« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тарихшылар мен өлкетанушылардың аймақтық форумы өтіп, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Елбасы тапсырмасына орай өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Астанадағы Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, республика бойынша киелі нысандарды анықтап, тізімін жасау қолға алынды. Бүгінде Қазақстанның 100 қасиетті орны мен кешенінің тізімі анықталған. Облыста да осы бағытта жұмыс тобы зерттеу жүргізіп, ғылыми-сараптамалық кеңеске 84 тарихи нысанды ұсынды. Сараптама нәтижесі бойынша 12 нысан жалпыұлттық, 35 нысан өңірлік маңызы бар кешен тобына енгізілді.
«Қасиетті Қазақстан және археология» залы еліміздің тарихи-мәдени мұрасында елеулі орын алатын нысандарды халыққа кеңінен таныстыру мақсатында ашылып отыр.
– Жаһанданған ғалам алдында өзіміздің ұлттық кодымызды сақтап, салт-дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа беру міндеті тұр. Ұлттық құндылықты сақтау алдымен әр адамның туған жерін танудан басталады. Елбасы өз сөзінде «исі Алашты құрметтеу алдымен туған өлкеңді танудан, оның адамдарын ардақтаудан басталады» деді. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарушы органдарға және осы салада жұмыс істейтін барлық мекемеге «Қасиетті Қазақстан» залын ашуды тапсырды. Соған сәйкес, аймақ басшысының қолдауымен музейдің археологиялық залы «Қасиетті Қазақстан және археология» залы болып жаңғыртылып отыр. Жаңа деректер, экспонаттар қойылып, мазмұндық сапасы артты. Сондай-ақ, республика аймақтары ішінде біздің облыс алғашқы болып «Өлкетану» пәнін пилоттық жоба ретінде бастады. Бұл тәжірибеміз өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынылды, − деді облыс әкімінің орынбасары.
Сыр өңірінің тарихи мұрасы сонау неолит дәуірінен басталады. Бұл залда бес мыңжылдық тарихтың белгісі, атап айтсақ, неолит, энеолит, қола, ерте темір дәуірі, орта ғасырлар жәдігерлері қойылған.
Қасиетті нысандар қалай іріктелді?
Ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан бойынша қасиетті нысандарды бес топқа жіктеген. Олар – ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар, діни және ғұрыптық орындар, тарихи тұлғаларға қатысты нысандар және саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар.
Кешендерді іріктеудің өзіндік талабы бар. Айталық, жалпыұлттық тарихи тұлғаға қатысты нысандарға тек Жанқожа батыр мен Бұқарбай батырдың кесенесі енгізілген. Себебі, белгі сол адамның сүйегі жатқан жерге қойылуы тиіс. Ұсыныс көп болғанмен, халық қадір тұтып, құрметтейтін орында сол тұлғаның өзі жерленгені дұрыс. Мысалы, үш жүздің пірі болған Мүсірәлі әулиенің кесенесі бұл талапқа сай келмегендіктен, тізімде жоқ.
Зерттеу орталығы нысандарға байланысты аңызға ерекше мән берген. Археологтар кешеннің өлшемін, көлемін айтқанымен, тарихы мен ол туралы аңыздарды біле бермейді. Ал жоба барысында жұмыс тобы кесенені халық не үшін қасиет тұтады деген сауалға жауап іздеген. Діни және ғұрып бағыты бойынша өңір зерттеушілері Қызылорда қаласындағы Айтбай мешіті мен Шиелідегі Тәжібай кесенесін де ұсыныпты. Бірақ бұл нысандар тізімге енбеген. Себебі, мешітті Айтбай қажы салдырғанмен, ол кісі кім болған, халық оны неге қастерлейді деген сұрақтың шешімі табылмаған. Тарихшылар бүгінде қажының ұрпақтарын іздеп, біраз дерек жинақтапты.
Қасиетті нысандар бойынша жақында энциклопедиялық кітап жарыққа шықты. Енді халық өз аймағындағы тарихи орындарды ғана емес, республика көлеміндегі маңызды кешендерді білетін болады. Ал облыс зерттеушілері аталған 47 нысаннан бөлек, жаңа деректер жинақтап тағы да 27 нысанды тізімдеген. Бұл жұмыстар – жобаның бірінші кезеңінің нәтижесі.
«Біздің тарих – ол да бір қалың тарих,
оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы...»
Бұл – Қадыр Мырзалиевтің КСРО заманында кеңестік жүйенің қас-қабағына қарап жазған туындысы. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов А.Тоқмағамбетов мәдениет үйінде өткен форумда осы турасында сөз қозғап: «Кеңес үкіметі тұсында тарихшылардың қазақ тарихын зерттеуге мүмкіндігі болмады. Тек әдебиетшілердің, айталық, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде», Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаңында» қазақ тарихы бейнеленді. Сондықтан алда өлкетанушылар мен әдебиетшілер бірлесіп атқаратын талай жұмыс күтіп тұр», − деді.
Расымен, облыста неолит заманынан бергі мың жарымнан аса ескерткіш бар. Оның 500-дейі мемлекеттік тізімге алыныпты, қалғандарының төлқұжаты жасалмаған. Ендігі жұмыстың бағыты да белгілі. Нысандарға барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Өткен жылы облыста тарихи орындар кең ауқымда зерттелді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Сұлутөбе, Жент қалашықтарына археологиялық зерттеу жүргізілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады. 2017 жылы тарихи-танымдық экспедицияда облыстың тарихи орындарына саяхат ұйымдастырылып, халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен фестивальдар өткізілді. Алдағы уақытта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жаңғырту, мәдени-географиялық белдеуін құру, еліміздің әрбір азаматына ұлттық бірегейлік бойынша сапалы білім беру, Қазақстанның мәдени-географиялық белдеуіне сүйене отырып, ішкі және сыртқы туризмді дамыту бойынша жұмыстар атқарылады, − деді Руслан Рүстемов.
Аймақтағы нысандар алты кезеңге бөлінген. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Асылхан Тәжекеев тарқатып айтты.
– Сыр елінің ескерткіштері қола дәуірінің, сақтардың киелі орындары, құмға көмілген, қалалар, Жетіасар, ортағасырлық қалалар сынды кезеңдерге бөлінеді. Сондай-ақ, Сыр бойының киелі жерлері экскурсияларының технологиялық картасы дайындалды. Мына бағыттар бойынша тарихи орындарды аралауға болады: Қызылорда – Қаратау, Қызылорда – Қызылқұм, Қызылорда – Жетіасар – Қорқыт ата, Қызылорда – Арал теңізінің бағыты. Әр бағыт бойынша карталар жасалған, − деді ол.
Тарихи орын және туризм
Өткен жылдан бастап тарихи-мәдени мұралар тереңірек зерттеліп, елге кеңінен таныстырыла бастады. Осындайда шет елдегі тарихи қала, ескерткіштерді турагенттіктер қалай жарнамалайтынын еске түсіріңізші. Олар тарихи нысандар арқылы ішкі туризмді дамыту мәселесіне ден қойған. Бізде қалай? Бұл туралы облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуов айтып берді.
– Қасиетті нысандар анықталды, енді инфрақұрылым мәселесін шешу қажет. Тарихи орындарға баратын жолдың, ол жердегі қонақ үй, тұрақжайлардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан алдағы уақытта туристерді тарту мақсатында жұмыстар істеледі. Жуырда Астана қаласында өлкетанушылардың жиыны өтіп, аймақтарда өлкетанушылардың бірлестігін құру туралы айтылды. Расымен, журналистерді, туристерді тарихи нысандарға апарғанда көптеген қиындық туындайды. Нысан табылғанмен, оның тарихын толық айтып беретін адам сирек. Кесене туралы толығырақ сұрасаң, тарихшылар бір-біріне сілтейді. Бұл өлкетанушылар арасында байланыс жоқтығын көрсетеді. Сондықтан бірлестік құрылса, мұндай мәселе азаяды, − деді ол.
Дегенмен, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жанынан жыл сайын онкүндіктер ұйымдастырылады. Өлкетанушылар әр облыстан жиналып далалық семинар өткізеді. Мұндай шаралар басқа аймақтардың тарихшыларымен әріптестік байланысты нығайтады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |