« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы жылға жуық уақыт болды. Содан бері аймақта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен мәжілісте айтылды.
Жұмысты жүйелеуде көпшіліктің, зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлері ескерілді. Осындай келелі көп ұсыныстың бірін былтыр күзде «Байқоңыр-инвест» форумы аясында өткен «Туған жерге тағзым» шарасында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп көтерген болатын. Мәжілісте облыс әкімінің кеңесшісі Айгүл Сағымбай соларды саралап берді. Атап айтқанда, өңірдің тарихи, мәдени және экономикалық жетістіктері негізінде фотоальбом, тарихи-мәдени ескерткіштердің телеатласы мен Сыр елінің тарихы туралы электронды оқулық, Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы секілді деректі кітап, «Байқоңыр» мен ғарыш әлемі жөнінде еңбек әзірлеу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің кеңесшісі жат ағымдардың жетегіне еріп, игі дәстүрлерімізді жоққа шығарып жүргендердің бетін бері қарату үшін БАҚ-тың күшін барынша пайдалануды ұсынды.
– Баспасөз құралдарында, әлеуметтік желілерде діни жөн-жоралғылар мен салт-дәстүрлердің ара жігін ажырататын жазбалар көптеп жариялануы тиіс, – деді Айгүл Сағымбай.
Аталған мәселелерге байланысты аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Одан кейін «Сыр Медиа» ЖШС жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас баяндама жасады. Құрылғанына көп болмаса да, орталық көптеген игілікті істің бастамашысына айналып үлгерді. Әзірге онда 12 адам жұмыс істеп жатыр. Орталық директоры атқарылған шаралар жөнінде айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
– Жұмысты жүйелі түрде жолға қою үшін орталықты аймақтық жобалау офисімен біріктіру қажет. Біздің жұмыс негізінен ғылыми бағытта өрбиді. Сондықтан алдағы уақытта Оғыз дәуірінің әдеби-тарихи ескерткіштерін зерттеу, Қорқыт ата кітабын түпнұсқадан аудару, жаңадан ашылатын қалалық тарихи мұражай қорын көне құнды қолжазба және кітаптармен толықтыру, қазақ зиялыларының Қызылордада жарық көрген шығармаларын зерттеу, түпнұсқасымен бірге латын әліпбиінде жариялау сияқты жоспарларымыз бар, – деді Нұрлыбек Мыңжас.
Осы орайда аймақ басшысы рухани жаңғыру, қоғамдық сананы жаңғырту саласына қатысты шаралар түгелдей орталықтың келісімімен ғана атқарылуы қажет екенін ескертті.
– Өйткені, орталықтың құрамында республикаға белгілі ғалымдар, тәжірибелі мамандар бар, – деді аймақ басшысы.
Соңғы статистика: әрбір бесінші қызылордалық қандай да бір дауды шешу үшін сотқа жүгінген, ерлі-зайыптылардың 67%-і ажырасқан. Дау-жанжалды сотсыз шешу институттарын дамыту мақсатында Сотсыз татуласу орталығын бірінші болып Қызылордада құру ұсынылып отыр. Біздің тәжірибеде баяғыдан бар билер институты мен ақсақалдар алқасын қайта жаңғырту болар-болмас нәрсе үшін сот жағалайтындардың санын азайтар еді.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі С.Аңсатов қазақта хан да, қара да аталы сөзге тоқтайтын қасиет барын, бітімгершілік билік айтудың ең озық үлгісі екенін айтты. Облыс әкімі отбасылық, рухани, адами құндылықтарды әрдайым насихаттап, елге түсіндіріп отыру баршаның парызы әрі міндеті екенін еске алды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |