
Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың бірінші қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланды.
Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг болып өтті. Оған ҚР Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Бауыржан Бекешев пен Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева қатысты. Брифингте кейінгі жылдардағы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы туралы айтылды.
Мемлекеттік органдар өткен жылы 182 126 тексеру жүргізді, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз. Тексерулердің қысқаруына қарамастан, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріндегі олардың шоғырлануы байқалады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы тексерулердегі үлесі 92 пайызды құрайды. Ғалия Жолдыбаеваның айтуынша, әкімшілік іс жүргізу барысында мемлекеттік органдардың мемлекеттік бақылаудың жазалау тәжірибесін қолданатыны байқалады. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілік жазалаудың жалпы санындағы айыппұл үлесі 98 пайызды құрады, бұл мемлекеттік органдардың ескертуді әкімшілік жазалау шаралары ретінде қолдануды қаламайтынын білдіреді. Айыппұлдың негізгі үлесі жоспардан тыс тексерулер барысында салынған.
Бизнесті енгізу шараларын жетілдіруде қабылданып жатқан шаралар туралы Бауыржан Бекешев мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік жуырда Парламентке «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң жобасын енгізетін болады. Аталған Заң кәсіпкерлерге ауыртпашылық түсіретін жаңадан енгізілетін негізсіз рұқсаттарға тосқауыл қоятын болады. Сонымен қатар, Заңды қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдар өз бетінше жаңа рұқсаттарды енгізе алмайды. Ал, қыркүйектің біріне дейін ҚР Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері жөнінде Заң жобасы әзірленетін болады. Аталған заң жобасының шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерін жоспарлы тексеруді алып тастауды ескере отырып, тексерулерді тәуекелдерді бағалау негізінде ұйымдастыруға көшу жүзеге асырылатын болады. Бұл қолданыстағы тәуекелдерді бағалау жүйесін жоюды және мүлде жаңа тәсілді әзірлеуді білдіреді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.