« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыс әкімі есепті баяндамадан кейін соңғы кездері әлеуметтік желілер мен телеарналарда қызу талқыланған тақырыптар бойынша бірнеше сауалдарға жауап берді.
– Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктердің жолақысы биыл өсе ме?
– Бірден айтайын, биыл жолақы көтерілмейді. Басқа аймақтар бұл мәселеге енді ғана кірісуде. Өйткені, нарықтың жағдайы осындай. Жыл басынан бастап барлық топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға тегін жол жүру қамтамасыз етіледі. Барлық жастағы зейнеткерлер үшін жолақыны төмендету мәселесі қарастырылуда. Мәселе шешіледі. Қаладағы қоғамдық көліктердің 65 процентінің тозығы жеткен. Бізді жолаушылар қауіпсіздігі ерекше алаңдатады. Мәселені жан-жақты зерттеп, «Қызылорда автобус паркін» құрдық.
– Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабатына қысымның әлсіздігінен ауызсу көтерілмейді. Кей шағын аудандарда кәріз жүйесінің жағымсыз исі бар. Бұл мәселе қалай шешілмек?
– Өздеріңізге белгілі, бүгінде ауызсу мен кәріз жүйелерінің тозығы жеткен. Орасан зор қаражатты қажет ететін бұл күрделі мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа ескі ауызсу жүйелерінің 70 процентін ауыстырдық. Биыл су ескі құбырларынан ажыратылып, жаңа жүйеге қосылады. Су қысымының мәселесі күзге дейін шешімін табады.
Қаладағы 60 кәріз-насостық станцияның 50-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Әуелі КНС-терді жаңартуға 400 млн теңге қаржы алдық. Тағы да осы шамада қаржы алсақ, жыл аяғына дейін кәріз жүйелерін жаңартуды қарқынды жүзеге асыра бастаймыз.
– Шалқия кентінің болашағы туралы не ойлайсыз?
– Шалқияның болашағына алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, ондағы бір ғана қорғасын-мырыш кеніші жобасына 570 млн АҚШ доллары инвестиция тартылуда. Қазір дайындық жұмыстары аяқталды. Кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Іске қосылғанда 1500 адам жұмысқа орналасады.
Сондай-ақ, Шалқияда салынатын гидрометаллургиялық зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
– Жұртшылық Қармақшы ауданының Қуаңдария, Алдашбай ахун, Шобан қазған елді мекендері халқына қызмет көрсететін Көмекбаев ауылындағы аурухананың жабылып қалғанына алаңдаулы. Осы мәселе қалай шешілмек?
– Үкіметтің аурухана болуы үшін елді мекен тұрғындарға қатысты нормативі бар. Ауылда аурухана болмағандықтан, елді мекендердің шалғайда орналасқанын ескере отырып, 10 төсектік аурухананы сақтап қалу мәселесін шештік. Оған қоса Ақтөбе мединститутының түлектерімен ауылға жұмысқа баруға келіссөздер жүргізілуде.
– Қызылорда қаласында 2012 жылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қаражаты есебінен салынған 120 жылыжай қараусыз қалды. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Бұл кезінде дұрыс жоспарланбаған. Лизинг арқылы алатын кәсіпкерлерді тарту мәселесі реттелмеген. Өткен жылдың сәуір айында жылыжайлар жеке кәсіпкерлерге, шаруашылықтарға лизинг арқылы табысталды. Қазір 24 жылыжай іске қосылып, 200 тоннадан астам көкөніс өсірді. Биыл қалғандары іске қосылады.
***
Мұнан кейін есепті кездесуде жиналған жұртшылықтың сауалдарына, ұсыныс-пікірлеріне кезек беріліп, нақты жауаптар берілді.
Гүлжамал Нұрманова, қала тұрғыны:
– Мен 2006 жылдан бері жер кезегінде тұрмын. Кезегімнің уақыты келген жоқ. Жезқазған трассасы бойынан былтыр жер учаскелері берілген болатын. Сол жерлерді сату туралы жарнамаларды көп көріп жүрміз. Біздерге сол аумақтан жер учаскесін беруге бола ма?
Облыс әкімі: – Сұрағыңа рахмет. Жер телімі неге берілмей жүр, инфрақұрылымының дайын болмауынан. Алдымен инфрақұрылымын дайындап алып жер телімін беру жөнінде Үкіметтен арнайы тапсырма берілген болатын. Сондықтан біз соңғы екі жылда 16,2 млрд теңге қаржы бөліп, осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Яғни, жарығын, суын тартып, жолын салып барып тұрғындарға берудеміз. 90 гектарға 6600 жер телімі берілді. Бірақ қызылордалықтардың қарқынына көңіл толмайды. 83 адам жерді алып құрылыс бастаған, қалғаны әлі игерілмей тұр. Ал берілген жерлер сатылмайды. Ол жерлер үш жылға берілген, егер сол уақытта үй салынбаса қайтадан мемлекетке қайтарылуы керек. Ал, сіздің сұрағыңызға келсек, Жезқазған трассасы бойынан қосымша тағы 150 гектар жер бөлініп отыр, 1300-дей жер телімі, инфрақұрылымына қаржы бөлінді. Биыл жер телімін беру 2006 жылғы кезектен басталады. Кезегіңізге қарай алатын боласыз.
Айнаш Жәкешова, қала тұрғыны:
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, мен тұрғын үй алғым келеді. Бірақ ол үшін бастапқы жарна талап етіледі. Ондай қаржыға мүмкіндігім жоқ. Қандай жағдайда баспаналы болуға болады?
Облыс әкімі: – Жаңа мен баяндамамда «Орда» деген арнайы бағдарлама жасадық деп айтып өттім. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» міндетті түрде бастапқы жарна салуды талап етеді. Оған бәрінің мүмкіндігі келмейді. Осыны ескере отырып, «Орда» бағдарламасын қабылдадық. Жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлеміз. Сөйтіп, кредиттік баспананы сатып алып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға сол пәтерлерді беретін боламыз. Жылына шамамен 400-500 пәтерді беріп отырамыз. Бастапқы жарна талап етілмейді. Сондықтан осы бағдарламаға қатысуға болады.
Асқар Маханбетов, Ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанындағы кәсіби кеңес төрағасы:
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, кеше ғана сіздің бастауыңызбен облыстық әкімдік, облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы филиалының саяси кеңесі және қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялау туралы шешім қабылданды. Бүгін ресми түрде халыққа жеткізіп отырсыз.
Облыс әкімі: – Асқар Аралбайұлы, біз халықтың жағдайы үшін тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз, салықтық базаны дамытуымыз керек. Өйткені оның артында бюджеттің мүддесі тұр. Бюджетте қаражат болса әлеуметтік мәселелерді оңай шешеміз. Кәсібі бар, қолында қаражаты, дүние-мүлкі бар, тіршілігі бар адам ешқашан қоғамдық кикілжіңге бара бермейді. Қоғамдағы тұрақтылық осы кәсіпкерлік арқылы шешіледі. Бізде 60 мыңдай жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бар. Соларды жұмысқа тартып, өз тағдырына өзі егелік жасауға ықпал етуіміз керек. Кәсіпкерлікті қолдауға жағдай жасауымыз қажет. Биыл 32 млрд теңге қаржыны кәсіпкерлікті қолдауға, әсіресе, стартап жобаларға, яғни, жаңадан кәсібін бастайтындар үшін бөліп отырмыз. Бұлардың ішінде қайтарымсыз қаржылар да қаралған. Сондықтан да осындай ауқымды жұмыстарға сіздердің көмектеріңіз, қолдауларыңыз керек.
Қазыбек Аяпов, Арал аудандық мәслихат депутаты:
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, Шымкент-Самара-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай тас жолының күрделі жөндеуіне қай жылы сметалық құжаттарына қаржы бөліп едіңіз, енді сол жұмыстың әрі қарай жалғасуына ықпал етсеңіз?
Облыс әкімі: – Арал ауданы Қызылорда облысы аудандарының ішіндегі жол жағынан деңгейі қанағаттанарлықсыз аудан. Жолдарыңыздың 62 проценті қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сондықтан тиісті көмек жасалады. Тоқабайға байланысты 670 млн теңге қаржы бөлінді. Ендігі жылы Тоқабайдан Абайға қарай жол салуға да қаржы қаралатын болады.
Кенжетай Алмағанбетов, Шиелі ауданы, Ақмая ауылының тұрғыны:
– Ауданда үлкен цемент зауыты соғылып жатыр. Оған қуаныштымыз. Алайда ептеп алаңдаушылығымыз да бар. Өйткені елімізде басқа да цемент зауыттары жұмыс істейді. Біздің цемент зауытының жұмыс қарқыны алдағы уақытта қалай болмақ?
Облыс әкімі: – Қазақстандағы жұмыс жасап тұрған цемент зауыттары құрылыс цементін шығарады. Ал, Шиелідегі зауыт тампонажды цемент шығарады. Бұл негізінен мұнай, газ, уран өндірісінде пайдаланылады. Біздегі мұнай мен уран зауыттары бұл өнімді сырттан алып отыр. Сондықтан алдағы уақытта зауыт өнімінің 70 процентін елімізге, 30 процентін сыртқа шығару ойымызда бар. Сондықтан зауыттың болашағына алаңдауға негіз жоқ.
***
Есепті кездесуді тікелей бейнебайланыс арқылы тамашалаған барлық аудан және Байқоңыр қаласынан сауалдар жолданды. Облыс әкімі әрбір сауалға тұшымды жауап берді.
Бақытжамал Жүгінісова, «Арал әйелдер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Арал дегенде ең бірінші біздің санамызда Арал теңізінің экологиялық жағдайы оралады. Бәрімізге белгілі, Елбасымыздың қолдауымен дер кезінде шешім қабылдап, Кіші Арал теңізін сақтап қалдық. Дегенмен, Үлкен Арал теңізінің ұлтанынан ұшқан шаң-тозаңы халқымыздың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Осы ретте Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
Жауап: – Аралға байланысты Елбасы Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері ерекше көңіл бөліп келеді. Алда «Аралдың достары» деген үлкен халықаралық шара өтеді. Аралдың құрғаған ұлтаны 6 млн гектар. Жыл сайын облыстық бюджеттен 10 мың гектар жерге сексеуіл егудеміз. Оған Корея елі де атсалысып жатыр. Сонымен бірге жақында өтетін халықаралық симпозиумда Астанада тіркелген барлық халықаралық ұйымдар мен елшіліктерге осы Аралдың мәселесін айтып, олардың біздің Аралдың экологиясын, халықтың денсаулығын шешуге, әлеуметтік жобаларға қатысуға тиісті ұсыныстар жасау үшін кездесу ұйымдастырып отырмыз. Жалпы, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.
Ботабай Ырыстықұлов, Қазалы ауданының тұрғыны:
– Қырымбек Елеуұлы, есебіңізді үлкен ықыласпен тыңдадық. Қазір жастар арасында радикалды топтар қатары артуда. Олар намазға жығылса, қорқынышпен қарайтын болдық. Олар заңсыз әрекеттерге де баруда. Осы бағытта жүйелі жұмыс жасап, тосқауыл керек секілді. Осыған байланысты пікіріңізді білдірсеңіз?
Жауап: – Сұрағыңыз өте орынды. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Дін ұстай алсаң – қасиет, ұстай алмасаң – қасірет» деп бекер айтпаған. Өте орынды. Сондықтан біз қасиетті дінімізге көлеңке түсірмей, өзіміздің ата-бабамыз салған жолмен жүруіміз керек. Олар ұлы дала дәстүріміз бен дінімізді ұштастыра білген. Біз Қ.А.Яссауи бабамызды неге сонша дәріптейміз? Халқымыздың рухани бірлігі өте маңызды мәселе. Бұл жайға Елбасы да үлкен алаңдаушылық танытып, арнайы министрлік те құрылды. Біз зайырлы мемлекетпіз. Дінге ешқандай қатысымыз жоқ деуге болмайды. Бұл ортақ мәселе болғандықтан бәріміз атсалысуымыз керек. Сондықтан жақын арада Елбасының тапсырмасына сәйкес діни қызмет және діни бірлестік туралы заң қабылданады. Сонда жат ағымдармен күресті күшейтуге басымдық беріледі. Бұған баршамыз білек сыбана кірісетін боламыз. Біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпауымыз керек. Ата-бабамыз салған сара жолдан жаңылмай жүруіміз қажет.
Ақжанат Нақыпова, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тұрғыны:
– Менің балам 7-сыныпта оқиды. Оқу үлгерімі өте жақсы. Математика пәнін жақсы меңгеріп келеді. Қазіргі таңда сол пәннен түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Алдағы уақытта баламның осы бағытта терең білім алғанын қалаймын. Алматы және Астана қаласында математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаты бар екенін білеміз. Бірақ ата-ана кішкентай балаларын алысқа жібергісі келмейді. Осы орайда, Қызылорда қаласында математика-физика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаты ашылса дейміз. Осы мәселе шешімін таба ма?
Жауап: – Бұл мәселе шешімін тапты. Алматыдағы Жәутіков атындағы республикалық математика-физика мектебі секілді сол жағалаудан 400 орындық, оның ішінде 300 орын интернаттық ауылдық балаларға арналған математика-физика пәнін оқытатын мектеп салынатын болады. Бірақ, бұл жай мектеп болмайды. Оның деңгейі жоғары болады. Осы мектептен білім алып шыққан балалар 100 процент жоғары оқу орнына түсе алатындай болуы қажет. Сондықтан бұл мәселе шешімін тауып отыр.
Жұпарбай Бақбергенов, Жалағаш ауданының тұрғыны:
– 2017 жылдың қаңтар айында жүрегім қатты ауырып, облыстық медицина орталығына жеткізілдім. Сонда маған қызмет көрсеткен аудандық, облыстық дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Ауруханадан шығатын кезде маған бір жыл көлемінде қайта коронографиялық тексеруден өтуім керек болды. Осы ретте аудандық емханада портал дайындадым. Содан кезегім 2018 жылдың наурыз айында екенін айтты. Сізден сұрарым, неге халық осындай аса қажетті тексеруді айлап күтуі керек?
Жауап: – Бізде жүрек-қан тамырлары аурулары алаңдатады. Осы орайда мынадай шешім қабылдадық. Облыстық медицина орталығында бір ғана ангиограф бар. Ол бүкіл облысқа жұмыс істеп отыр. Демек, мүмкіндігі аз, жетіспейді. Сондықтан жақында Қазалыдан салынған аудандық ауруханаға бір ангиограф, ОМО-ға тағы бір ангиограф сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сонда ОМО бүкіл оңтүстік аудандар мен Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтитын болады. Ал, Арал, Қармақшы, Байқоңырды Қазалыдағы аппарат қамтамасыз етеді. Бір ангиографтың бағасы 670 млн теңге. Бұл аппарат осы жылдың қыркүйек айында алынатын болады. Енді бұл мәселе шешіледі.
Бердібек Қадыров, Сырдария ауданы, «Шаған -Жер» ЖШС директоры:
– Біз, қызылордалықтар, негізгі күрішімізбен мақтанамыз. Күріш – біздің байлығымыз. Осы орайда биылғы жылы күріш егуге гектарлық субсидия төленеді ме?
Жауап: – Өзіңіз білесіз, Елбасы тиімсіз субсидия төлеуді қою керек деп тапсырған болатын. Сондықтан күріші сапалы, жоғары деңгейде өсірген шаруашылықтарды қолдау және ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жасадық. Алдағы уақытта күрішке байланысты қолдау жұмыстары іске асатын болады. Субсидияға ізденген, еңбекқор жандар қол жеткізеді. Сіздің жасаған еңбегіңіз көпке үлгі. Үнемі ізденіп, шаруаңызды дөңгелентіп келесіз. Мұндай жандарға қолдау әрқашан дайын.
Бауыржан Көпеев, Шиелі ауданы, «Төңкеріс және К» шаруа қожалығының төрағасы:
– Биылғы жылы су жағдайы қалай болмақ? Сонымен қатар егістік жайын да айтып өтсеңіз...
Жауап: – Шиелі ауданында 600 млн текше метр су қоймасы салынады. «Күміскеткен» су қоймасының жобасы биыл жүзеге асатын болады. Оған республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп отыр. 2018-2019 жылдарға арналған жоспарда Қызылорда облысының суармалы жерлерін қалпына келтіруге 122 млрд теңге қаржы қаралу жоспарланды. Мұның игілігін көреміз деп ойлаймын.
Тұрсынбек Қалымбетов, Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылының тұрғыны:
– Сығанақ қаласын тарихи-өлкетану орталығына айналдыруға мүмкіндік бар ма?
Жауап: – Қызылорда облысына іссапармен келген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Сығанақ қаласында болып, қолдау керектігін баса айтты. Нәтижесінде бұл қаланың басында атқарылатын жұмыстарға республикалық бюджеттен 138 млн теңге бөлінеді. Сондықтан Сығанақты үлкен рухани орталыққа айналдыратын жоба іске асатын болады.
Жиеней Алдажаров, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– Соңғы жылдары Байқоңыр қаласының дамуында жақсы өзгерістер болып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өзіңіздің бастамаңызбен жалғасып жатқан игі істеріңізді бәріміз жақсы білеміз. Алдағы уақытта Байқоңыр қаласына қатысты қандай жоспарлар бар?
Жауап:–Байқоңыр қаласының даму бағдарламасы қабылданды. Біз қаладағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы Қазақстан Үкіметінің есебінен жасалатын болды. Солай келістік. Қалаға табиғи газ беріліп, 5 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге Төретам мен Ақайдың ауызсу бағасында мәселе бар. Оны шешу үшін Байқожадан су тартамыз деп отырмыз. Сонда судың бағасы арзандайды. Халықтың денсаулығына байланысты ОМО-ның филиалын аштық. Медициналық көмек көрсететін емхана жұмысын бастады. Айта кетерлігі, 15 мың гектар жерді жалдан шығарып, кәсіпкерлерге беруді қолға алдық. Кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашады. Қаланың дамуы үшін алда атқарылатын жұмыстар мен ауқымды жобалар көп.
Облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуіне орай, Қызылорда қаласы мен аудандардан және барлық елді мекендерден халықтың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтайтын арнайы жәшіктер орналастырылды. Мұнан бөлек, 400-100 телефон нөмірі бойынша немесе www.400-100.kz сайты арқылы да сауалдар жолдауға мүмкіндік жасалды. Аталған онлайн режимдегі байланыс орталықтары арқылы аймақ тұрғындарынан бүгінге дейін толассыз ұсыныстар мен пікірлер түсті. Сол мезетке дейін келіп түскен сауалдардың ішінде тұрғын үйге қатысты – 34, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша – 28, коммуналдық мәселелерге орай – 67, білім, денсаулық және мәдениет салаларына қатысты – 86, кәсіпкерлік бойынша – 14, жер мәселесіне қатысты 17 сауал жолданған. Басқа да мәселелер бойынша 17 сауал қойылған. Аталған ақпараттық ресурстарға барлығы 315 сұрақ келіп түскен. Жолданған сауалдардың бірқатарын «QYZYLORDA» телеарнасының тілшісі Алтынай Молжанова жеткізді. Қойылған сұрақтарға аймақ басшысы жауап берді.
Есенгелді Бекенов, Қызылорда қаласы, «Сабалақ» саяжайының тұрғыны:
– Саяжайда 7000-ға жуық адам тұрады. Мұнда бірнеше жылдан бері ауыз су, жол, қоғамдық көлік, электр желісі өзекті мәселеге айналып отыр. Азаматтар көмек беріп жатқанымен, мәселелер түбегейлі шешілмей тұр. Саяжайға елді мекен статусы қашан беріледі?
Жауап: – Аталған елді мекеннің статусы саяжай болғандықтан, бюджет заңдылықтарында бірқатар шектеулер бар. Қала әкіміне арнайы тапсырма беріліп, жұмыс тобы құрылды. Саяжайдың жобасын жасауға қаржы бөлінді. Құжат бекітілгеннен кейін тиісті инженерлік инфрақұрылымдар тартылады. Бұған дейін электр желілері тартылды, қоғамдық көлік мәселесі шешілді, медпункт жұмысы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жұмыстар өз кезегімен атқарылатын болады.
Жомарт Сағымбаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Жуырда «Қызылорда-Мәскеу» әуе жолының ашылатынына қуанып жатырмыз. Алайда, әуежайдағы жолаушылар терминалының құрылысы неге кідіріп тұр?
Жауап: – Әуежай кез келген қаланың қақпасы саналады. 2013 жылы әуежайды коммуналдық меншікке алдық. Кейін халықаралық әуежай статусына ие болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Қазақстан темір жолымен» келісіп, олар 70 процентін, біз 30 процентін қаржыландырып, терминал салуға кіріскен едік. Бірақ «ҚТЖ» жағдайына қатысты құрылыс тоқтады. Бұл мәселеге байланысты конкурс өткізіліп, түрік компаниясы алдағы сәуір айында терминал құрылысына кірісетін болды.
Ал, «Мәскеу-Қызылорда» рейсі туралы айтсам, егер облыстық мәслихат депутаттары қолдаса, Мәскеуде оқитын студент жастарға көмек жасағымыз келеді.
Талғат Тілес, «Жас Отан» жастар қанатының қалалық бөлімшесінің жетекшісі:
– Осыдан біршама уақыт бұрын қала көшелеріндегі билбордтан Клаус Швабтың «Төртінші өндірістік революция» кітабының суретін көріп, қызығушылығым оянды. Кітапты оқып шықтым. Біраз құнды әрі тың дүниелер жазылған екен. Қырымбек Елеуұлы, жылына қанша кітап оқисыз? Жастарға қандай кітап оқуға кеңес бересіз?
Жауап: – Күнделікті кітап оқып отырмасаң, жетістікке жету мүмкін емес. Жастар тұрақты оқуға, ізденуге күш салу керек. Бұрын диплом бізді өмір бойы арқалайды деп ойлаушы едік. Бірақ, қазіргі заманда кешегі білгенің бүгін ескіріп қалып жатыр. Дүние жүзіндегі ақпараттық база 1618 жылда бір рет ауысқан екен. Мамандардың пікіріне қарағанда, қазір айналасы екі аптада жаңарып отыр. Осындай заманда тұрақты түрде оқуға машықтану керек.
Клаус Шваб – Давостағы экономикалық форумның ұйымдастырушысы. Оның кітабын оқыған адам болашақ өмірдің, жаңа ғаламның көкжиегін көреді. Кітап – өмірдің ұстазы. Бүгінгідей сандық технологияның мүмкіндігін жастар кеңінен пайдалануды мақсат тұту қажет. Сондықтан жас өрендер ізденіп, оқысаңыздар, белгілі нәтижеге жетсеңіздер, біз сіздерді қолдайтын боламыз.
Гүлжазира Жалғасова,
Айнұр Батталова,
Сара Адайбаева.
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген: Бағдат Есжанов,
Нұрболат Нұржаубай.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |