АРАЛДА ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Арал ауданында осы жылы аймақтың экспорттық әлеуетін арттыра түсетін мегажоба басталады. Жылына 300 тонна өнім өндіріп, 700 адамды жұмыспен қамтитын «Кальцилендірілген сода өндіру» жобасы бұл өнімге деген импорттық тәуелділікті екі есеге азайтады. Бұл – табиғи кен байлығын игерудегі ұтымды бастама. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев қатысқан брифингте 2017 жылы атқарылған жұмыстар баяндалып, тың жаңалықтармен таныстық.

Ауданға өткен жылы 10,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі елдімекендерге, негізінен өнеркәсіп, әлеуметтік салаларға бағытталған. Өнеркәсіп орындарының жыл көлемінде өндірген өнімдеріне тоқталған Мұхтар Әуесұлы:

- Аудан бойынша 541,0 мың тонна тұз қазылып, 206,4 мың тонна йодталған тұз, 2,9 мың тонна балық, 163 тонна ет, 644 тонна нан және нан өнімдері, 135,4 мың текше метр кварц топырағы өндірілді,-дейді.
Өткен жылдың басты жаңалығы – 45 жылдан бері өзгертілмеген Арал қаласының шекарасы 6813 гектарға ұлғайған. Болашақта төрт жаңа мөлтек аудан ашылады. Аралдағы басты мәселенің бірі – балықшылардың қауіпсіздігі еді. Күн райы құбылып, асау толқын буырқанса ауыл тұрғындары теңізге аттанған балықшылардан хабар ала алмайтын. Енді Бөген, Қарашалаң, Қаратерең елді мекендері ұялы байланыспен қамтылып, тиімді технологияға қол жеткізді. Халықтың жұмыспен қамтылуы – маңызды мәселе. Бұл бағытта да ауданда нәтижелі жұмыс бар. Ресми жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызға тұрақтап, жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызға төмендеген. Ауданда білім саласы бойынша бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілген.
- Көктем, Үкілісай, Ерімбетжаға, Аққұлақ, Ескіұра, Құланды елдімекендерінде балабақшасы бар 50 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілсе, Арал қаласындағы №14 мектептің қосымша ғимаратының құрылысы осы жылы аяқталады,-дейді Мұхтар Оразбайұлы.
Ел асыға күткен, көптен бері шешімін таппаған орталық ауруханаға 2017 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Ғимарат Арал қаласынан бой көтеріп, биылғы жылы аурухананы халық игілігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ, гемодиализ дертіне шалдыққан науқастар дауа іздеп көрші аймақтарға баратын. Өткен жылы медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында «BBNURA» гемодиализ орталығы ашылды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 500-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылса, мұнан бөлек «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша Аралдан шыққан белгілі азаматтар аймақтың дамуына үлес қосып, өңірге 95 млн теңге инвестиция тартылған.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2018 г. 641 0