« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
2013 жылдың 17 қаңтарында Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысының басшылығына тағайындалды. «Forbes» журналына берген сұхбатында облыс әкімі ненің есебінен аймақтың жалпы өңірлік өнімі үш есе өсті, экономикалық жетістіктерді қандай кадрлар жүзеге асыра алады және бұған цифрлық экономика қалай көмектесетіні туралы айтып берді.
– Қырымбек Елеуұлы, облыстың кешегісі мен бүгінгісіне көз жүгіртсек, не өзгерді?
– 2013 жылдан бастап біз алдымызға қойған негізгі міндет, ол Президент айқындаған бағыт – экономиканы әртараптандыру болды. Өйткені, өңірдің экономикалық құрылымында мұнай мен уран өндірісі басымдыққа ие болып келді. Бұл тым қолайсыз жағдай еді. Өйткені, мұнай бағасының күрт түсуімен қатар, оның қоры сарқыла бастауына байланысты өндіру көлемі де қатар кеміп келе жатты. Кейбір мұнай скважиналарының сулануы 98 процентке жетті. Сондықтан да соңғы жылдары шикізаттық емес секторды дамыту бағытында біз мақсатты жұмыс жүргізіп келеміз.
Нәтижесінде дағдарысқа дейінгі 2013 жылмен салыстырғанда өңдеу секторындағы тауар өндірісі көлемі 27 процентке өсті. Тек соңғы жылдың өзінде осы саладағы экспорт көлемі 26 пайызға өсіп, онда жұмыспен қамтылғандар саны 45 процентке артты.
Бес жыл уақыт ішінде біз жалпы саны 50-дей жаңа өңдеу кәсіпорындарын іске қостық, оның 16-сы ірі кәсіпорын. Биылғы жылы мәселен, шыны және тампонажды цемент шығаратын зауыттар мен молибден триокисі өндірісін іске қосамыз. Кальцилендірілген сода өндіретін, керамикалық плита мен керамогранит шығаратын зауыттар құрылысын бастаймыз. Бұлар осындай өнім шығаратын еліміздегі ірі өндіріс орны болмақ, сонымен қатар олардың өнімдері экспортқа бағытталған.
– Әртараптандыру тренді айқын көрініп тұр екен...
– Елеулі құрылымдық өзгерістер жасауға 5 жыл өте қысқа мерзім. Алайда, соның өзінде аймақтың ЖӨӨ үлесінде өңдеу секторының үлесі 3 есе өсті.
Өкінішке орай, біз әлі мұнайға ұзақ уақыт тәуелді боламыз. Сол себепті, біз мұнай қорлары мен ресурстық базаны дамыту жолын іздестіре береміз. Жер қойнауын пайдаланушылардың газ өндірісі және оның өңдеуіне жағдай жасайтын ынталандыру шараларына айрықша ерекше назар аударған дұрыс деп санаймын. Бүгінде өндіріліп жатқан газдың 2/3 көлемі құр әншейін жанып жатыр немесе қайтадан жер астына айдалуда. Ал шын мәнінде бұл деген мемлекеттің мұнайдан жоғалтқан шығынының орнын толтыратын ресурс емес пе!
Сонымен бірге, біз болашақта ірі кәсіпорындар емес, шағын және орта бизнес негізгі рол атқаратынын жақсы түсінеміз. Сонымен қатар, алдымызда тек біздің облыстың өзінде 60 мың, ал еліміз бойынша 1 миллионнан асатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу міндеті тұр. Ал кәсіпкерлік – оларды нәтижелі жұмысқа тартудың ең тиімді жолы.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап Ұлт Көшбасшысы орта тапты дамыту жұмыссыздық, салық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тікелей жолы екенін айтып келеді.
Соңғы бірнеше жылда біз ШОБ саласында қамтылғандар үлесін 22 проценттен 26 пайызға жеткізе алдық. Әйтсе де біздің мақсатымыз 45-50 процент және бұл бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. 2018 жылды аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялаймыз.
– Қызылорда облысындағы күріш өндірісі елімізге жақсы таныс. 2017 жылы бес облыс, оның ішінде Қызылорда облысы да бар, еттің буферлік аймағынан шықты. Сіздердегі аграршыларға бұл бағыт қызықты ма?
– Күріш өсіру аймақтың экономикалық, сонымен қатар, әсіресе экологиялық ерекшеліктеріне байланысты біздің облыстың АӨК-нің маңызды бағыты болып қала бермек.
Экономикалық аспектіден бөлек, біз күріш өндірісін дамыта отырып, топырақтың тұздануына жол бермеу мақсатын көздейміз. Бұның маңыздылығын әсіресе Ауыл шаруашылығы министрлігі түсінуі және естен шығармауы тиіс.
Қазіргі күні біз облыстық әкімдіктің Ахуалдық орталығында облыстың дамуын айқындайтын экономикалық көрсеткіштер бойынша нәтижелерді болжайтын математикалық-бағдарлама моделін енгізу бойынша жұмыс бастап жатырмыз. Атап айтқанда, күріштің өнімділігін болжау, ал су шаруашылығы саласында су тасқыны жағдайларын рельефті модельдеу бағытында жұмыс жүргізудеміз.
Айтпақшы, 2016 жылы біз күріштің өнімділігі бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізсек, былтыр облыстың күріш өсіру тарихында рекордтық көлемде – 500 мың тоннадан астам күріш жинадық. 5 жылда жиналған күріштің жалпы көлемі атап айтқанда күріштің өнімділігі есебінен 2 есе дерлік ұлғайды. Тек соңғы жылдың өзінде оның экспорты 45 процентке өсті. Бұл тек күрішшілердің ғана еңбегі емес, сонымен бірге қызылордалық және краснодарлық ғалымдардың да еңбегі. Біз Иранға экспортқа шығару мақсатында ирандық күріш сорттарын да өсіруді бастадық.
Мал шаруашылығын дамыту бағытының маңыздылығы да біз үшін күріштен кем емес. Соңғы жылдары біз мақсатты түрде ауылшаруашылығы кооперациясы арқылы ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып келеміз. Алғашқы кезекте азық–түлік мәселесі тұр. Ал буферлік аймақтан шығу бүгінде бізге алыс шетелдерге, атап айтқанда, БАӘ-не және Иранға малды экспортқа шығаруға мүмкіндік берді. Болашақ-ет өнімдерін өңдеу саласында. Мұнан бөлек, біз бақша өнімдері экспортын қайта жандандырдық. Тек соңғы жылдың өзінде біздегі ауылшаруашылығы өнімдері экспорты 48 проценттен аса өсті.
Айтпақшы, облыс тарихында бірінші рет ауылшаруашылығы өнімдері рыногына кешенді маркетингті зерттеулер жүргіздік және оны аграрлық сектордың мүмкіншілік әлеуетіне үйлестірдік. Нәтижесі бойынша АӨК-ін дамыту агрокартасын жасап шығардық, ол арқылы екі негізгі міндетті: ішкі рынокты толтыратын АӨК секторларын жеделдетіп дамыту және экспортқа бағытталған өндірісті ұлғайту мәселесін шешетін боламыз.
2020 жылға қарай ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,4 есе, ал оның экспорт көлемі 5 есе артады деп жоспарлаудамыз.
Айта кету керек, көршіміз Ресейдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты бүгінгі таңда әскери өндіріс тауарларынаң экспортынан асып түскен. АӨК-нің бұлай дамуына бізде де мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін Қазақстанның агросекторына тынбастан тер төге беруі керек. Міне осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай бізге агроөнеркәсіп кешенің жедел алға басуына мүмкіншілік беретін «ақылды технологиялар» көмекке келуі тиіс.
– Қырымбек Елеуұлы, Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру басталғанын білеміз, оның жоспарлары туралы айтып беріңізші. Қанша дегенмен, жаңа қаланың дүниеге келуіне әркім куә бола бермейді, ал ондай жауапкершілікке кез келген адам бармайтыны белгілі.
– Пікірталас көп болды, дегенмен 2017 жылы біз құрылыс алаңына шықтық. Ендігі «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы бастадық. Ол 1925 жылы этносты «қазақ» деп атау туралы тарихи шешім шығарылған Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимаратының сызбалары бойынша салынуда. Бұл жерде сондай-ақ 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университеті кампусының, «Жастар ресурстық орталығының» құрылысы жүруде. Әрине, сонымен қатар, біздің жастарымыз үшін Неке сарайын да салатын боламыз.
Ал ең бастысы, біз алғашқы 18 көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын бастадық. Бұлар типтік қораптар емес, біздің халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін, менталитетін ескеріп, шығыс мәнерінде салынып жатқан тұрғын үй кварталдары. Біздің халқымыз өте қонақжай, қонақ күткенді жақсы көреміз, өзіміз де қонаққа барғанды ұнатамыз. Сол себепті, тұрғын жайлардың барлық туыстар мен достар сиятын кең болғаны өте маңызды.
Біздің тағы бір ерекшелігіміз – ауызбіршілігіміз және өзара көмектесуге дайын тұратындығымыз. Көршілер үшін әрқашанда ауызбіршілікте болу тән нәрсе, яғни қуанышты да қайғыны да бірлесе көтереміз.
Сол жақ жағалауда тұрғын үйлерді жобалағанда және салғанда осының бәрі ескерілді. Ондағы үйлердің қабаттылығы соншалықты көп емес, алайда үйлер оның әрбір тұрғыны өзінің көршілерін ғана емес, сонымен бірге көрші үйлер тұрғындарын да білетіндей етіп орналастырылған. Бұл ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамытуға қосылған өзіндік үлес.
Тұрғын үй құрылысының және қаламыздың дамуы тақырыбын қозғай отырып айта кетейін, 2013 жылмен салыстырғанда біз пайдалануға берілген үйлер көлемін 2 есе арттырдық. Тіптен, құрылыс көлемі жағынан Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді «миллионшылардан да» озып отырмыз. Осы жылдары 2 млн шаршы метрден астам тұрғынжай пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2017 жылы апатты үйлер мәселесін де шештік. Нәтижесінде соңғы жылдары тек облыс орталығында ғана жаңа 14 шағын аудан пайда болды.
Алдымызға қойып отырған тағы бір міндет, облыс тұрғындарын, әсіресе әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Сол себепті біз үш жылға арналған «Орда» тұрғын үй құрылысы Жол картасын дайындадық.
Осы жылдары біз облыс орталығы мен 7 аудан орталықтарының төртеуін газдандырдық. Байқоңыр қаласын газдандыруды бастадық. Биылғы жылы тағы екі ауданда бастаймыз. Нәтижесінде бүгінгі күні облыс тұрғындарының 63 проценті табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұл тек басы ғана.
Қызылжарма жер асты суына көшу Қызылорда қаласында ауызсу сапасын 10 есе арттыруға мүмкіндік берді. Осы жылдары біз тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуді 95 процентке жеткіздік. Бұл еліміздегі ең үздік нәтижелердің бірі.
– Қырымбек Елуеұлы, ТКШ бұл орасан зор көлемдегі инвестиция қажет ететін сала емес пе!? Ал жұмыстың басым бөлігі дағдарыс кезеңінде атқарылған секілді. Бұл қаржылар қайдан келді?
– Әрине, қаржы жетіспеді. Бұл жерде әдеттегісінше Мерфи заңы жұмыс істей бастайды – бір жұмысқа кірісе бастасаң, одан бұрын атқарылып қоюы тиіс жұмыс табылып тұрады.
Республикалық бюджет ортайып бара жатқан тұста мемлекеттік қолдауға иек артуға бара алмадық. Ал проблеманы бәрібір шешу керек. Қиын жағдайдан мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту және Еуропалық қайта құру және банкімен ынтымақтастық жасау арқылы шығуға бел байладық. Қазір жолаушы тасымалы жүйесін модернизациялау, сол секілді облыс орталығын жылумен, ауызсумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету жобалары бойынша бірге жұмыс жасаудамыз.
Айтпақшы, әлеуметтік саланың да шығыны аз емес. Мұнда да проблемалар жеткілікті. Сондықтан да бізде әлеуметтік блок басымдыққа ие. Тұрғындардың жан басына шаққанда әлеуметтік салаға бөлінетін шығын есебі жөнінен өңіріміз бірнеше жыл бойы алғашқы орында келеді. Бұл әрине, сонымен бірге осы салада жинақталып қалған проблемаларға да байланысты.
Соңғы 5 жылда 180-нен аса әлеуметтік сала нысандарын пайдалануға бердік. Біз ақырында 2013 жылдың басында жинақталып қалған миллиардтаған қаржы қажет ететін құрылысы ұзаққа созылып кеткен 34 әлеуметтік нысанды салып бітірдік.
Мектептердегі үш ауысыммен оқыту мәселесін мерзімінен бұрын шештік. 2013 жыл басында саны 37 болып тұрған апатты мектептер мәселесіне өткен жылы нүкте қойдық.
2015 жылдың өзінде елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз еттік. Бұл жағдайда, біздегі балабақшалардың 71 проценті мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жұмыс істейді. Бес жылда олардың саны 2 есе өсті.
Айта кету керек, МЖӘ негізінде біз қазіргі кезеңде кәсіптік-техникалық білім беру, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы салаларында және сол жағалау құрылысында елуден аса жоба бойынша жұмыс жүргізудеміз.
– Сізді барлық жаңашылдықтың нағыз жақтаушысы ретінде білетіндіктен дәл осы Қызылорда облысына заманауи технологиялардың алаңы болуға барлық алғышарттар бар деп ойлаймыз. Жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Цифрландыру бұл енді кері айналмайтын үдеріс және оны біз күнделікті жер-жерде байқаудамыз. Цифрландыруға келетін барлық дүние цифрландырылуы тиіс, әлеуметтік сала, өндіріс, ТШК, агроөндіріс – барлығы бірдей.
Мемлекет басшысы барлық салада ақпараттық-технологиялық шешімдер енгізу жөнінде нақты тапсырма жүктеді. Әрине, экономикада қосымша құн деген түсінік бұрынғысынша маңызды екені түсінікті, алайда бүгінгі таңда оны қалыптастыратын негізгі құрал сандық технология болуда.
Дәстүрлі экономиканы салыстырмалы түрде арбаның жүрісіне теңесек, цифрлық экономика Шаттл жылдамдығымен даму мүмкіндігін беруде.
Нақтылап айтқанда, ақпарат және цифрлық технология жаңа дәуірдің көмірсутегіне айналуда. Қазақстан да өз кезегінде жаһандық технологиялық инновацияны жәй ғана сырттан бақылаушы емес, нақты қатысушысы болуы керек.
Сол себепті біз қазір кадрлар дайындау жөнінде «Microsoft» пен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Одан бөлек, ІТ-технологиясын дамыту бойынша Қазандағы әріптестерімізбен жақсы байланыс орнаттық. Олар бүгінде осы сала бойынша ТМД елдерінде көшбасшы ретінде мойындалған. Біз тіпті Татарстан президенті Рустам Миннихановпен қызылордалық студенттерді Қазанның жоғары оқу орындарында оқыту жөнінде уағдаластыққа келдік.
МИСиС-пен 3D баспа технологиясын қолдану арқылы машина жасау саласында жаңа материалдар мен технологияларды дайындау бойынша мәскеулік ғылыми-өндірістік Инжинирингтік орталыққа ұқсас құрылымды Қызылорда қаласында құру жөнінде келісім жүргізудеміз. Орталық базасында композиттік қоспалар өндіру бойынша тәжірибелік пирометаллургиялық желі енгізу жоспарлануда. Мұнан бөлек, қытайлық «Huawei» компаниясымен «Ақылды қала» технологиясын енгізу бойынша ынтамақтастық жасау мүмкіндігі талқылануда.
– Өршіл жоспарлар екен! Ал кадрлар ше? Өйткені «кадрлар бәрін шешеді» емес пе?!
– Өте дұрыс, бәрін де адам шешеді. Дәлірек айтқанда, олар қалай ойлайды, нені армандайды, нендей дүниеге ұмтылады. Бұл мағынада маған «ұлттардың стартап» құндылығын алға жылжыту идеясы ұнайды.
Технологиялардың дамуымен өндірістегі көптеген процестер автоматтандырылып және роботтандырылып, адамдардың қатысуы азайып келеді. Уақыт өте келе бизнестің сервистік моделіне негізделген шағын және орта кәсіпорындар бұл салада қозғаушы күшке айналады деп сенемін. Ірі сериялық өндірістерді қолдану мүмкін емес немесе тиімділік әкелмейтін тұстарды шағын бизнес толтырады. Ол жаңа тауарларды немесе технологияларды құруға байланысты тәуекелге үлкен дайындықпен барады. Қазіргі өндіріс алыптарының барлығы дерлік өздерінің жолдарын шағын дүниеден, «гараждан» бастады деп айтуға болады.
Мәселен, Паккард гаражында құрылып, алғашқы инвестициясы 538 доллар болған «Hewlett-Packard» компаниясын алайық. Ал бүгінде сол гараж, сол секілді Стив Джобс жұмысын бастаған гараж, немесе Google негізін жасаушылардың гаражы құндылықтарға айналған. Немесе барлық бөлшектері қолдан жасалып, гаражда жиналған, бүгінде аңызға айналған әйгілі «Harley-Davidson» мотоциклін алайық. Карбюраторы мысалы ескі консерві банкісінен жасалды, ал бензин көрші дәріханадан пинтпен сатып алынып тұрды. Қазіргі күні компания тек мотоциклдер ғана шығармайды, сонымен бірге АҚШ армиясының әскери бағыттағы тауарларға тапсырысын орындайды.
«Силикондық алқап» мәселен осылайша дүниеге келді, барлық «единоргтар» осылай бастады. Нольден бастады, бірақ арманына сеніп бастады. Субсидия немесе мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде дүниеге келген әлемдік брендтерді немесе жобаларды аяқ астынан еске түсіру қиын. Мықты идеялар мен жобалар оны қажет етпейді. Олардың ДНК-сы басқа.
Олардың іргетасы – білім мен біліктіліктің негізінде әлемді жақсы жағына өзгертуге ұмтылу.
Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларымен көмектесу әрине керек, бірақ жаңа ұрпақтың білімін жетілдіру және тәрбиелеудің маңыздылығы одан да жоғары.
Бүгінде бүкіл әлем цифрлық технологияны меңгере бастағанда, бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау – бірінші кезектегі міндет. Бізге білім мен дағдының жаппай «апгрейді» керек. Өйткені, біздің елімізде технологиялық кейін қалу қаупі өте үлкен. Егер де біз 21 ғасырдың жаңа логикасын іске қоспасақ, үмітсіз күйде артта қаламыз. Сондықтан да білім беру саласының барлық деңгейінде, мектепке дейінгі тәрбиеден жоғарғы оқу орнына дейін жүйелі жұмысты енгізудеміз.
Біздің мектептердің 452 түлегі бүгінде Мәскеу мен Санкт-Петербургтің техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен білім алуда. Атап өту керек, осындай оқуды ұйымдастырған біздің облыс қана. Биыл жазда алғашқы 76 бітірушіні күтіп отырмыз.
Ал 2018 жылдан бастап Ломоносов атындағы ММУ біздің жастарымыздың «Киберқауіпсіздік» және «Үдерістерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша оқуына жыл сайын 20 гранттан бөліп тұратын болады. Сондай-ақ «Сколково» Жаңа технологиялар орталығымен де ынтымақтастық ету мүмкіндігі пайда болды.
Сонау 2013 жылдан бастап-ақ бірыңғай аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларынан, әсіресе ауылдық жерлерден шыққан дарынды балаларды еліміздің жоғары және орта оқу орындарында оқытуға облыс әкімінің грантын беруді бастадық. Мұндай гранттарға 694 мектеп бітіруші ие болды. Бұл «Нағыз ұлылар ауылда туып, қалада дүниеден өтеді» деген сөзді білдірсе керек.
Біздің 4000 баламыз «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда, 200-дей адам Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыды.
Әйтсе де мен бәрінен бұрын 2017 жылғы түлектердің 97 процентінің жоғары және орта арнаулы оқу ордаларына түскенін мақтан етемін! Айтпақшы, бұл бізге маргинал жастарға арналған әлеуметтік базаны барынша кемітуге мүмкіндік береді. Сөз жоқ біздің жастарымыз өте дарынды. Оларды тек қолдай білу қажет.
2017 жылдың желтоқсанында біз алғашқы рет HackDay2017 фестивалін өткіздік. Бірақ та шынын айту керек біз мұндай серпілісті күткен жоқ едік. 500 қатысушы – 137 команда өздерінің идеясымен жұмыс істеді. Міне осындай жастарымыз үшін сол жағалауда ІТ-паркін құрамыз, онда біздің болашақ Цукербергтер мен Джобстар жұмыс істейтін болады.
Бізде Төртінші өндірістік революция міндеттерін шешуге қабілетті деңгей жоғары және жасампаз адамдар барынша көп болғаны керек!
Бұл бағытта бізге Ресейдің «Кванториумдар» құру бойынша тәжірибесі қызықты. Бұл жоғары технологиямен жарақтанған және жоғарыбілікті инженерлік кадрлар дайындауға бағытталған, инновациялық технологиялар мен идеяларды дайындап, тестілеу және енгізуді жүзеге асыратын балалар паркі. Бұл тәжірибені Мемлекет басшысының Жолдауындағы Қазақстанда балалар технопарктері мен бизнес инкубаторлар желісін құру туралы тапсырмаларын орындау үшін қолдануға болады деп ойлаймын.
Жаңа ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тек қана білім беру жүйесі ғана жұмыс істемей, жастарға қатысы барлардың барлығы да атсалысуы тиіс. Үй, тұрмыс, өмір сүріп жатқан ортасы, медиа және көңіл көтеру орталықтары. Өйткені, кез келген ұлт үшін білімді, білікті, машықтанған жастар ең маңызды және қымбат ресурс.
«Forbes» журналы №2 (78) ақпан,
2018 жыл.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |