Белсенді әрі жұмыла жұмыс жасалуы қажет

    Кеше Астанада, «Үкімет үйінде», Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. 

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері, Астана мен Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері, Қазақстан Президентіне тікелей есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырысты ашқан Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дамыту барысында өткен жылы қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Басқосу барысында Премьер-Ми­нистр Б.Сағынтаев, Қаржы ми­­нист­рі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Пре­мьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының бас­қарма төрағасы А.Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов және Қызылорда облы­сының әкімі Қ.Көшербаев баяндама жасады.

Елбасы орындалған міндет­тер­дің нәтижелеріне тоқталып, баян­­дамашылардың назарын банк секторындағы проблемаларға, сон­дай-ақ, цифрландыру бағдар­ламасының мақсаттарын түсіндіру, бюджет қаражатына бақылауды күшейту, бақылайтын мемлекеттік органдардың тарапынан шағын және орта бизнесті тексеру жұмыстарын қысқарту мәселелеріне аударды.

Мемлекет басшысы жасалған баяндамалардан кейін сыртқы тұрақсыз факторлар жағдайында Үкімет, Ұлттық банк және өңір әкімдерінің елімізді дамыту жөнін­дегі орнықты көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы жұмыстарына оң баға берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұған дейін қабылданған бағдарламалық құжаттарды іске асырудың және оларға бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиім­ділігін арттыру қажет екенін айтты.

– Әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін бел­сенді жұмыс  істеу керек. Қа­жет­ті барлық бағдарламалық құжаттар қабылданып, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Институ­ционалдық реформалар жүзеге асырылуда. Біз еліміздің Үшінші жаңғыруын жариялап, экономикамызды цифрландыруға кірістік. Даму үрдісін жеделдету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Индустрияландыру

Мемлекет басшысы индустрияландыру жылдары еліміздегі өңдеу секторының дамығанын атап өтіп, оның экономикадағы үлесін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, Елбасы өндіріске озық технологияларды енгізіп, кәсіпорындардың экспортқа бағыт­талу мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне тоқталды.

– Мемлекеттік қолдау ең алдымен, озық технологияларды ен­гізе­тіндер мен экспорттық өнім өндіретіндерге көрсетілуі қажет. Өңдеу өнеркәсібінің озық өсімін қамтамасыз ету үшін неғұрлым бел­сенді шаралар қабылдау керек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін зерттеуді тапсырып, жаңа экономикалық аймақтар құ­руға уақытша тыйым салды.

Отырыс барысында мұнай-газ секторындағы өңдеу және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын трансформациялау мә­селелері талқыланды.

– Мұнай мен газ өңдеу маңызды бағыт болып саналады. Оның үстіне елді жанармаймен қамту мәселесі жиі көтеріледі. Тіпті, 3 зауытты жаңартқанның өзінде Қазақстандағы жанар-жағармай тап­шылығын 3-4 жылға ғана тоқтата аламыз. Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде маған 2009 жылы баяндалған болатын. Содан бері жобаның құны 6-дан 9 миллиард долларға дейін өсті. Аяқтау мерзімі 2016 жылдан 2024 жылға шегерілді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының нақтыланған стратегиясы мен транс­формациялау бағдарламасы бойынша Қорды басқару жөніндегі мәселені Кеңестің күн тәртібіне қоюды тапсырды.

 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасы

Мемлекет басшысы автомобиль жолдарының құрылысына бөлінетін қаржының тиімді әрі жариялы түрде пайдаланылуын бақылау қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті бірінші кезекке жатпайтын республикалық жолдарға бөлінген қаржыны өңір­аралық және ауданаралық жол құры­лыстарына қайта бағыттаудың маңыздылығына назар аударды.

 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы

Нұрсұлтан Назарбаев өңір­дегі тұрғын үй құрылысының нәтижелеріне тоқталып, мемлекеттік бағдарламаның одан әрі жүзеге асырылу механизмдерін қайта қарау керектігін атап өтті.

– Соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысына 550 миллиард теңге бөлінді. Мұның бәрі әкімдер айналысып жатқан құрылысты тікелей қар­жыландыруға жұмсалды. Дағдарыс жылдарында бұл қа­дам ақталды. Енді нарықтық меха­низмдерді пайдалануға көшу керек. Құрылысты банк­тер қаржыландырып, ал Үкімет, Ұлттық банк және әкімдер тұрғын үй құнының арзандауы үшін жағдай жасауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

 

«100 нақты қадам» Ұлт ­жоспарын іске асыру

Қазақстан Президенті Үкіметке импорт бойынша электрондық декларациялауды енгізу және тексеруші бақылау-қадағалау орган­дарының санын қысқарту мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев электр энергиясы құнын төмендету мақсатымен «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу және өңірлік электр жүйелері компанияларын ірілендіру барысына тоқталды.

Мемлекет басшысы Премьер-Министрге өңдеу саласына трансұлттық компанияларды тарту жөніндегі жұмыстарды бақы­лауға алуды тапсырып, «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» компа­нияларының маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Отырыс барысында агро­өнеркәсіп секторындағы жобаларды іске асыруға инвесторларды тарту мәселесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөнінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайына тоқталып, олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдар­ламасына қатысу мәселесін атап өтті.

– Денсаулық сақтау саласындағы реформаны тежеп отырған тағы бір жайт цифрландыру мәселесіне байланысты. Осы күнге дейін электронды денсаулық паспорты жасалмай отыр, дәрігерлер құжаттаманы қағаз жүзінде жүргізіп келеді. Жергілікті жерлерде медицина мекемелері компьютерлермен толық жабдықталмаған, интернет қолжетімді емес. Бұл – әкімдердің жауапкершілігіндегі мәселе, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қоғамдық сананы жаңғырту

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлер­дегі кейбір басшылардың бұл бағдарламаны іске асыруға салғырт қарап, оған жүйелі әрі тыңғылықты кіріспей отырғанын атап өтті.

– Белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін өзінің бар мүмкіндігін пайдаланбай отырған өңірлер бар. Қоғамдық сананы жаңғырту бір жылмен шектелмейді. Бұл жүйелілікті, үнемі жаңа тәсіл іздеуді талап ететін ұзақмерзімді жұмыс, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, жиында қазақ тілінің латын қарпіне көшу мәселесі де талқыланды.

 

Заң үстемдігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен күрес

Мемлекет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға қылмыстық процестегі асыра қудалаушылықты бәсеңдетіп, оны ізгілендіру бағытын жалғастыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдау басты міндет болуға тиіс екенін айтты. 

– Соңғы 2 жылдың ішінде ғана сыбайлас жемқорлық үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылды. Солардың арасында ­министрлер де, түрлі деңгейдегі әкімдер де, ­ведомство басшылары да бар. Атап айтқанда, бұрынғы ұлттық экономика министріне, «Қазақавтожол» кәсіпорнының бас директорына қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдау басты міндет болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың барлық басымдықтарын іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оларды орындау үшін әрбір басшыға жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

– Жолдауда төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайында атқарылуға тиіс 10 нақты міндет белгіледім. Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, әкімдер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ұлттық холдингтер тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Бүгін мен ескерілуге тиіс тағы бірқатар мәселені айқындадым. Жүргізіліп жатқан конституциялық реформа мен күрделі геосаяси ахуал жағдайында барлығымыз белсенді әрі жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Елбасы сондай-ақ, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы жиын барысында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылау және тарифтерді реттеу мәселесін назарда ұстау қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстарда жылыту маусымын іркіліссіз жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, көктемдегі су тасқыны қаупінің алдын алу және оны болдырмау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы еріген қардың суын тоғандарға жинап, оларды ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

– Халық саны екі мыңнан асатын ауылдық елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізілетін болады. Бұл – бюджеттің төртінші деңгейі. Жергілікті жерлерге салықтың 7 түрін жинау мүмкіндігі берілді, сондай-ақ, қаражат шығысы 19 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Алдын ала жасалған талдау бойынша, ауылдық округтердің 11 проценті ғана өздерін қамтамасыз етіп, өз кірісі есебінен шығындарын жаба алады. Сондықтан Үкімет облыстар басшыларымен бірлесе отырып, осы мәселені де бақылауға алуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті елімізді дамыту жобалары мен бағдарламаларының маңызды сипатқа ие болып отырғанын халыққа кеңінен түсіндіру және бұл іске «Нұр Отан» партиясын тарту қажеттігін атап өтті.

Басқосу барысында Астана қаласының, Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері өңірлердегі ахуал туралы баяндады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2018 г. 895 0