Кәсіптік білім: еңбек нарығына екпінді қадам

 Сыр өңірі түлектері соңғы бес жылда орташа білім көрсеткіші бойынша республика көлемінде алғашқы бестіктің қатарына енді. Оның бір көрінісі, өткен жылы мектеп бітірген түлектердің 97 проценті жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймағымызда қоғам талабына сай кәсіби мамандар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Атап айтар болсақ, 2016-2017 оқу жылында 30 техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде  еңбек нарығына қажетті 97 мамандық бойынша 167 біліктілікпен 22480 студент білім алды. Нәтижесінде,  бітіруші 6505 студенттің 68 процентке жуығы, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен бітірген 4417 студенттің 3212-сі жұмысқа орналасты.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы жүзеге асырыла бастады. Біле білсек, бұл бүгінгі сұранысқа сай шағын кәсіптерге, техникалық мамандықтарға бейімі бар жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл мақсатқа мемлекеттік тапсырыс бойынша республикалық бюджеттен 1515 және жергілікті бюджеттен 3088 орын бөлініп отыр. Жобаны іске асыру барысында өңірімізге қажетті жұмысшы мамандар даярланып, өндіріске араласатын болады. Сол секілді дуальды оқыту технологиясына негізделген кәсіптік білім беру саласында 23 колледжде 78 мамандық бойынша 1926 студент білім алуда. Ал 2017-2018 оқу жылынан бастап, 25 техникалық және кәсіптік білім оқу орнында 48 мамандық бойынша модульдік білім беру бағдарламалары эксперимент ретінде енгізіліп отыр.

Жаңа буын қоғамға етене араласып кетуі үшін еңбек етуі қажет. Бұл орайда кәсіптік білім беретін оқу орындарының да бүгінгі заман талабына сай барынша бәсекеге қабілетті болуы шарт. Олай болса, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, «Абылай хан» колледжі, «Болашақ» медициналық колледжі сияқты техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының халықаралық институционалды және мамандандырылған аккредитациядан өткені – талап деңгейіне сай табанды еңбектің жемісі болса керек. Сонымен қатар, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық, Қазалы көлік-техникалық, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледждері техникалық және кәсіптік білім беретін  жоғары колледж статусын иеленді.

М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде 13 мамандық, 24 біліктілікпен жалпы 2083 студент білім алуда. Білім беру бағдарламасының жаңаша талаптарына сәйкес 2015 жылы  колледжде «Білім-инновация» халықаралық қорының қолдауымен мектептерде математика, физика, информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдер даярлау бастамасы қолға алынған еді. Бүгінгі таңда бағдарламаға сай 161 студент оқиды.

Аймағымызда аграрлық саланың орны айрықша. Бұл тұрғыда  И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің салаға қажетті сапалы мамандар даярлауда өзіндік қалыптасқан тәжірибесі бар. Бүгінгі таңда колледждің күндізгі және сырттай бөлімдерінде 2044 студент, оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 114, жергілікті бюджет есебінен – 1116, ал келісім-шарт негізінде 814 студент оқиды. Жалпы колледжде 37 мамандық бойынша білім алуға мемлекеттік лицензия берілген болса, қазіргі таңда 26 мамандық бойынша орта буынды мамандар даярлануда. Оқу орнында дәріс беретін оқытушылардың 60 проценті жоғары және 1-ші санатты педагогтар. Сондай-ақ, колледж 2013 жылдан бері дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмыс жасап келеді. Білікті мамандар даярлауда материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында аталған колледж 2016 жылдан бастап Қазақ Ұлттық аграрлық университетімен ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында бірқатар байыпты шаралар атқарып келеді. Оның бір көрінісі – оқу-ғылыми-өндірістік орталығы.

– Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық бағдарламасының 77-қа­дамында «Экономиканың 6 негізгі саласы үшін алдыңғы қатардағы 10 колледжде біліктілігі жоғары мамандар даярлау, одан әрі еліміздің басқа да білім беру орындарында тәжірибені тарату» міндеттелген болатын. Осыған сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Кәсіпқор Холдингі» КЕ АҚ бірігіп, біліктілігі жоғары мамандарды «Нақты даярлауды» қамтамасыз ету мақсатында  10 базалық колледжді анықтаған болатын. Соның бірі – И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі. Еңбек нарығының қатаң талаптарына сәйкес, жастардың жұмысшы мамандығынан бастап жоғары білімді маманға дейінгі кәсіби білім алу траекториясын тиімді айқындай алуы үшін кәсіптік білім беру деңгейлерінің арасындағы, яғни техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің арасындағы сабақтастық пен бірізділікті ғылыми-әдістемелік негізде қалыптастыратын интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыру қажет. Осы бағытта бұған дейін орта кәсіптік мамандар даярлап келген колледж, бүгінгі таңда жұмысшы мамандар даярлаумен бірге, қолданбалы бака­лавриат оқу бағдарламасын әзірлеп, 3 деңгейлі білім беру жүйесінде маман даярлау бастамасын енгізуде,-дейді колледж директоры С.Тәуіпбаев.

Кәсіби білім беретін оқу орындарының арасында «Абылай хан» колледжінің де өзіндік орны бар. Еңбек нарығындағы түрлі салалар бойынша туындаған мамандарға қажеттілікті өтеу барысында аталған колледж бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп үлгерді. Айталық, Қазақстан Республикасы «Білім беруді дамы­тудың 2016-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру көр­сеткіші бойынша еліміздің ең үздік көпсалалы колледждердің 2017 жылғы рейтингісі қоры­тындысымен «Абылай хан» колледжі 2-орынды иеленді. Қазіргі таңда оқу орнында 13 мамандық бойынша 1000-ға жуық маман даярлануда.

Осы колледжде оқып, «Төтенше жағ­дайда қорғау», «Мұнай және газ орын­дарын пайдалану», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша арнайы білім алған бірқатар жастар бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан.

Мамандар даярлаудағы еселі еңбектің нәтижелі болуы үшін бүгінге дейін техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының 240 инженер-педагогі мен 11 директоры және 14 арнаулы пән мұғалімдері республика аумағында және шетелдерде біліктілік арттыру курстарынан өтті. Сол секілді техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары үшін дәстүрге айналған «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты облыстық еңбек форумы ұйымдастырылып, оның аясында өндірістің қайсыбір саласында болмасын, жұмысшы мамандығына деген сұраныстың жоғары екендігі тарқатылған ойдың түйіні болды.

Айтып өткеніміз жөн, аймақ басшысының тікелей қолдауымен, өңірде еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселесі жүйелі жолға қойылған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 ақпан 2018 г. 762 0