« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысы Марат Құрманбаев, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Исатай Әбдіразақов және Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейтов өткен жылдың қорытындысы, Елбасы Жолдауынан туындайтын алдағы міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Облыстық экология департаменті өткен жылы қоршаған ортаны қорғау саласында барлығы 124 субъектіге бақылау шараларын ұйымдастырды. Бақылау қорытындысы бойынша 210 экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактісі анықталып, тиісті шара қолданылды. Осы бақылау жүргізу барысында ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын өрескел бұзып, шаруашылық қызметін жүзеге асырған заңды тұлғаларға байланысты сотқа талап-арыз түсіп, 26 объектінің қызметі тоқтатылды. Ал, табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану бойынша 12 дерек орын алған. Есепті кезеңде облыс аумағында 260 мың тонна қалдықтар жиынтығы құралса, оның 112 мың тоннасы өнеркәсіптік және 148 мың тоннасы тұрмыстық қалдықтар болып табылады. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2000 тоннаға өскен. Мамандар мұны халық саны және құрылыс жұмыстарының көбеюімен байланыстырып отыр. Сонымен бірге, Марат Ердәулетұлы электронды қызмет көрсету жұмысының оң нәтижелерін айтып берді.
Ал, облыс бойынша мемлекеттік орман қоры жерлері 6509783 гектарды құрап, оған жаңадан 3038 гектар жер қосылған. Өткен жылы облыс көлеміндегі орман шаруашылығы мекемелері мен «Барсакелмес» табиғи қорығына 73 тексеру жұмысы жүргізілді. Орын алған кемшіліктер түзетілді. Жыл басынан бері орман қоры жерлерінде жалпы көлемі 25,3 гектар аумақты қамтыған 3 өрт оқиғасы болған. Келтірілген залал көлемі анықталып, тәртіптік шаралар көрілді. Сонымен бірге өткен жылы «Барсакелмес» табиғи қорығына 68 рейдтік шара жүргізілген. Сондай-ақ, заңсыз аң-құс аулаған браконьерлер ұсталып, жауапқа тартылды. 2017 жылы қаңтар айында арнайы комиссияның отырысында, облыс көлемінде қасқыр 30 және шибөріні 40 процентке дейін шектеу бойынша шешім қабылданды. Айта кетерлігі, жыл басынан бері табиғат заңдылығының сақталуына бақылау жасау мақсатында 505 рейд ұйымдастырылып, 628 құқық бұзушылық анықталған. Олар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынып, қылмыстық іс қозғалған.
Өз кезегінде, облыстық аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжанов өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині, астық нарығын реттеу мен асылтұқымды мал шаруашылығы саласын бақылау және қадағалауға қатысты атқарылған жұмыстарды мәлімдеді. Астық алқаптарын зиянкестерден қорғау үшін тиісті химиялық өңдеу жасалды. Мәселен, республикалық бюджет есебінен италиялық прус зиянкесіне қарсы 68378 гектар және азиялық шегірткеге қарсы 84947 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Өңделген жер көлемі – 153325 гектар. Сонымен бірге, облыстық бюджеттен саяқ шегіртке зиянкесіне қарсы 44162 гектар жерге және күріш зиянкесіне – жағалық шыбынға қарсы 4669 гектар жер химиялық тұрғыда өңделді. Осы істің нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдары мен жайылымдық және шабындық алқаптарға залал төнген жоқ. Ал, биылғы жылға италиялық прусқа – 65543, азиялық шегірткеге – 78849, саяқ шегірткеге – 68673 және күріш зиянкесі жағалық шыбынға қарсы 4908 гектар жерге химиялық өңдеу жасалады деп жоспарланып отыр. Егіндіктің жауына айналған шегіртке тектес зиянкестермен күрес үшін жергілікті атқарушы органмен бірлескен жұмыс жоспары жасалып, шекаралас облыстармен бірге күресу мақсатында меморандумға қол қойылды. Өсімдікті қорғау саласы бойынша өткен жылы 40 тексеру жүргізіліп, 30 заң бұзушылық анықталды.
Айта кетерлігі, облысқа тән карантиндік зиянкестер – калифорниялық қалқанша сымыры мен қауын шыбыны, карантиндік арамшөп кекіре мен сыршырмауық. Бұларға қарсы тиісті химиялық өңдеу жұмыстары уақытылы жүргізілді. Сонымен қатар, карантиндік сертификатсыз тасымалданған және карантиндік объектілер анықталған өнімдер бойынша 71 заң бұзушылық орын алып, айыппұл салынды. Облыс бойынша аккредиттелген зертханалар «Қазагрэкс» АҚ филиалы және «Астық сапасы» ЖШС астықтың сапасына сараптама жасауды жүзеге асырады. «Қазагрэкс» АҚ филиалы 57173,39 тонна күріш дақылының өніміне, «Астық сапасы» ЖШС 63846,3 тонна күрішке сапа сертификатын берген. Ал, асылтұқымды мал шаруашылығы негізінде 13 тексеру жұмыстары жүргізіліп, орындалуы міндетті 3 нұсқама берілді.
Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инпекциясы басшысының орынбасары Ж.Нұрсейтов те өздерінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері жайында жеткізді. Негізінен инспекция 2 қызмет түрін атқарады. Өткен жыл басынан «Шардара» су қоймасына «Көкбұлақ» су бекеті арқылы 23122 млн текше метр су түсті. «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысына 23366 млн текше метр су жіберілген. Бастысы, қыс-көктем айларында Сырдария өзенінен мол суды апатсыз өткізу үшін тиянақты жұмыстар атқарылып келеді.
Брифинг соңында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауап қайтарылды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |