Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы мәлімдеді.
"Биылғы жылдың ең басты міндеті жұмыссыздықты 4,9 пайызға азайту. Осы жылдың қаңтарынан күшіне енген «Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы» көптеген отбасына қиындықтар тудыру қаупі бар. Біздің алдымызда, әлеуметтік көмек алатын 710 отбасыны жұмыспен қамту міндеті тұр. Бұл бағытта әрбір елді мекеннен кемінде 30 отбасының өз кәсібін ашу үшін несие алуына көмектесеміз, сол арқылы жұмыссыздықты азайтуымыз қажет.
Биыл 1 кент және 13 ауылдық округ жаңа бюджеттік саясатқа өтті. Енді ауыл әкімдері өз бюджеттеріне қосымша қаржы түсіріп, ішкі шаруасын шешуде қаржылық негіз болатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жасауда", – деді Шиелі ауданының әкімі.
Сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдарда шаштараз, монша, киім тігу цехтары жоқ. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, несие немесе гранттық қаржыларға осы кәсіп түрлерін қолға алу жоспарлануда.
Әшім Оразбекұлының айтуынша, кәсіп ашу арқылы жұмыссыздық жойылады, ауылдың салықтық базасы артады. Салықтан жиналған қаражат ауылдардың мұқтаждықтарына жұмсалатын болады.
Айта кету керек, биыл кент орталығынан 6 жерден жеке кәсіпкерлер есебінен скверлер салынбақшы. Сондай-ақ, осындай жұмыс елді мекендерде де жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүргізіледі.