ТРАНСФОРМАЦИЯ – ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан аумақтық департаменттерге өңірлік арнайы мониторингтік топтармен бірлесіп, коммуналдық қызметтердің жұмыстарын трансформациялау тапсырылған болатын. Осыған байланысты агенттіктің облыс бойынша департаменті арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірге қаладағы «Энергосервис» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сервистік тұтынушылардың коммуналдық төлем төлеу барысына зерделеу жұмыстарын жүргізді. 

«Қызылорда жарығы» холдингтік бірлестігінің атқарушы директоры Еркебұлан Есенбаевтың мәлімдеуінше, өткен жылдың 20 желтоқсанында арнайы мониторингтік топ өкілдері мен коммуналдық қызметтер салалары басшыларының қатысуымен жиналыс өткен. Онда қала тұрғындарына коммуналдық қызмет ақысын төлеу барысында жағдай жасау жолдары талқыланды.

– Қаладағы «Энергосервис» ЕЖШС орталығында тұтынушыларға қызмет көрсету үшін барынша жағдай жасалды. Соның ішінде сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша күту орындары, мультикасса және саsh-терминал, ауаны кондиционерлеу жүйелері түзетілді. Операторлар саны өсіп, қызметкерлер арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. Қолжетімді жерде қызмет алу тәртібі және энергияны тұтыну бойынша есептер туралы ақпараттық тақталар орнаттық, – деді Е.Есенбаев.

Облыс бойынша мекемеде 130 қызметкер бар. Қызылорда қаласы бойынша жылына жеке және заңды тұлғаларды қоса есептегенде 80 мыңға жуық тұтынушыға қызмет көрсетеді. Тұтынушылардың 30 пайызы саsh-терминал және онлайн қызметін пайдаланады.

Мекемеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де көмекшіні шақыру батырмасы, пандустар және еденге тактильді тақталар орнатылған және бөлек касса қызмет көрсетеді.

– Бүгінде барлық салада цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Осы ретте біздің мекеменің сервистері трасформацияланып, бірыңғай төлем құжаты енді. Тұтынушылар енді су, жылу, электр жарығы, тұрғын үй қызметі және тазалық қызметіне бір кассадан төлей алады. Облыс бойынша 700 терминал арқылы да электр жарығы үшін төлем жасауға болады. Айта кетейік, қаңтар айынан бастап, Android операциялық жүйесінде жаңа мобильді бағдарлама іске қосылды. Тұтынушының PlayMarket мобильді қосымшасынан «Энергосервис» бағдарламасын жүктеп алып, төлем жасап, қарызын білуге және басқа да ақпарат алып отыруға мүмкіндігі бар, – деді «Энергосервис» серіктестігінің бөлім басшысы Максим Цой.

Электр жарығына, суға, жылуға төлем жасауға келген зейнеткер Ғажайыпбек Зиядинов мекеме қызметкерлеріне алғысын білдірді. Жылы, жарық, әрі ыңғайлы сервистік орталығының қызметі көңілінен шығатынын айтты.

Алдағы уақытта трансформациялау жұмыстарын коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің аудандық бөлімшелеріне де жүргізу жоспарлануда.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2018 г. 711 0