
Апта басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының аясында Астана қаласында Арал өңірін дамытуға бағытталған «Арал достары» халықаралық симпозиумы өтті. Тиісті министрлік өкілдері, халықаралық қауымдастықтар мен қаржы ұйымдарының және Қазақстандағы шетел елшілерінің қатысуымен болған ауқымды шарада айдынды өңірді қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру және ондағы тұрғындарға көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Бұрын ауқымы жағынан әлемде төртінші орын алатын теңіздің бүгінгі тағдыры тек бізді емес жаһан жұртын да алаңдатқаны жасырын емес. Судың төрттен үш бөлігінің жойылып кетуі экологиялық түйткілдер туындатып, жергілікті халықтың денсаулығына орасан зиян тигізді. Сонымен қатар, тіршілігін теңізбен байланыстырған жұрттың әлеуметтік жағдайының төмендеуі де олардың бұл маңнан көшіп кетуіне себеп болды. Дәл осындай экологиялық әрі экономикалық қиыншылықпен күрес тәуелсіздігін енді алған Қазақстан секілді мемлекет үшін оңай емес-тін. Алайда, Елбасының Арал өңірі тұрғындарына деген ерекше қамқорлығы мен жігерінің арқасында жаһандық мәселенің түйіні тарқатыла бастады. Осылайша айдынды өңір тұрғындарының кеудесінде теңіз қайта оралады деген үміт оты тұтанды.
Арал мәселесін шешу мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған халықаралық симпозиумның алғысөзін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алып, өңірде жасалып жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ, Арал проблемасын тиімді шешудің жолдарына тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан, Елбасы тарапынан Арал проблемасын шешуге ерекше қолдау көрсетілді. Президент бастамасымен құрғап бара жатқан теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін ғасыр жобасына баланған «САРАТС» жобасы жүзеге асырылды. Елбасының бұл қамқорлығы Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асып, Арал халқына зор қуаныш сыйлады. Нәтижесінде теңіз деңгейі көтеріліп, бір кездері жойылып кеткен балық түрлерінің оралуымен шаруашылық жанданды. Су маржанын аулау көлемі артқандықтан, балық өндірісі де өрістеді. Бүгінде Еуропа мен көрші мемлекеттерде Арал балығының танымалдығы артып келеді. Сонымен қатар, өңір балықшылары 4 балық зауытынан бөлек, Ресейдің Ульяновск аймағында да өздерінің бизнестерін жалғастырып, кәсіпорын салды. Мұның барлығы теңіз жағалауындағы тұрғындардың арман-тілегі болатын, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, Арал мәселесіне алаңдап, жобаларды қолдауға қол ұшын созған әріптестеріне алғысын жеткізді.
Халықаралық симпозиумда сонымен бірге, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекішев экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған шараның маңызы жоғары екенін және бұған мемлекет ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура Арал мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.
– Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және экологиялық мәселелерін толық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен, біз осы проблеманың қоршаған ортаға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын миллиондаған адамдарға жойқын әсерін жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз аймақ тұрғындары үшін лайықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қызметтерді алуға, өмірлерін жақсартуға көмектесу, – деді ол өз сөзінде.
Симпозиум жұмысының келесі бөлімінде «Астанаға Аралдан сәлем» атты бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар теңіз төскейіндегі халықтың бүгінгі тұрмысымен танысты. Одан соң жобалар мен ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев және «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шиего Катсу модератор қызметін атқарып, қатысушыларды ашық пікір алаңына шақырды.
Осы отырыста Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Арал өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға 3 млн доллар бөлуге ниетті екенін білдірді. Мұны БҰҰ-ның резидент-координаторы, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мәлімдеді.
– Дүниежүзілік банк, Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған мәселені шешуге өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аталған проблеманы шешуге ниетті. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны жүзеге асырмақпыз, – деді ол.
Жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаржы көлемі – 3 млн доллар. Жоба негізінен 3 бағытқа бөлінген. Ол – әлеуметтік, экологиялық және экономикалық салалар. Мәселен, Арал өңірінің тұрғындары бұрын балық шаруашылығымен айналысқанымен, қазір жаппай бұл кәсіпті атқара алмайды. Осы орайда жоғарыда аталған жобаларда тұрғындарға ақша табудың альтернативті жолдары көрсетілмек. Микроқаржыландырудың механизмдері немесе суды дұрыс пайдаланудың жолдары да қарастырылады. Бұл жұмыстар Арал өңіріндегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігін тигізетін болады.
Арал өңірін жан-жақты дамытуға халықаралық қауымдастықтар көмек көрсетуде. Мұндай қолдау облыстан да қарастырылмақ. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биыл Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жол картасына 114 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун халықаралық қаржы ұйымының аталған мәселе бойынша алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына бір тоқталып өтті.
– Арал экологиялық апаты – тек осы өңірдің ғана емес, әлем назар аударатын мәселе. Қазақстан осындай жаһандық проблемамен күресуде өзінің табандылығын көрсетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысына, жергілікті билікке үлкен алғыс айту қажет. Теңізді қалпына келтіруге Дүниежүзілік банк те өз үлесін қосуда. Біз «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асуына қаражат бөлдік. Бұл экологиялық әрі экономикалық мәселенің бетін қайтаруға көмектесті. Ал екінші кезең бұдан да ауқымды әрі кешенді болмақ. Біз қазір Арал әлеуетін көтеретін тиімді жобаларға мониторинг жүргізудеміз. Мәселен, туризм, әлеуметтік мәселелерге назар аударамыз, – деді ол.
Халықаралық симпозиум барысында Қазақстандағы шетел елшілері, табиғат қорғау мекемелері мен ғалымдар, халықаралық қор өкілдері мен Арал тағдырына алаңдаған азаматтар ойларын ортаға салды. Шараны қорытындылаған облыс әкімі бастамаларға қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізіп, алдағы уақытта үлкен жобалардың жүзеге асатынына сенім білдірді.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.
Астана қаласы.
Зәуреш Әлімбетова,
«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры:
– Аралдың экологиялық мәселесін шешу мен өңірді қолдауға бағытталған жобалардың ішінде жасыл белдеу жасау мен туризмді дамыту назарға алынса деген тілегім бар. Қазіргі таңда бұл жоба жүзеге асуда. Дегенмен, ауқымын кеңейтіп, фермерлік плантациялар енгізілсе деп ойлаймын. Одан бөлек, туризмді қолға алса, экономикалық өсімге, жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді. Мәселен, тартылған теңіз табанынан табылған Кердері секілді тарихи орындар шетелдіктерді қызықтыра алар еді. Сонымен қатар, Арал ауданындағы Қамбаш көлінің жағалауын заманға сай жандандырса, көпшілік келетін орынға айналады.
Михаил Бродский,
Израиль Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Бағдарлама шынында өте қызықты. Менің ойымша, Израиль алдыңғы қатарлы озық технологиялармен танымал ел ретінде бағдарламаға өз үлесін қоса алады. Израиль бұған дейін «МАШАВ» халықаралық даму бағдарламасы аясында Орталық Азия елдеріндегі гуманитарлық-ынтымақтастық жобаларына қатысты. Айта кету керек, «МАШАВ» ұйымының құрылғанына – 60 жыл. Оның мақсаты – ынтымақтастық бағыттарын құру, үйлестіру және жүзеге асыру. Сонымен қатар, туризм, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы қызметтері жатады. Қазақстанда жұмыс істегенімізге 25 жыл уақыт болды. Үшқоңыр базасында БҰҰДБ-мен бірігіп, тамшылатып суаруға байланысты фермерлер курсын өткіздік. Шөлейттенуге қарсы күрес мәселесі де бізді бей-жай қалдырмайды. Израильдің 80 пайызға жуық жері шөлейттен тұрса да, озық технологиялар арқылы ауыл шаруашылығы дамыды. Бұл тәжірибе Аралды құтқару жобасына көмектеседі деген ойдамыз.
Урс Шмид,
Швейцарияның Қазақстандағы елшісі:
– Аралға қатысты мәселелерді шешуде Швейцария жәрдемдесуге дайын. Су мәселелері бойынша біз көптеген мемлекеттермен ынтымақтаса жұмыс істейміз. Азия елдерінде суға қатысты бағдарламаларын іске асырамыз. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында өткен су ресурстарына қатысты конференцияда да Қазақстан мен Швейцария сыртқы істер министрлері ортақ мәмілеге келіп, тығыз ынтымақтастықты жалғастыру жайын сөз еткен еді. Бүгінгі конференция барысындағы ұсынылған кешенді тәсілдер де жүйелі іске асарына сенім мол. Біз суды пайдалану жайында әңгіме қозғағанда оның сапасын, көлемін, ауыл шаруашылығындағы, электр энергиясын өндірудегі қажеттілігін ғана айтып қоймай, оның экологиялық аспектілерін де ескеруіміз керек.
Болат Бекнияз,
Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы
атқарушы дирекциясының директоры:
– Біз ұсынған 36 жобаның орта есеппен 30 пайызына Дүниежүзілік, Азия Даму банктері және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы қолдау білдірді. Қалғанын қаржыландыру бойынша демеушілер іздестіріп жатырмыз. Арал мәселесін шешу мақсатында біздің бюджет те қаржы бөлуге ықыласты.
Бізді Оңтүстік Аралдың жайы да ойландырады. Оның көлемі теңіздің солтүстік бөлігінен де үлкен. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Оңтүстік Арал бұрынғы деңгейіне келмесе де, көлемін біршама жоғарылатуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар. Осы орайда, біз Көкарал бөгетінің төменгі жағында Сырдарияның дельтасын жасауды ұсындық. Су көлемі аз болғандықтан, су қоймасының орнына қолдан каналдар қазу керек. Дүниежүзілік банк тарапынан ұсыныс қолдау тапса, Аралдың жағдайы жақсара түсуі тиіс.
Солтүстік Аралдың табиғаты басқаша, өйткені, бұл аумақта жыл сайын өсімдік егіледі. Ал теңіздің шығыс және оңтүстік бөлігінде мұндай процесс жүрмейді. Ол үшін Аралдың аталған жағалауларында жасыл аймақ құруды ұсынамыз. «Енді суды қалай апарамыз?» деген сұрақ туады. Қазіргі күні Қазалы суару массивінде жыл сайын 150-300 млн текше метр су күріш егістігіне қолданылғаннан кейін ысырап болып қалады. Ендігі жерде оны Арал теңізіне бағыттау қажет. Сөйтіп, сексеуілдер плантациясын құруға болады. Біздің жобамыз бойынша жасыл аймақтың аумағы – 60, ені 1 шақырым шамасында. «Барсакелмес» қорығында бұрын киік, құлан, жайрандар көп кездесетін. Теңіз тартылғаннан кейін елді мекендер жаққа қарай ауып кетті. Олардың қайтып оралуы үшін қорықта су ұңғымасын салудың маңызы жоғары.