« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында «Арал достары» тақырыбында Халықаралық симпозиум өтті. Әлем назарын аударған шараға мемлекеттік, жергілікті атқарушы билік пен БҰҰ өкілдері, халықаралық қауымдастықтар, қаржы институттары қатысты. Бұл туралы Астанадан газет тілшісі Нұрбек Дәуренбеков хабарлайды.
Бұрын ауқымы жағынан әлемде төртінші орын алатын Арал теңізі өткен ғасырдың 70-жылдары жағалуынан шегіне түсті. Теңіздің тартылған орны түгелдей шөлге айналып, ол әлем халқының денсаулығына кері әсерін тигізетін экологиялық апатқа ұласты. Осыдан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі экономикалық қиындыққа қарамастан, Елбасы Арал проблемасын түбегейлі шешудің алғашқы қадамын бастады. Аңқасы кепкен теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін тиісті шаралар қабылданып, халық арасында «Ғасыр жобасы» аталып кеткен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жүзеге асты.
Халықаралық шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жоба бойынша алда атқарылатын шаралар легін баяндады.
− Аралдың солтүстік бөлігін «САРАТС» жобасы арқылы дамытуға баса мән береміз. Өйткені теңізді толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстар арқасында кіші Аралда су көлемі мен балық түрлері артты. Өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуы бағытында Жол картасы қабылданды. Осы жоба арқылы жұмысымызды жандандыра беретін боламыз, − деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, симпозиумда халықаралық ұйым Арал өңіріндегі мәселені шешу үшін жаңа жобаны іске асыратыны белгілі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Арал өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға 3 млн доллар бөлуге ниетті. Бұл туралы БҰҰ-ның резидент-координаторы, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мәлімдеді.
− Дүниежүзілік банк және Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған мәселені шешуге өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аталған проблеманы шешуге ниетті. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны жүзеге асырмақпыз. Қаржының көлемі үлкен емес, 3 млн доллар. Бұл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған. Осылайша, аталған өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шеше отырып, өмір жағдайының сапасын көтеруді көздеп отырмыз. Біздің жобамыз 3 бағытқа бөлінген. Бұл – әлеуметтік, экологиялық және экономикалық салалармен байланысты, − деді Норимаса Шимомура.
Сондай-ақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Қазақстанның Арал теңізі құрғауы салдарынан болатын проблемалармен күресте айтарлық нәтижеге қол жеткізгенін айтып өтті.
ЕҰҰДБ аймақтың ең өзекті мәселелері бойынша бірқатар зерттеу жүргізді. Оның нәтижесінде Арал өңірі тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту шараларының бағыттары анықталды. Енді жоба аясында микроқаржыландырудың негіздері нақтыланып, аймақ тұрғындарына арналған үздік сапалы әлеуметтік қызметтер саны артады.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |