Қызылордада биылғы жыл кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің нәтижесінде Қызылорда облысында кәсіпкерлікке бет бұрғандардың үлесі 22-ден 26%-ға өсті. Ал, тұрақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 5,2%-ға артты. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жарты жылда 16 мыңнан астам адамды кәсіпкерлікке тартуға қол жеткіздік. Алайда, бұл - мүлдем біз көздеген нәтиже емес. Біздің мақсатымыз - жалпы өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 45-50%-ға дейін жеткізу және осы бағытта жұмыс істеудеміз»,- деп атап өтті аймақ басшысы.

 Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясының филиалы және Қоғамдық кеңес 2018 жылды облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялау туралы бірлескен шешім қабылдады. Өңірде «Жол картасы» кешенді бағдарламасы әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы барлық қаржы көздері есебінен 32 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Халықпен кездесу кезінде аймақ басшысы облыста инвесторлармен бірлескіп экспортқа бейімделген 10 ірі өндірістік жоба жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Мәселен, түрік инвесторлардың атсалысуымен керамикалық плита және гранит шығаратын зауыт салынбақ.

«Жазға қарай, Түркиялық «Yıldızlar SSS Holding» компаниялар тобымен бірлесіп, жылына 27 млн. шаршы метрге дейін керамикалық плита және гранит шығаратын зауыт құрылысын жүргізетін боламыз. Биыл жобаның бірінші кезеңінің құрылысы басталады, қуаты - 9 млн. шаршы метр. Осы жылдың көктемінде Арал қаласында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысына кірісеміз. Бұл - республика бойынша, толығымен шет елдерден жеткізілетін кальцийлендірілген соданың 75%-ын отандық өніммен қамтамасыз ететін алғашқы заманауи зауыт болмақ»,-деді аймақ басшысы.

Мұнан өзге ол ресми мәліметтер бойынша, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтты. «Осы уақытқа дейін ресми мәліметтер бойынша, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңге инвестиция тартылған. Яғни, соңғы 5 жылда осы салаға құйылған инвестиция көлемі 23 есеге артты. Бұл біздің ауылшаруашылығы өнімін өндірушілеріміздің қаржылық мүмкіндіктерін, олардың дамығандығын көрсетеді. Нәтижесінде, бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өндірісінің өсіміне қол жеткізіп отырмыз. 2017 жылы бұл көрсеткіш 4,1 пайызға артып отыр», - деді өңір басшысы.

Кездесуде аймақ басшысы Сырдарияның сол жағалауында алғашқы мөлтек аудан пайдалануға берілетінін жеткізді. «Соңғы 5 жылда әлеуметтік саланың 200 нысаны пайдалануға берілді, бұл денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандары. Біз 2013 жылдың басына дейін күрмеуі шешілмеген проблема саналған миллиардтаған қаржының құрылысын, 34 әлеуметтік нысанды салып бітірдік», - деп мәлімдеді аймақ басшысы.

Сонымен қатар аймақта үш ауысымды білім беру мәселесі мерзімінен бұрын орындалды, апатты мектептер проблемасы шешілді. Жуырда жерасты суының көтерілуіне байланысты № 34 мектеп те апатты деп танылды. Әкімдік жаңа мектеп ғимаратының құрылысын жыл соңына дейін салуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда, аймақта 5 жыл ішінде 45 мектеп, оның 37-сі апатты нысандардың орнына салынды. «Мұнан бөлек алдағы 2 жылда тағы 8 нысанның құрылысы жүреді»,-деді әкім кездесуде. Сондай-ақ деді ол: «2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы апатты нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде апаттық нысандар проблемасы шешіліп жатыр. 5 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты объектілердің орнына бой көтеріп, жаңаланды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді.

Биыл Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана ашылады. Келер жылы Шиелідегі аудандық аурухананың құрылысын тәмамдаймыз. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып бітіреміз»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

 Өңір жетістіктеріне кеңінен тоқталған әкім өз есебін былайша жалғады: «Биыл Жалағаш кентіндегі апатты жағдайдағы 100 орындық аурухананың жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін құрылысын бастап кетуге күш саламыз. Денсаулық сақтау саласындағы тағы 24 жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырамыз, яғни 15 дәрігерлік амбулатория, 3 емхананың жобалық құжаттарын дайындап, құрылысына кірісеміз. Медициналық қондырғы алу мақсатында 6 жобаны іске асырамыз», - деді облыс әкімі. Жалпы өткен жылы атқарылған істердің көлемі өте ауқымды болды. Кездесуде көпшілік өңір басшысының жыл бойы атқарған істеріне оң баға берді.  




НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 ақпан 2018 г. 1 093 0