпен еске алады.
Ал болашағын тек Қазақстанмен байланыстыратын жүздеген этнос өкілдері қазір де толеранттылықпен, келісіммен, бір-біріне деген сеніммен өмір сүруде. Алғыс айту күні осынша сынақтардан сүрінбей өткен бірлігіміз бен ынтымағымызға, ұрпақтар сабақтастығына қызмет етері сөзсіз. Өйткені халық зердесінде өшпеген адамдардың достығы мен өзара түсіністігі, қайырымдылығы мен жанашырлығы одан әрі де жасай беруі тиіс.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |