Биыл «Нұр Отан» партиясына 15 жыл. Осыған орай дүйсенбі күні жетекші партияның өңірлік филиалында саяси ұйымның жиыны болып өтті. Оған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, нұротандықтарды мерекемен құттықтады.
«Құрметті әріптестер! Бүгін біз тарихи мерекеде кездесіп отырмыз. Елбасы Н.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы бүгінде қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, түрлі стратегиялық жобалардың бастаушысы, өзіндік бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған ұйым. Жалпылама айтар болсақ, сасқанға – сая, асқанға тосқан болып, ұлысқа адал, ұрпаққа ұстаз болып, елдің иесі, ердің киесі болып отырған үлкен саяси күш. Қазіргі сәтте өңірімізде партияның 40 мыңға жуық мүшесі бар. Барлығы да тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өздерінің үлесін қосып келе жатқан азаматтар. Сондықтан барша нұротандықтарды айтулы мерекемен құттықтаймын»,-деген аймақ басшысы өңір дамуының жеткен жетістіктеріне де тоқталып, партия алдындағы негізгі мақсаттары мен Елбасы Жолдауының маңыздылығын, оны жүзеге асырудағы партия мүшелерінің еңбектерін сөз етті.
Мұнан соң партияның жаңа мүшелерін қабылдау рәсімі болды. Сондай-ақ, 15 жыл ішінде партияның әрі елдің іргелі дамуына сүбелі үлестерін қосқан бірқатар азаматтарды аймақ басшысы Қ.Көшербаев «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» грамотасымен және алғыс хатпен марапаттады. Осындай игі шараның өтуіне ұйытқы болып, партияның мүшелеріне көрсетілген құрмет үшін ардагер, бүгінгі «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісінің иесі Ыдырыс Қалиев шара барысында ел ағаларына деген ризашылығын білдірді.
«Алғаш партия құрылғанда барлығымызда іштей күмән болды. Себебі, ел мүддесін қорғауда қаншалықты ауыр жүкті көтере алады деген ой басым еді. Бірақ, қазір бұл қауіп толығымен сейілді. Өйткені, Елбасы жетекшілік еткен ұйым алға қойған мақсат-міндеттерін өз дәрежесінде орындап, халықтың үлкен сеніміне ие болуда. Осы орайда, облыстағы партияның үлкен мүшесі ретінде облыс әкіміне алғысым шексіз. Өңіріміз қарқынды дамып, алдыңғы қатарға ене берсін, жаңадан мүшелікке енгендер ел үмітін ақтай біліңіздер дегім келеді»,-деді ардагер.
Осылайша, шара соңында үлкен мерекенің қатысушылары өз ой-пікірлерін ортаға салып, бір-біріне деген құттықтауларын жеткізді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.