ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН ЖАҢА МІНДЕТ

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын насихаттау жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттық топ кеше облыс активімен кездесті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Актив жиынында топ мүшесі, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов басты құжатта көрсетілген негізгі бағыттарға тоқталып өтті. Алға қойған міндеттерді орындау бағытында Үкімет қабылдаған шаралар жөнінде әңгімеледі. Әсіресе, төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асырудың маңызды бағыттарына, қоғам үшін қажеттілігіне баса назар аударды.
– Президент оныншы негізгі міндет ретінде «Smart city» немесе «Ақылды қала» жобасын қолға алып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы тарату және тәжірибе алмасу ісін бастауды тапсырды. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында өмір сапасын арттырудың локомотивтеріне айналмақ. Осы орайда, бүгінгі күні ел ордасы – Астана нағыз «ақылды қала» атануға лайық, – деді вице-министр.
Одан кейін Жолдаудан туындайтын міндеттерді түсіндіру мақсатында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Абайбек Жүнісов, облыстық жастар денсаулығы орталығының директоры Жанар Қалмақова сөз сөйледі. Олар өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мәселелерді қозғады.
– Жолдаудың жетінші басымдығы «Адам капиталы – жаңғыру негізі» деп аталды. Онда білім берудің жаңа сапасы, латын графикасына көшу, үштілді білім беру бағдарламасы және тағы басқа жайттар қамтылған. Осы бағытта біздің университет ұжымы да ауқымды жұмыс атқарып келеді, – деді Абайбек Жүнісов.
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді орындау елімізді жаңа биікке көтеретінін, ол үшін бүкіл ел болып жұмыла жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің сапары 24 ақпанға дейін жалғасады.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2018 г. 923 0