СУ ДЕҢГЕЙІ ТҮСЕ БАСТАДЫ

Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылының егістік жеріне су жайылған. Су басқан аймақта мал-жанға келер қауіп жоқ. Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов айтып берді.

– Бүгінде дария жағдайына байланысты Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өзендегі күр кептелісінен су арнадан шығып, егістік жерлерге су жайылған. Дария бойындағы 5,8 шақырымды құрайтын 10 қорғаныс бөгетінің 5-уі жабылды, қалғандары жөнделіп жатыр. 16 арнайы техника, екі мердігер ұйымның адамдары жұмыс істеуде. Қазіргі таңда су деңгейі түсті, Қалжан ахун ауылына келер қауіп жоқ, – деді басқарма басшысы.

Сырдария өзенінің облысты алып жатқан бөлігі 1274 шақырымды құраса, оның 1111 шақырымында қалыңдығы 20-дан 60 см-ге дейін мұз қатқан.

Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеровтің айтуынша, құтқару топтары арнайы оқу-жаттығулар өткізіп, төтенше жағдайда жасалатын шұғыл жұмыстар пысықталып отыр.

– Аудан көлемінде төтенше жағдай жариялануына байланысты су тасқынының алдын алу шараларын мамандар жоғары әзірлікпен бақылауда ұстауда. Арнайы жинақтау және қабылдау пункттері ашылып, жедел көмек көрсететін жұмыстар сараланды. Егістіктегі суды тарту жұмыстары қолға алынатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2018 г. 855 0