ҚАЗАЛЫДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛУДА

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығы қосылады. Бұл туралы Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында хабарлады. 

– Бүгінгі күні ауданда 5 жаңа қоныстану аймағы игерілу үстінде. Өткен жылы «Әйтеке би – Басықара» автожолы бойындағы 56 гектар аумақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй салу үшін 200 адамға жер телімі берілді. Биыл да жер учаскелеріне жол салу, электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жалғасады, – деді М.Ергешбаев.

Бүгінде ауданда тұрғын үйге мұқтаж 660 адам кезекте тұр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасымен 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталды.

Қазалы ауданы бойынша мал басында өсім бар. Мал басының басым бөлігі, яғни 66%-і жеке тұлғаларда, ­4,9%-і ауылшаруашылық кәсіпорындар да және 28,3%-і шаруа қожалықтарының үлесінде. Асыл тұқымды мал басын көбейту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді.

– «Құлан» бағдарламасы 3 есеге, «Сыбаға» бағ­дарламасы 61,8% орындалды. Өкінішке орай, «Алтын асық» бағдарламасы өте баяу жүргізілуде. Бұл бағытта шаруа қожалықтары құжаттарын тапсырып, қаржыландыруды күтіп отыр, – деді аудан әкімі.

Биыл аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйі мен аудандық мекемелер үйінің ғимараттары құрылысына ұсыныс берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Қазалы қаласындағы «Шағала» лагерінің құрылысы мен Өркендеу ауылынан дәрігерлік амбулатория салынбақ.

Айта кетейік, ауданда көп уақыттан бері шешімін таппаған жобалар жүзеге асып келеді. Өткен жылы «Әлсейіт» өткеліндегі көпір құрылысы басталды. Биыл құрылысты жалғастыруға республикалық және облыстық бюджеттен 700 млн теңге қаралып отыр. Бозкөл мен Тасарық ауылдарының аралығындағы «Нұрқожа» көпірі пайдалануға берілді. Енді Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарының аралығындағы «Аяған» көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 ақпан 2018 г. 1 273 0