Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өткен жылдың аяғында жастар арасында өткен «HackDay-2017» идеялар фестиваліне қатысушылармен кездесті.
Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова ІТ саласындағы стартап жобасы жетекшілерін таныстырып өтті.
Аймақ басшысы мен жастардың кездесуінде 13 жоба ұсынылды. Мұндағы телефон арқылы демалыс орындарын анықтау, мобильді қосымшалар көмегімен қайырымдылық істерімен айналысу, туризмді дамыту, әуе, теміржол және автобустардың жүру кестесі мен билет бағасы жайлы білу, «Ақылды аялдама» 3-D визуалды жобасы, кириллицадан латынға ауысу онлайн жүйесі өміршең бастамалар. Сонымен бірге жастар газ анализаторын ойлап тапқан. Үйден газ иісі шықса, ұялы телефонға хабар түсіп, нәтижесінде қауіптің алдын алуға болады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға таптырмас құрылғы смарт-палата жобасы бар. Онда смартфонға қондырылған басқару жүйесі арқылы науқастың ауруын нақтылай алады. Емін белгілеп, ескертуді ұмытпайды. Мәселен, «Мұрагер» мектебінің оқушысы Евгений Демиденко «Біздің елде киноматография саласы енді дамып келеді. Ал, шетелдік «Дисней» секілді компаниялар өнімдері жоғары деңгейде. Бірақ мен осы мәселені түзегім келеді. 3D-4D анимациялық технологиялар көмегімен жаңа идеяларды жүзеге асырсам деймін. Жақында Оңтүстік Кореяда өткен байқауда төртінші орын алдым. Бұл әлемдік деңгейде жоғары көрсеткіш деп есептеймін. Алда жоспарлар көп. Оны іске асыру үшін тынбай еңбек етемін», – деді жас талант.
Аймақта алғаш рет өткен «HackDay-2017» идеялар фестиваліне қатысушылар қатары көп болды. Мұнда 24 сағат ішінде қатысушылар жаңа идеялармен бөлісті. Жалпы, «HackDay» идеялар фестиваліне 488 жас қатысты. Жастар ақпараттық технологиялар, кино және видео, контент және медиа секция бойынша сайысқа түсті.
Жиында аймақ басшысы ІТ технологияны игеремін деген жасқа қолдау жасалатындығын жеткізді. Осы бағыт бойынша қызылордалық студенттер Мәскеу және Санкт-Петербург қаласының жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Барлық ұтымды жобаларға маңызды мәселелерге, цифрлы технологияны дамытуға және қолдауға мүмкіндіктер қарастырылады.
Сара АДАЙБАЕВА.
«Сыр бойы».