« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жан-жақты көрсетіліп отырған мемлекет қолдаулары бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамып, оның қоғамдағы өз үлесін алуына бірден-бір мүмкіндік тудырып отыр.
Елбасы биылғы Жолдауында «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» деп осы салаға басымдық берді. Былтыр елімізде басталған «Бастау Бизнес» жобасы Қызылорда облысында пилоттық режимде – Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткен болатын. Жыл көлемінде 937 ауыл азаматы оқытылып, 358 жеке жоба қаржыландырылды. «Бизнес Бастау» аймақ азаматтарын жаппай кәсіпкерлікке тартуға, жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Өңірімізде осы жоба аясында несие алып, кәсібін дөңгеленіп отырғандар қатары жетерлік.
Жақында ғана облыс әкімі жанындағы Кәсіпкерлер кеңесі мен Палата жанындағы Өңірлік кеңес мүшелерінің бірлескен отырысында аталған жобаға биыл Жалағаш, Сырдария аудандарының тұрғындары да қатыса алатындығы айтылды. Жалпы, жыл аяғына дейін 1600 қызылордалық азамат оқытылып, 320 азаматтың жобасы қаржыландырылмақ.
Осы жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аймағымыздағы басым бағытардың бірі екендігін, сондықтан Палата рөлін күшейтуге қолдау көрсетіле беретіндігін айтып өтті.
«2017 жылдың кәсіпкерлік саласындағы үздік жобасы ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясындағы «Бастау Бизнес» жобасын айтуға болады. Жоба біздің азаматтарымызды жаппай кәсіпкерлікке тартуға айтарлықтай сеп болды. Ерекшелігі – кәсіпке икемі бар азаматтарды тест арқылы іріктеп алып, 1 ай оқыттық, содан кейін бизнес-тренерлерімен бірге бизнес-жоспарлары әзірленді. Дайын жобаларды жергілікті және облыстық комиссия алдында қорғап, сертификаттарын алады. Әрі қарай бұл жобалар қаржыландыру үшін қаржы институттарына жолданады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жобаларды қаржы институттары – «Қызылорда» инвестициялық орталығы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы қаржыландырды», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Облыстық кәсіпкерлер Палатасы кәсіпкерлерді қолдаумен бірге олардың құқығын қорғау бойынша да жұмыстар жүргізіп отыр.
Өткен жылдан бері Палатаға бизнесті қорғау бойынша кәсіпкерлерден 600-ден аса өтініш түскен. Жалпы сақталып қалған қаржы 398 млн теңгеден астам. 200-ден астам кәсіпкердің құқығы соттарда қорғалып, мәселе осының 85%-інде кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.
Биылдан бастап пилоттық режимде кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне арналған аукцион шарасы Палата алаңында ұйымдастырыла бастады.
Адами капиталды дамытуға қатысты да Палата тарапынан жасалынып отырған игі жұмыстар бар.
Жол картасына облыстағы 17 колледж тартылып, кәсіпорындармен 27 мамандық бойынша экономиканың 9 саласына бағытталған 769 студентті қамтитын дуальды оқытудың 157 келісім-шарттары жасалған.
Сонымен қатар, Палата «Атамекен» ҰКП-ның оқу орталықтар реестріне енген оқу орталықтарында, жұмысшы мамандықтарға қысқамерзімді оқытуды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бойынша 953 жұмыссыз азамат білім алып, 116 кісі жұмыспен қамтылған.
Биылғы оқу жылында Палатаның бастамасымен «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» аталатын оқыту пәні облыстың 35 мектебінің оқу процесіне енгізілді.
Қызылордада 2014 жылдан бері пилоттық режимде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні № 9 мектеп-гимназиясында өткізіліп келеді. 5-10 сыныптарда өткізілетін жоба осы жылдар аралығында өміршеңдігін, тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде аталмыш білім беру ұйымында «Атамекен» мектеп компаниясы құрылып, 2017 жылы Токио қаласында ұйымдастырылған «JA Asia Pacific Company» халықаралық компаниясына қатысқан жалғыз қазақстандық команда қызылордалықтар болды.
Палата тарапынан атқарылып отырған осындай жақсы істерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік турасында да айтуға болады.
Нақтырақ айтсақ, аймағымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын 59 жоба іске асырылуда. Аталған жобалардың басым көпшілігі денсаулық сақтау, спорт, білім беру және жолаушылар тасымалы салаларында жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік сатып алулар бойынша да іске асқан жұмыстар баршылық.
Кәсіпкерлер палатасы құрамына 157-ден астам кәсіпорын кіретін жергілікті тауарөндірушілер тізілімін жасады. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілетін комиссияда үнемі қаралып отырған тауарларды сату, мемлекеттік сатып алу порталында шамамен 70-тен астам жаңа кәсіпкерлерге консультациялар мен практикалық көмек көрсетілген.
«Сауда үздігі - 2017» республикалық байқауында қызылордалық кәсіпкерлер бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаз атанды. Атап айтқанда: «Үздік бөлшек сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша «Браунис Қазақстан» ЖШС, «Үздік демалыс аймағы» номинациясы бойынша «Нұр-назар» ЖШС-ның «Арай» спорттық-сауықтыру кешені, «Үздік көтерме сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша «Абзал және К» ТС 1-ші орындарды еншіледі.
«Жылдың үздік басшысы» номинациясының гран-приі «Абзал және К» ТС директоры Мұрат Сәрсенбаевқа берілді.
Жерлестеріміздің байқау қорытындысындағы осы жетістігіне орай, үстіміздегі жылы «Сауда үздігі» республикалық байқауы Қызылорда облысында өтетін болды. Байқау өткізу тамыз айына жоспарланып отыр.
Биылғы жыл ауыл шаруашылығы саласын кәсіпке айналдырып отырған іскер азаматтар үшін де жағымды жаңалықпен басталды.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 7 ұсынысы ескеріліп, Ауыл шаруашылық министрлігінің екі субсидиялау ережесіне және Ұлттық экономика министрлігінің бір ережесіне өзгерістер енгізілген.
Бұл не өзгерістер және кәсіпкерлерге қандай тиімділігі бар?
Мамандардың айтуынша, біріншіден, бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы саласын субсидиялау қағидасына сәйкес өңірлердің климаттық ерекшеліктері ескерілмей, жалпы талап қойылып келген. Яғни, қағидада 1000 бастан басталатын нақты бордақылау алаңдарында желден қорғаныс құрылғысы мен жылытқышы бар астаулар қою міндеттелген. Бірақ бұл талаптар оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлер үшін артық шығын және негізсіз еді. Биыл Палатаның ұсынысы негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан оңтүстік өңірлер үшін қойылған талаптар алынып тасталды. Екіншіден, бұған дейін күріш егумен айналысатын шаруашылықтар үшін инвестициялық субсидияның жерге нормативтік талаптары жоғары болатын. Күріш жинауға арналған комбайндарды шаруалар сатып алған жағдайда, бір бірлік техникаға норматив бойынша жер көлемі сәйкес келу қажет.
Бүгінде Палата ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 27 қаңтардағы № 30 бұйрығымен инвестициялық субсидия Ережесінде бекітілген бірқатар ауылшаруашылық техникаларына қойылған нормативтерді төмендетуге қол жеткізді. Атап айтқанда: қуаттылығы 200 ат күшінен төмен күріш жинау комбайндарына жер учаске нормативі 350 гектардан 200 гектарға төмендетілді. Қуаттылығы 200 ат күшінен жоғары күріш жинау комбайндарына жер учаске нормативі 500 гектардан 300 гектарға төмендетілді, т.б. Яғни, осы өзгерістерден кейін жоғарыда аталған техникаларға субсидия алу қолжетімдірек болды деген сөз.
ҚР Ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 6 ұсынысы ескеріліп, Ауыл шаруашылық министрлігінің екі субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерден кейін сала бойынша субсидия алу қолжетімдірек болды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев биылғы жылды өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялап, мұндай өзекті мақсаттарға ерекше қолдау көрсетуді көздеп отыр.
Жалпы мемлекеттік органдар тарапынан өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты көзқарас оң, жеткілікті қолдау бар.
Кәсіпкерлер палатасының 2017 жылы жалпы құны 2 млрд 427 млн теңгені құрайтын жобаның іске асуына қол ұшын соза білуі де осындай қолдаудың болғанын байқатады.
Былтыр Кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлер 2187 тегін қызмет алған болса, бір жылда 7327 азаматқа кәсіп ашу және өзге де кәсіпкерлік саласына қатысты 15143 кеңес берілген. Айта кету керек, 2017 жылы Палата кеңесшілері жалпы құны 2 млрд 427 млн теңгені құрайтын 372 жобаны сүйемелдеген. Бүгінде «Бизнес кеңесші» оқу курсы аса зор сұранысқа ие болып отыр. Өткен жылы жоспар бойынша 804 адамның оқытылуы керек болса, сұраныстың көптігінен 1555 қызылордалық курс аясында біліктілігін көтерген.
Тұрғындардың «Кәсібімді бастау үшін белгілі бір қаражат қажет екені анық. Қандай мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйей аламын? Қаржыны қанша процентпен алуға болады?» деген сұрақтарға жиі жүгінетіні бар.
Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға ерекше мән беріліп жатыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасын бөле-жара айтуға болады.
Бұл бағдарламаның тиімділігі біріншіден, берілетін үстеме сыйақысы, яғни, процентінің төмендігі. Екіншіден, бұл бағдарламаға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері қатыса алады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш беруі қажет. Сыйақы мөлшері – 6 процент, 18 млн теңгеге дейін несие беріледі. Несиені қайтару мерзімі – 60 ай. Несиеңізді ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет төлейтін етіп алуыңызға болады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға шектеу қойылмаған, бұл бағдарламаға жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Ерекшелігі – несие екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Үстеме сыйақы – 14-19 процент. Оның қала тұрғындары үшін 7 процентін, ауыл тұрғындары үшін 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Қала тұрғыны болсаңыз, несиені 12 процент үстемақымен, ауыл тұрғыны болсаңыз, 7 процент төлейтін боласыз.
Екі бағдарламада да міндетті түрде кепіл мүлік қажет етіледі. Егер бастауыш кәсіпкер болсаңыз, 15 процент кепіл мүлкіңіз болуы керек. Қалғанына мемлекет кепіл болады, яғни «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» АҚ, ал нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша «ҚазАгроГарант» АҚ кепіл болады». Бұл – Палата мамандарының кеңесі.
Десе дегендей, қазіргі таңда кәсіпті нәсіп етемін деген адамға жұмыс жетеді. Нарықтың осы заңдылығын игерген жанның бірі – Жадыра Құлмырзаева. Ол жастайынан тігін өнерінің қыр-сырына қанығып, ісмерлікті ине-жіпке тізді. Икемді қыз кейінірек дизайнер мамандығын игерді. Алғашында шағын тігін цехын ашып, кәсіп бастаған бойжеткен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша шағын несиелеу жүргізілетінін естіп, кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінеді. Палата кеңесшілері Жадыраға қаржы институтынан несие алуға қажетті құжаттарды әзірлеп береді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы «Қолдау» бағдарламасы аясында
1 млн 600 мың теңге несие алған жас кәсіпкер бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын тігін шеберханасында мектеп формасы, арнайы жұмыс киімдері, салтанатты шараларға арналған көйлектер тапсырыспен тігіледі. Ісмерлерден үйрену үшін бұл жерге колледж студенттері де келіп, іс-тәжірибеден өтеді. Қазіргі уақытта тігін цехы кент халқының сұранысын қанағаттандырып отыр. Сондықтан, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге мол мүмкіндік бар.
Табысты еңбек көзін тапқан тағы бір жерлесіміз – Баймұрат батыр ауылының тұрғыны Ерлан Жұмабаев. Ол да осы күнгі жетістіктеріне кәсіпкерлік палатасының көмегі арқылы келгенін айтады. Өз кәсібін осыдан 4 жыл бұрын бастаған Ерлан несие алуға қол жеткізіп, осы қаражатына азын-аулақ ірі қара алып, мал шаруашылығымен айналысады. Кәсібі өрлеп, алған несиесін төлеп болған соң, тағы да палата көмегіне жүгініп, бизнесін дамыту үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн теңге несие алады. Ол қазір еңбегін емген жандардың біріне айналды.
Әрине, алған қарызды қайтару керек. Бірақ, «қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды», еңбеккер адам қарыздан қорықпайды. Кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы үйін кепілге қойып алған қарызын 6,5 жылда 6 процентпен қайтарады. Бұл – шаруа бастаймын деген адам үшін тиімді тәсіл.
Мұндай мысалдарды тізімдей берсек, айтар сөздің ауқымы да кеңи түседі. Біздің негізгі айтпағымыз, шағын және орта кәсіпкерліктің ата- қоныс аймағымыздағы тыныс-тіршілігі, кескін-келбеті. Осы бағытта облыстық Кәсіпкерлік палатасының, сөз жоқ, бел ауыртқан, білек талдырған жұмыстары баршылық. Біз олардың бірқатарын деректер арқылы сөйлеттік.
Сыр елінің орта және шағын кәсіпкерлік көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатардан көрінуінің түп негізі осындай күш-жігер мен бірлікті тірліктің өзегінде жатыр.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |