БІТІМ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫС – ТАБАНДЫ ТІРЛІКТЕ аймақ дамуының жаңа белестері айқын

Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. 

Кездесуде аймақ басшысы халық қалаулыларын  алдағы жоспарлар жайынан хабардар етті. Бұл ретте аймақтың дамуына қосымша 52 млрд теңге трансферттер алу мақсатында облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары Үкіметпен жұмыс жүргізіп жатқаны баяндалып, алдағы уақытта оның нәтижесі белгілі болатыны айтылды. Сонымен бірге, жыл аяғына дейін облыс бюджетін 300 млрд теңгеге жеткізу бағытындағы жұмыстар да жүргізіле бермек.

Аймақ басшысы өз сөзінде облыстық мәслихат депутаттарына сайлаушылар әдеттегідей түрлі мәселелермен шығып жататынын тағы бір нақтылап өтті.

– Оларды бірлесе отырып шешу  – бәрімізге ортақ абырой, – деді облыс әкімі. – Депутаттарға  түскен барлық 522 сауалдың 27-нің бюджетке қатысы жоқ. Қалған сауалдардың 48 проценті ендігі шешімін тауып отыр. Оларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл – үлкен жетістік. Қалған мәселелер де өзектілігіне, қажеттілігіне, кезектілігіне қарай шешіле беретін болады. Бірде-бір депутаттық ­сауал ескерусіз қалмайды.

Мұнан соң, облыс басшысы халық қалаулыларына Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау мақсатында Мәскеуге, Татарстанға, Қытайға жұмыс сапарымен барып қайтқанын баяндады. Мәскеуде белгілі экономика сарапшыларымен кездесулер өткізілді.

Татарстан қазіргі таңда сандық технологияны игеруде тек Ресейде ғана емес, ТМД елдерінде көшбасшы саналады. Осы республикадағы Иннополис қаласындағы университетте үлкен жетістіктерге қол жеткізілген. Облыс әкімі Татарстан президенті Р.Миннихановпен  аталған білім ордасына  облыс жастары үшін жыл сайын 20 гранттан бөлдірту туралы уағдаластық жасалғанын айтты. Алайда, нарық заманы болғандықтан, бұл гранттар ақылы болмақ. Дегенде, бұл мәселенің де шешімі табылмақ.

– Жалпы цифрлық технологияны игеруде біз басқалардан қалып қоймауға тиіспіз. Ол үшін білікті кадрларымыз жеткілікті болуы керек. Мәскеуде оқып жатқан жастарымыздың 70 процентін ІТ технологиясын игеруге мамандандыратын боламыз. Бұл жөнінде Ломоносов университеті басшылығымен келістік. Биыл Ресейде оқып жатқан жастарымыздың алғашқы түлектері оқуын бітіріп келеді. Олар мамандығына қарай жұмысқа орналасады және олардың арасынан мемлекеттік қызметке кадрлар резерві жасақталатын болады, – деді облыс әкімі. Ал Қытайға сапар барысында жоғары технологияларға байланысты бірнеше жоба бойынша келісім жасалған.

Мұнан кейін облыс басшысы биылғы жылды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы етіп жариялау жоспары бар екенін жеткізді. Бұл мақсатқа 32 млрд теңге жұмсалатын болады. Оның ішінде жеңілдікпен берілетін  қаржылай көмек түрлерімен қатар, қайтарымсыз гранттар да бар. Бұл қаржы 7-8 айда игеріліп бітуі тиіс. Өткен жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 16 мың болса, енді оны 60 мыңға жеткізу керек. Мақсат – халықтың белсенділігін арттыру. Сол кезде жұмыссыздық және басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, салық базасы нығаятын болады. Ол өз кезегінде қоғамдағы саяси ахуалды жақсартады. Бұл үшін облыстағы әрбір елді мекенге жауапты адамдар бекітілген. Олардан жұмыстың нәтижелері қатаң сұралатын болады. Аймақ басшысы осы бағытта депутаттардың қолдау білдіруін сұрады.

Сондай-ақ, Сырдарияның сол жаға­лауын игеруге басымдық берілетіні айтылды.

– Биыл күзде мұнда  бір шағын аудан пайдалануға беріледі. Қытайға сапар кезінде олар сол жағалауда бір шағын аудан салуға мүдделі екенін айтты. Ол жағдайда біз эконом кластағы үйлерді өткізуге көмектесетін боламыз. Ал бизнес класты өздері өткізеді. Сонымен қатар, Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпірден «Шіркейлі» каналына дейін тартылатын күре жол мәселесі де шешімін тауып отыр, – деді облыс әкімі.

Биыл Астана қаласының 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аталып өтіледі.

– «Байқоңыр» ғарыш айлағы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Сол себепті Астананың мерейтойына тарту ретінде ашық аспан астында орналасатын «Союз», Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макетінен құралған зымыран-ғарыш техникалық музейін салуды ұйғардық, – деп толықтыра түсті аймақ басшысы.

Ал туған қаламыздың мерейтойына сол жағалауда пайдалануға берілетін шағын аудан тарту болады. Одан бөлек, Тұңғыш Президент саябағы тұсынан дария жағалауында адамдардың демалуына арналған орын  ашылады. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп, жаңадан әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Мұның бәрі қызылордалықтарға үлкен сый болмақшы.

Алдағы сессияда облыстық бюджетті 5-6 млрд теңгеге нақтылау жоспарлануда. Аймақ басшысы осы сессияда елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қаралатынын айтты. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші біздің облыста 95 процентті құрайды. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Енді осы көрсеткіш 100 процентке жеткізілуі қажет. Бұл деңгейге биыл болмағанның өзінде 2019 жылдың 1-тоқсанында жету жоспары бар.

Облыс басшысы депутаттардың кәсіби біліктілік деңгейі жоғары екенін ескере отырып, облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмыс топтарына  мамандықтарына сай депутаттардың да енгізілгені дұрыстығын мәлімдеді. Ал облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовқа Қызылорда қаласының 200 жылдығын атап өту мақсатында құрылған ұйымдастыру комиссиясына басшылық жасау ұсынылған.

– Осылайша, ел үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс жасай беретін боламыз, – деді Қырымбек Елеуұлы сөз соңында.

Кездесуде облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов сөз алып, тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, облыстық депутаттармен кездесу ұйымдастырғаны үшін аймақ басшысына барлық әріптестері атынан ризашылық білдіріп, өткен жылғы жұмыстарға тоқталып өтті.

2017 жылы тікелей депутаттық сауалдарға республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 10,7 млрд теңге, аудандық, қалалық бюджеттен 152 млн теңге қаралған. Яғни, депутаттар тарапынан қойылған ұсыныс-пікірлер заңдылыққа сәйкес, кезең-кезеңмен іске асуда. Халық қалаулылары  өздері сайланған округке қатысты қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе жұмыс жасап, туындаған мәселелердің шешілуіне жауапкершілікпен атсалысуда. Облыстық мәслихат депутаттары өз қаражаттары есебінен өткен жылы, қайырымдылық шараларға тек қаржылай 45 млн 096 мың теңге көлемінде қолдау жасады. Бұдан басқа техникалық көмек, құрылыс материалдары, жөндеу  жұмыстарына қатысты өтініш жасағандарға үнемі көмек беріліп келеді.

Мәслихат хатшысы және сөз еткендей, барлық сайлау округтеріндегі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері депутаттар арқылы, сонымен қатар, депутаттардың сайлаушылармен кездесулері, әкімдердің есепті кездесулерінде көтерілген мәселелер жинақталған. Осы уақыт аралығында депутаттар тарапынан 133 ұсыныс-пікір келіп түскен. 2017 жылмен салыстырғанда, 36 процент төмендеді. Барлық сауалдарға, тиісті мекеме тарапынан жан-жақты сараптама жүргізіліп, кесте жасалып, депутаттарға таратылды. Олардың ішінен кезеңіне және өзектілігіне байланысты, биылғы жылы 63 ұсынысты орындау үшін 40 млрд теңгеден астам қаржы қарастыру жоспарлануда. Яғни, 47 процентін қанағаттандыруға күш салынады.

Кездесуде облыс әкімінің кәсіпкерлікті жаппай дамыту шараларын барлық депутаттар бір ауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.

– Облыстың өкілді және атқарушы органдары бірлесе атқарар міндеттері айқын. «Ұйымдасқан ұтады, біріккен бітіреді» дегендей, осы жылда да алға қойған мақсаттарды іске асыруда бірлесе жұмыс жасаймыз, – деді сөз соңында мәслихат хатшысы.  Бұл орайда депутат Имамадин Оңғарбаев өз әріптестері атынан ризашылығын жеткізіп, облыс әкімінің  бастамаларына қолдау көрсетіле беретінін атап өтті.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2018 г. 798 0