Кеше Қызылордада облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы филиалының саяси кеңесі және облыстық қоғамдық кеңестің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жыл бойғы жұмысты саралап, алдағы міндеттерді айқындады.
Жиынның бұл жолғы форматы бөлек. Облыс әкімі осыған дейін жетекші партия филиалының саяси кеңесі мен облыстық қоғамдық кеңес алдында есеп беріп келгені белгілі. Биыл қатарға облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат қосылып, шеңбері кеңейді. Төртжақты отырыста аймақ басшысы былтырғы ғана емес, облыста 5 жыл ішінде атқарылған істерді шолып өтті. Жоспарланған жұмыстарды сараптап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп талқылауды ұсынды.
– Бес жыл бұрын Мемлекет басшысы ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындаған Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялаған болатын. Осы стратегияға сүйене отырып, біз Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі дамуының басым бағыттарын айқындадық. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде жыл сайын облыс әкімінің іс-қимыл жоспары бекітіледі. Аймақтағы барлық мемлекеттік орган соның негізінде жұмыс істейді, – деді облыс әкімі.
Елбасы жүктеген индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру міндетін Сыр елі 2013 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Мұнай мен уран өндіру көлемінің кемуіне байланысты бір ғана көрсеткіштен басқасында оң динамика орнады. 8 мемлекеттік, 5 үкіметтік бағдарлама толығымен орындалды. Бес жылдағы белсенді тірліктің арқасында аймақ экономикасы мұнай мен уран бағасына тәуелсіз өмір сүре алатынын дәлелдеді.
Осы уақыт аралығында облыста 50-ден астам өнеркәсіп ошағы бой көтерсе, соның 16-сы – орта және ірі кәсіпорындар. Биыл шыны, тампонажды цемент, үш окись молибден өндірісі іске қосылады. Одан бөлек, жаңа технологияға негізделген, экспортқа бағытталған бірқатар зауыт құрылысын бас¬тау жоспарланып отыр.
Әлеуметтік сала – әрдайым басты назарда. Республиканың басқа өңірлеріне қарағанда біздің облыста білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларын дамытуға көп қаржы бөлінеді. Соңғы 5 жылда 200-ден астам әлеуметтік нысан іске қосылды.
Жұмыссыздық мәселесін шешудің, салық базасын кеңейтудің, қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың басты кілті – шағын және орта бизнесті дамыту екенін Президент үнемі айтып келеді. Осы орайда есепті кезеңде кәсіпкерлікпен қамтылғандар үлесі 22%-тен 26%-ке, ал жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы жылы 5,2%-ке көтерілді.
– Болашағымыз аталған саламен тығыз байланысты екенін жақсы түсінеміз. Оның үстіне, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған 60 мыңға жуық адамды рәсімдеу міндетіміз тағы бар. Соңғы жарты жылдың өзінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 16 мыңнан астам адамды есепке алдық. Біз бұл нәтижелермен тоқтап қалмаймыз. Біздің мақсат – шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік өнімдегі үлесін 14%-тен 45-50%-ке жеткізу. Бұл бағытта табанды әрі нәтижелі жұмыс істеуге міндеттіміз. Сондықтан 2018 жылды облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялауды ұсынамын, – деді аймақ басшысы.
Жиында білім беру, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы салаларындағы жетістіктер, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының орындалуы жөнінде айтылды. Былтыр апатты жағдайдағы үй, мектеп, аурухана ұғымы атымен жойылды. Ендігі кезек осындай күйдегі 20 пәтердің мәселесін шешуге келді. Жалағаш ауданының Шәменов ауылындағы №34 мектепті жерасты суының көтерілуіне байланысты бастан-аяқ жөндеу, Жалағаш кентінде аудандық аурухана салу қажеттілігі де туып тұр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарының орталықтары жыл соңына дейін газға қосылатынын жеткізді.
Биылғы Жолдаудағы Елбасы тапсырмаларын іске асыру мақсатында сырбойылық делегация жуырда Татарстанның Иннополис, Қытайдың Шеньчжен қалаларында болып қайтқан еді. Цифрлық технологиялар жөнінен әлдеқайда алға озған көрші мемлекеттерден үлгі алатын тұстар көп-ақ. – Заманауи технологиялар бүгінде елдерді табиғи байлықтарымен емес, басқару сапасымен бәсекелесуге әкеп тірегені айқын. Сондықтан көштен қалмас үшін өзгерістерге уақытылы әрекет ететіндей басқару үлгісін қайта құру маңызды, – деген аймақ басшысы осы орайда, әсіресе, Мәскеу мен Санкт-Петербургте оқып жүрген Сыр жастарына зор сенім артатынын атап өтті.
Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаладан бой көтеретін Жастар орталығын негізінен IT орталық ретінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл Ресейде білім алған жас инженерлердің өңірде орнығып қалуына мүмкіндік береді.
Әкім есебін мұқият тыңдаған кеңес мүшелері пікір білдіріп, жұмысына баға берді. Облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Наурызбай Байқадамов өткен жылы өңір басшысының қолдауымен депутаттық корпус ұсыныстарының тең жартысына жуығы өзектілігі мен кезектілігіне сәйкес шешілгенін тілге тиек етті.
– Облыстық бюджетке 6 рет өзгерістер мен толықтыру енгізілді. Нақтылаулар нәтижесінде 2017 жылға арналған облыстық бюджет 108%-ке өсті. Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен санамызды серпілтіп, абыройымызды асқақтатар 266 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, – деді облыстық мәслихат хатшысы.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, қоғамдық кеңес мүшесі Нұрмұрат Ерманов мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шараларына, «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, қоғамдық кеңес мүшесі Әлима Әбдіхалықова білім беру жүйесіндегі оң өзгерістерге тоқталып, аймақ басшысының еңбегін ерекше атап өтті.
Одан кейін қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов кеңестің өткен жылғы жұмысын саралады. Айтуынша, жыл ішінде қоғамдық кеңестің 6 отырысы өткізіліп, онда 10 мәселе қаралды, 71 нормативтік-құқықтық актіге қатысты ұсыныс беріліп, 91 хат тіркеуге алынып, сол бойынша жұмыс атқарылды.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің есебі негізінде қарар қабылданды. Кеңес мүшелері облыс әкімінің 2017 жылғы қызметіне бірауыздан оң баға беріп, 2018 жылға арналған іс-қимыл жоспарын мақұлдады.
Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2018 жылды облыс бойынша Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялау туралы облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким баяндама жасады. Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар әлі де жандандыруды қажет етеді. Аталған мәселеге байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов та аз-кем тоқталып өтті. Баяндамашының сөзіне қарағанда, соңғы уақытта халықтың бизнес негіздерін үйренуге деген құлшынысы артқан.
– Бүгінде палата жанындағы «Бизнес-кеңесші» курсына азаматтар жыл бұрын жазылып қоюды бастады. Мәселен, өткен жылы аталған курс аясында оқығандар саны межеден екі есе асып түсіп, 1555-ке жетті. Биыл да 800 азаматты «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында оқытуды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, қазірдің өзінде курсқа 1121 адам жазылып үлгерді, – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Жиын қорытындысында кеңес мүшелерінің мақұлдауымен 2018 жыл облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» ретінде жарияланды. Демек, тұрғындар қолда бар мүмкіндікті орнымен пайдалануға ұмтылуы тиіс. Қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов осы ретте кеңес мүшелерін аймақ басшысының бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».