Биылғы жылы сырбойылық шаруалар Иран еліне экспортталатын күріштің көлемін арттырмақ. Әсіресе, бұл бағыттағы жұмысқа Қармақшы ауданының күрішшілері білек сыбана кіріскелі тұр.
Алдағы маусымда бұл өңірде 800 гектар аумаққа күріштің ирандық «Таром Хошими» сорты егілмек. Жалпы, Қармақшы ауданында жергілікті халық ала жаздай күріш егіп, атыз басында қона жүріп еңбек етеді. Диқандардың еңбектері еш кетіп жатқан жоқ. Өткен жылы әр гектардан 59,5 центнерден өнім жинап, облыс бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізді.
– Ауданымыздағы «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 120 тонна күріш ақтайтын цехын іске қосып, өз өнімдерін өңдеуді бастады. Сонымен қатар, осы серіктестік өткен жылы 70 гектар жерге «Таром Хошими» сортын егіп, жақсы өнім жинады. Бұл әрине, ең бірінші кезекте экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жасалған жұмыс болатын. Биыл біз аталмыш сортты егетін аумақты 10 есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, нарықта астықтың бұл түріне сұраныс өте жоғары. Бағасы да көңілге қонымды болғандықтан, ауданымыздағы өзге де шаруа қожалықтары осы күрішті отырғызуды көздеп отыр, – деді Қармақшы ауданының әкімі Сұлтанбек Мақашов.
"Қазақпарат"