
Ұлы Отан соғысының отты жолын кешкен Тәнеш Оразов – қаһарлы Манштейн армиясының жолын тежеген жауынгер. Бүгінде ардагер торқалы 95 жасқа қадам басты. Осыған орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев майдангерді қабылдап, мерейлі мерекесімен құттықтады. Ел амандығы үшін аянбай тер төккен абыз ақсақалға Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.
– Ықылым заманнан «Жақсың кім еді?» деп жөн сұраймыз. Сонда ауызға түсері – халыққа етене жақын, абыройлы азаматтар. Себебі, жау бетке – білектімізді, дау бетке – біліктімізді, жарастыққа жақсымызды жұмсаған халықпыз. Тәнеш Оразұлы солардың қатарында. Ардагер ағамыздың бойы тіп-тік, жүрісі әлі ширақ. Сіздің өнегелі өміріңіз, жасаған қызметіңіз көпке үлгі боларлық. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді даналарымыз. Расында, қарты бар ел – қазыналы. Жас ұрпақтың өнегелі қариялардан үйренері мен алар тәлімі көп. Ел алдында мағыналы, салмақты сөз айтып, парасатты ақыл қосатын, елдің басын қосып, ауызбіршілік пен татулыққа ұйытқы болатын өзіңіздей қазына қарттарымыз, кемеңгер ардагерлеріміз аман болсын демекпіз. Құрметті Тәнеш Оразұлы, сізді Сыр жұртшылығы атынан мерейтойыңызбен құттықтаймыз, – деді аймақ басшысы.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов та сұрапыл жылдары кеудесін оққа тосқан Тәнеш Оразовтың ерлігін, кісілігі мен кішілігін, ерекше болмысын сөз етіп, ақ тілегін жеткізді. Ардагер өз кезегінде жиналған қауымға алғысын айтып, жүрекжарды батасын берді.
Иә, Тәнеш Оразұлы секілді жеңісті жақындатқан сарбаздардың ерлігі бүгінгі бейбіт күннің кепілі десек, қателеспейміз. Олар тек Ұлы Жеңіс күні ғана емес, әрдайым құрметке лайық.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген:
Бағдат ЕСЖАНОВ.