Қорқыт Ата атындағы ҚМУ - QS EECA әлемдік рейтингінде

Бүгінгі күні қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында тұрған басты мақсат – еңбек рыногының сұраныстарына сай келетін сапалы білім беру қызметін ұсыну. Сапаны қамтамасыз етудің пәрменді құралдарының бірі отандық ЖОО-ң әлемдік рейтингтерге қатысуы болса, университеттердің ролін рейтингілік бағалау қоғамға да, тұтынушыларға да өте маңызды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Даму стратегиясының негізгі міндеті университеттердің әлемдік рейтингісіне ену болып табылады. 2015 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтеріне, оның ішінде  Quacquarelli Symonds (QS) Британдық рейтинг компаниясының әдістемесі бойынша рейтингтерге белсенді түрде қатысып келеді.

Әлемнің үздік университеттерінің рейтингісі (QS World University Rankings) британдық консалтингтік компанияның Quacquarelli Symonds (QS) әдістемесі бойынша есептеледі және жоғары оқу орындарының ең ықпалды жаһандық рейтингілерінің бірі болып саналады. Quacquarelli Symonds рейтингісі 2004 жылы Times Higher Education британдық  басылымымен бірлесіп әзірленіп, The World University Rankings ретінде танымал болды. 2010 жылдан бастап бірыңғай рейтинг екіге бөлінді: Times Higher Education басылымы, әлемнің үздік университеттерінің рейтингісін The World University Rankings атауымен Thomson Reuters агенттігімен бірлесіп шығарады және Quacquarelli Symonds, рейтингті  QS World University Rankings атауымен шығаруды жалғастырып келеді.

QS EECA рейтингі алғаш рет 2014 жылы жарияланды және ол QS World University Rankings бір бөлігі болып табылады, оны білім беруге және шетелде оқытуға маманданған Quacquarelli Symonds (QS)  британдық компаниясы жыл сайын жариялап отырады. QS рейтингтері – ЖОО-ң ең ықпалды әлемдік рейтингтерінің бірі.

 QS University Rankings халықаралық рейтинг сарапшылары: Emerging Europe and Central Asia (QS EECA) зерттеуді жасаған кезде университеттердің 9 көрсеткішін талдайды: ЖОО-ның академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, студенттер санының қызметкерлер санына арақатынасы, бір қызметкерге келетін жарияланымдар саны, цитаттар саны, университеттің Интернеттегі тиімділігі, ғылыми дәрежелері бар қызметкерлер үлесі, шетелдік қызметкерлер және шетелдік студенттер саны.

Quacquarelli Symonds (QS) Агенттігі 2018 жылдың ақпанында Еуропа мен Орталық Азия елдері (Emerging Europe & Central Asia) университеттерінің  QS EECA 2018 рейтинг нәтижелерін жариялады, онда әлемнің 21 елінің, оның ішінде бұрынғы «шығыс блогының» мемлекеттері (Чехия, Польша), Түркия, ТМД мен Прибалтика елдерінің 2900-ден астам ЖОО-ң көрсеткіштеріне талдау жасап, үздік жоғары оқу орындарының ҮЗДІК-300-ін анықталды.

Рейтингте М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті бірінші орында тұр, ал қазақстандық ЖОО ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 10 - тұғыр иеленді. 

Үздік жоғары оқу орындарының Үздік 300-дігіне қазақстандық 22 ЖОО-мен қатар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де еніп, қызметтерін бағалауға қатысқан барлық жоғары оқу орындарының арасында алғашқы 10% қатарында.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің  Еуропа мен Орта Азияның дамып келе жатқан елдерінің ҮЗДІК-300 үздік ЖОО құрамына енуі Қазақстан Республикасының Арал өңіріндегі жетекші білім ордасының жетістіктерін әлемдік деңгейде танытуға қарай жасаған алғашқы қадамы болып саналады.  Бұл зерттеуді әлемдік беделді үш агенттіктің бірінің сарапшылары жасады және QS World University Rankings жаһандық рейтингісінің сол критерийлерін ескереді.

Бұл ғылым, білім және инновациялық қызметті ұйымдастырудағы сапалы өзгерістерді нақтырақ көруге және бағалауға мүмкіндік береді. Біздің университеттің соңғы 3 жылдағы тәжірибесі көрсетіп отырғандай, оның ұлттық рейтингтерде тұғырларының тұрақты өсуі жаһандық рейтингтерде жалғасын табатын болады.   

Гүлмира РЫСМАХАНОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік

университеті, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 ақпан 2018 г. 888 0