Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан XXІІІ қысқы Олимпиада ойындарында бүгін мәнерлеп сырғанаудан сынға түскен Элизабет Тұрсынбаева жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен бүгінгі еркін бағдарламада өзім жоспарлаған межеде өнер көрсеттім. Жарысқа жаңа көйлекпен, жаңа музыкамен шықтым. Барлық талаптарды шамам келгенше орындауға тырыстым. Бір рет құлап қалғаным болмаса, қателіктерге көп бой алдырған жоқпын. Бұл - Олимпиада ойындары. Бүкіл әлем көз тігіп отыр, сол үшін аздап қобалжу да болды», - деп атап өтті Тұрсынбаева. Сондай-ақ, өзінің бұл Олимпиадада үздік ондықтың қатарына кіру басты мақсаты болғанын да жасырмады.
«Басты мақсатым үздік он спортшының қатарынан көріну болатын. Енді жарыстың соңына дейін күтеміз. Ондыққа кіріп жатсам, соның өзі мен үшін үлкен жетістік. Себебі, мен жарақаттан кейін жарысқа шығып отырмын. Ең бастысы, Олимпиадада қазақ қыздары бар екенін көрсете білдік», - ол.
Естеріңізге сала кетейік, Элизабет Тұрсынбаева бүгін еркін бағдарламада сынға түсіп, қос сайыс қорытындысы бойынша 177.12 ұпай еншіледі.