Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа туындысын оқырмандар арасында кеңінен насихаттау мақсатында кітаптың тұсаукесері болып өтті.
«Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп басталатын кітап 4 бөлімнен тұрады. «Осы төрт бөлімде Елбасы басынан аяғына дейін маржандай тізіп біздің үш рухани жаңғыруымызды көрсеткен» - деп, өз бағасын мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков берген болатын.
Қазақ және орыс тілдерінде басылған аталмыш тарихи публицистика еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.
Шараға кітапхана оқырмандары, зиялы қауым өкілдері қатысып, «Нұр Отан» Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Аңсатовалар жаңа туындының мазмұнына жоғары баға беріп, өз ойларымен бөлісті.
Кеш қонақтары Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, 66597 және 10216Д әскери бөлімдерінің қызметкерлері және Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұландар «Оңтүстік» 5547 бөлімшесінің сарбаздары, БАҚ қызметкерлері «Тәуелсіздік дәуірі – егеменді елдің шежіресі» атты кітап көрмесімен танысты.