Арал проблемасы: Биыл САРАТС жобасының екінші кезеңі басталады

Қызылордада «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. «Ғасыр құрылысы» аяқталып, Көкарал бөгеті пайдалануға берілгелі Арал жұртшылығының тіршілігі қайта жаңдана бастағандай. Ата кәсіпті түлетіп, теңіз жағалауын күзетіп жүргендердердің тірлігіне береке кірген. Биыл САРАТС жобасының екінші кезеңі басталады. Сүйінші жаңалықты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан халқымен өткен кездесуде мәлімдеді,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 «САРАТС жобасы - Аралды жаңдандыруға көмегін тигізеді. Биыл осы жобаның екінші кезеңін бастаймыз. Бұл Елбасымыздың тікелей қолдауының арқасында жүзеге асатын болады. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы Арал халқына өзінің қамқорлығын көрсетуде», - деді аймақ басшысы. САРАТС жобасының екінші кезеңіне қажетті қаражаттың жартысы дүниежүзілік банктен бөлінсе, қалғаны республикалық бюджеттен алынады. Жалпы, бұл кезең 8 жобадан тұратын болады. Алдағы мақсаттар орындалған жағдайда Арал теңізі аудан орталығына бір шақырым жақындайды. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, балық аулау көлемі артады. «Менің атам, әкем балық шаруашылығымен айналысқан. Өзім де осы кәсіппен айналысамын. Болашақта менің балаларым да теңізден нәпақасын табатын болады. Сол себепті де Аралдың қайта жаңданғандығын қалаймыз. Күнделікті балық аулап, оны өткізіп, 25-30 мың теңге аралығында пайда табамыз. Бұл қатарымыздан қалмай, молшылықта өмір сүруімізге жетеді», - дейді Арал ауданының тұрғыны Әскербек Башаров. Айта кетейік, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Арал халқы өзге аумаққа үдере көшкен болатын. Теңіз тартылған тұста тұрғындардың басқа амалы да қалмады.  Ал, еліміз Тәуелсіздік алып,  САРАТС жобасын жүзеге асыру басталғаннан кейін балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндер теңіз жағасына қайта қоныстанды. Жергілікті халықтың екінші тынысының ашылуына Көкарал бөгетінің салынуы сеп болды. Ұзындығы 13 шақырым болатын нысанның арқасында Кіші Арал қайта тулап, су маржандары көбейді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2018 г. 1 104 0