ДЕПУТАТ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

14 ақпан күні облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының төрағасы Қылышбай Бисенов азаматтарды жеке қабылдау кестесіне сәйкес қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін тыңдады.

Қызылорда қаласы Сарыарқа көшесі №19-үйдің тұрғыны Эльмира Қозыбаева КБИ шағын ауданындағы №6 емхана филиалының ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізу, Сарыарқа көшесін жарықтандыру және қалалық №7 қоғамдық көлікті Сарыарқа көшесі арқылы жүргізу мәселелерін жеткізді.

Ал Жаппасбай батыр көшесі №12 үйдің тұрғыны Алтынбайбек Мұстафа жаңа шағын ауданында ұрлықтың шектен тыс көбеюіне байланысты көпқабатты үйлердің ауласын жарықтандырып, камера орнату қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, Яссауи көшесінен КБИ шағын ауданына өтетін теміржол өткелі арқылы жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі ұсынылды. Себебі, теміржол өткелі арқылы өту қала тұрғындарына қиындық туғызады.

Сонымен бірге, КБИ шағын ауданында жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін спорттық ойын-сауық алаңдары мен демалыс орындары жетіспейді. Бұл мәселені Ақмаржан көшесі №13 үй тұрғыны С.Жұмабай жеткізді. Қала көлемінде қордаланған әлеуметтік мәселелерді тыңдаған облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының төрағасы Қылышбай Бисенов тұрғындардың өтініштері зерттеліп, аталған мәселелер жергілікті жауапты органдарға жеткізілетінін айтты.

Қабылдау барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ЭК-16-1 оқу тобы студентінің (2-топ мүгедегі) анасы Г.Рысмаханова баласының оқу ақысына 50 процент жеңілдік жасалып, отбасына №2 жатақханадан орын берілгені үшін алғысын білдірді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 ақпан 2018 г. 750 0