« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шағын және орта кәсіпкерлік әлемдік экономиканың даму тәжірибесі көрсетіп отырғандай, негізгі тұрақтандырушы фактор болып табылады. Шағын және орта бизнес өнімдері батыс елдерінде жалпы ішкі өнімнің 60-70 процентін құрайды. Ал сол елдердегі жұмысшылардың 75-80%-і шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар болып келеді. Қазақстандағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда төмен. Сондықтан да елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында мақсатты жұмыстар ұдайы жүргізіліп, түрлі бағдарламалар іске асырылуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» осы жұмыстардың заңды жалғасы деуге болады.
Сонымен 2018 жыл облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды. Алға қойылған міндеттерді іске асыруда кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы әзірленді.
Жол картасы өз кезегінде 67 тармақтан құралып, жалпы бюджет көлемі 32 млрд 86 млн теңгені құрайтын кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі бағдарламалары мен бағыттарын қамтыды. Ал енді бұл Жол картасы қалай жүзеге асырылып, аталған қаржы қандай мақсаттарға жұмсалады? Олай болса, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары берген деректерге ден қойып көрейік.
Мамандар атап өткеніндей, Жол картасына сәйкес міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Алдымен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Яғни, облыстың әрбір аудандарының салалық ерекшеліктеріне сәйкес мамандандыру картасы әзірленіп, несиелер мен микронесиелер алатын әлеуетті тұлғалардың тізімі жасалады және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстары ұйымдастырылады.
Одан кейін, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету, экономика салалары бойынша жобаларды іске асыру және шығарылған өнімді өткізу кезеңдерінің кезегі келеді. Қаржылай қолдау кезеңі бойынша Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын облысымызда іске асыру үшін жалпы 7 млрд 453 млн 905 мың теңге қаралған. Оның ішінде, микронесиелер беруге 2373,7 млн теңге, сервистік қолдауға 5080,17 млн теңге бағытталды. Жоғарыда келтірген жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, кәсіпкерлерді микронесиелендіруге бағытталатын 2373,7 млн теңгеден ауылдық жерде микронесиелер беруге – 1811 млн теңгеге жуық, ауылдық жерде микронесиелерді кепілдендіруге – 185 млн теңге шамасында, Қызылорда қаласында микронесиелер беруге – 299,490 млн теңге, Қызылорда қаласында микронесиелерді кепілдендіруге – 51 млн теңге, Микроқаржы ұйымдарының операциялық шығындарын субсидиялауға – 27,213 млн теңге көлемінде жұмсалады.
Ауылдық жерде микронесиелер беру үшін бөлінген 1811 млн теңгеге жуық қаражаттың 1,2 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына», 611 млн теңгеге жуығы Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие серіктестіктері мен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына отырғызылмақ. Ал, Қызылорда қаласында микронесиелер беру үшін бөлінген 299,49 млн теңге көлеміндегі қаражат өз кезегінде «Даму» қоры арқылы өңірлік екінші деңгейлі банктерге отырғызылатын болады.
Бұл қаражаттар аталған қаржы институттары арқылы бағдарлама талаптарына сәйкес жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, кәсіпкерлерге 8000 айлық есептік көрсеткіш (19 240 000 теңгеге дейін) негізінде жылдық 6%-пен 5 жыл мерзімге дейін ұсынылады. Бұл ретте, жыл соңына дейін бөлінген қаражаттар аясында 500 микронесие беру жоспарлануда.
Бағдарлама шеңберінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды, кәсіпкерлерді сервистік қолдау бойынша 5080 млн теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Бөлінген қаражат аясында, еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып, кәсіптік және техникалық біліммен 4603 кадрды даярлау және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 1605 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда. Атап өту қажет, бағдарлама шеңберінде жалақыны субсидиялау, яғни, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу құралы қаралған. Бағдарламаның бұл құралы бойынша бөлінген қаражат аясында 419 адамның жалақысын субсидиялау жоспарлануда.
Сонымен бірге, бағдарлама шеңберінде жастар практикасынан 935 адам өтеді деп жоспарланса, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша жыл соңына дейін 1600 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспары бар. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру үшін облысқа 1 млрд 319 млн 238 мың теңге қаралған. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға – 1 млрд теңге, несиелерді кепілдендіруге 119 млн теңге бағытталды. Бағдарлама шеңберінде субсидиялар беру үшін бөлінген қаражаттың аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 13,08 млрд теңгені құрайтын тұрақты бизнестердің жобасын несиелендіру жоспарлануда. Бұл үшін бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізіліп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 180 млн теңгеге дейінгі жобаларын субсидиялауды Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауынсыз қарастыру құқығы берілді. Оған қоса, микробизнестерді қайтарымсыз қаражаттармен қаржыландыру үшін 200 млн теңге қаралды. Бұл ретте 3 млн теңгеге дейін кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін конкурстық іріктеу негізінде ұсынылатын болады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорциясы базасында кәсіпкерлікті қолдауға (бірлескен кәсіпорындар құру, фьючерстер) – 1435,9 млн теңге қаралды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 8797,1 млн теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, бұл Жол картасы аясында кәсіпкерлер үшін жыл көлемінде іске асырылатын іс-шаралар да қалыс қалған жоқ. Оның себебі, Жол картасымен бірге облысымызда кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылатын іс-шаралардың күнтізбелік жоспары әзірленген. Күнтізбелік жоспарға сәйкес биылғы жылы кәсіпкерлер үшін жалпы 35 іс-шараны өткізу қарастырылған. Мәселен, конкурстар, көрмелер, сондай-ақ, малшылар слеті және балықшылар слеті сияқты салалық қажеттіліктер бойынша жеке шаралар өткізілмек. Сонымен бірге, әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін «Іскер әйел» кәсіпкерлер форумы, «Жас кәсіпкерлер» облыстық форумы, облыстың өндіріс орындарында студенттер мен оқушылар үшін танымдық экскурсиялар өткізу қарастырылған. Кәсіпкерлік саласын цифрландыру аясында «OPEN KASIPKER» құрылып, ІІІ Халықаралық интернет форумы өткізілетін болады.
Ал, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер үшін «Өзіңе сене баста!» конкурсы өткізіледі. Облыс кәсіпкерлері үшін дәстүрге айналған жыл сайынғы іс-шаралар да өз жалғасын таппақ. Мәселен, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы, «Сауда үздігі» республикалық конкурсы және тағы басқа шаралар ұйымдастырылатын болады.
Міне, осындай жұмыстар, шағын және орта бизнес саласына көрсетілетін қолдау аймақта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді деген сенім зор.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |