АУЫЛ БЮДЖЕТІНЕ АРНАЛҒАН КУРС

Ауыл әкімдері үшін жыл жаңалығы, дербес бюджет дамып отыр. Яғни, тұрғындары 2000-нан асатын ауылдық округтер әкімдері бюджетті басқару үшін арнайы оқыту курстарынан өтіп, семинарларға қатысуда.

Тыңдаушыларды оқыту ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының базасында жүргізілуде. Былтыр 146 ауылдық округ әкімі осы орталықта жалпы оқыту курсынан өтті. Биыл жоспарлы оқыту семинарына 7 ауданнан 15 әкім қамтылды. Олар арнайы мамандардан қаржылық есеп-қисаптың қыр-сыры мен ұйымдастырушылық және құқықтық саладан интерактивті негізде сабақ алып жатыр.

– Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кадрлық құрамының сапасын арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдері, аппарат қызметкерлерінің бюджетті жоспарлау және  бюджет шығысы, салық төлеу, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша біліктілігін арттырудамыз. Оларға коммуналдық меншік және дербес бюджетті енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру және оқыту семинарларын жүргізіп отырмыз, – деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Жанар Бекжанова.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға, оқыту үдерісіне ауыл әкімдері алғыстарын білдіруде.

– Қармақшы ауданында 8 ауылдық округ төртінші деңгейлі бюджеттік бағдарлама әкімшісі болып жұмыс істейді. Екі апталық семинарда көптеген мағлұмат алып жатырмыз. Сұрақтар қойып, пікірлесіп, қажетті түсіндірмелер алдық. 2018 жылды облыс әкімі «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп белгіледі. Осыған орай, кәсіпкерлікті ширатып, жұмыссыздықты жою, өзін-өзі қамтығандарды қолдау, оларға мемлекеттік бағдарламалардың негізінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізу, құжаттық көмек көрсету сынды мәліметтерге қанықтық. Сабағымыз ұғынықты, айтылған тапсырмалар ойымызбен тоғысты. Дәріс жүргізуші лекторларға деген ризалығымыз шексіз, – дейді Қармақшы ауданы Жосалы ауылдық округінің әкімі Сәрсенкүл Есқалиева.

Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өңірлік орталығында сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер де жаппай құқықтық негізде оқытылуда. Жуырда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мемлекеттік қызметшілеріне арналған  семинар өтті.

Қызметкерлердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында өткізілген шарада профессор Баймырза Қожамберлиев Елбасының биылғы Жолдауын, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Болат Досымов «Еңбек» кодексін, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Алтынай Қуандық ҚР мемлекеттік сатып алу мәселелері жайында дәріс оқып, жан-жақты түсіндірмелер берді.

Семинар соңында мемлекеттік қызметшілер көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 ақпан 2018 г. 916 0