ЕЛ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ЕҢБЕКТІҢ ИГІЛІГІ ОРТАҚ

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев қала жұртшылығының алдында есеп беріп, жылдағы дәстүрге сай атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Кездесуге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Шаһар басшысының айтуынша, өткен жылдың басында қала бюджеті 30 млрд теңгеден асып, жылдың қорытындысымен 43 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп кәсіпорындарының, өңдеу өнеркәсібінің,  негізгі капиталға салынған қаржының, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артып келеді.

Қаланы тірі ағзаға теңесек, оның инженерлік инфрақұрылымы – қан тамыры секілді. Былтыр республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден қала инфрақұрылымын дамытуға барлығы 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды. Бүгінде Қызылорда –  республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған, таза жерасты ауыз суын тұтынып отырған бірден-бір қала. Жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы 5 жылда қаладағы магис­тральды жылу желілерін жаңартуға  8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Қызылорда қаласындағы жолаушылар тасымалы мәселесі жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан болатын. Тасымал саласындағы берекесіздік үлкен өзекті мәселеге айналды. Қатқан сең соңғы жылдары ғана жылжыды. Жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқушылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне облыстық бюджеттен 105 млн теңге бөлінді. Жақын елді мекендерден қала мектептеріне қатынап оқитын 5 мыңнан астам баланы арнайы көліктер тасымалдауда. Биыл «Қызылорда автобус паркіне» орта сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алу жоспарлануда.

Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, жаңадан 12 шағын аудан бой көтергенін, 7 мыңға жуық жерлестеріміз жаңа пәтерге ие болғанын ерекше мақтанышпен айтамыз. Былтырдың өзінде 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.

Өткен жыл Сырдария өзенінің сол жағалауын игере бастаған тарихи кезеңнің бастауы болуымен де есте қалмақ. Қазір сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, Жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайы ғимараттары салынуда. Қалада апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілді.

Бүгінде  Қызылорданы газдандыру көрсеткіші 95 пайызға жетті. Іргедегі  Белкөл кенті «көгілдір отынға» қосылып, жеке сектордағы, көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар газбен қамтылды.

Жол-көлік инфрақұрылымы – қала тынысының күретамыры іспеттес. Соңғы 5 жылда Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға   23 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жол орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Былтыр  137 көше, қаланың барлық бағытындағы кіреберіс жол қайта жаңғыртудан өтті. «Сәулет» шағын ауданында 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлік болса, қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен  жалпы  құны 6 млрд теңгені құрайтын 176 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, онда жаңадан 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Оған қоса 16 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1686 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қайырымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен, «Жүрек жылуы», «Сыр жомарты» және «Наурыз мерейі» қайырымдылық айлықтары өтті.

Өткен жылы «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» ескерткішінің аумағы абаттандырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды. Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығынан жаңа демалыс саябағы салынуда. «Абай Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен «Ана бақыты» аллеясы ашылды.

Қала әкімі білім, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының соны жаңалықтары мен табыстарына тоқталды. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру аясында басталған «Ақылды қала» жобасы туралы айтып берді.  Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептердің тұстарына қойылатын светодиодты жол белгілері, жаңадан салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы лифт қою, жер иеленудегі заңсыздықтардың алдын алатын GPS геодезиялық құралы мен ArcGis бағдарламасының артықшылықтары, халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарға тегін интернет желісін, тұрғын үйлерге видеодомофондар орнату көп түйткілдің шешімін табуына септігін тигізеді.

Н.Нәлібаев одан әрі сол жағалаудың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, жер кезегінде тұрған азаматтарға жер телімін беру, сондай-ақ жаңадан салынатын құрылыстар жайында ақпарат берді. Алдағы уақытта «Саяхат» ауданында 300 орындық, «Астана» ауданында 600 орындық, №261 мектепке 150 орындық қосымша ғимарат, «Арай» ауданында 600 орындық, Сырдария өзенінің сол жағалауында 900 орындық мектеп құрылыстарының жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы қаралды. Жаппасбай батыр көшесі бойында 600 орындық мектеп, Тасбөгет кентіндегі 140 орындық балабақшаның құрылысын аяқтауға қаражат бөлінді. Тасбөгет кентінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа емхана, Досан ауылында медициналық бекет салынады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен Қызылорда қаласындағы ауызсу және кәріз су, жылу жүйелерін,  кәріз насостық стансаларды, шет аймақтардағы электр желілерін қайта жаңғыртуға қаржы қаралды. Төрімізге енген жылы – Елорданың 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығы. Тарихи тағылымы терең қос мерейтойды атап өтудің маңызы зор.

Есепті баяндамадан соң аймақ басшысы сөз алып, Сыр елінің бас қаласы облыс әкімдігінің ерекше бақылауында екенін айтты. Соңғы 5 жыл көлемінде Қызылорда қаласының дамуына 115 млрд теңге бөлінген.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев жаңа заманның шақыруларына, әлеуметтік-экономикалық дамудың ғаламдық процестерінің жаңа трендтеріне сәйкес өмір сүруге үндеген Елбасы Жолдауының маңызына, өткен жылдың қорытындыларына тоқталды.

Нәтижелерге көз жүгіртсек, мұнай өндірісінен басқа саланың барлығының көрсеткіші орта республикалық көрсеткіштен жоғары. Қызылорда даму үдерісі бойынша алдыңғы 5 аймақтың қатарында. Ол үшін экономиканы әртараптандыру мен инвестиция тартуда ауқымды жұмыстар жасалды. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау ерекше қарқын алды.

Әлеуметтік салалардың даму жобаларына қаржы бөлу жағынан Қызылорда облысы республикада бірінші орында тұр.  Мемлекет пен жекенің әріптестігі аясында жүзеге асырылатын жобалар көбейіп келеді.

Соңғы жылдары 3 ауысыммен оқитын және апатты мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. «Балапан» бағдарламасы толық жүзеге асты. ҰБТ бойынша түлектеріміздің жетістігі маңдайалды 5 аймақтың қатарынан табылуға мүмкіндік берді. Ресейдің жетекші техникалық ЖОО-ларында сырбойылық студенттер оқып жатыр. Оған қоса облыс әкімінің гранты мен «Серпін» бағдарламасы жастардың мамандық игеруіне жол ашты.

Инженерлік инфрақұрылымға келсек, аудан орталықтарын табиғи газға қосу жалғасуда.  Одан әрі тірек елді мекендерге газ беріле бастайды.

Аймақ басшысы Қызылорда қаласы әкімдігінің назарында болуы тиіс бірнеше мәселені атап айтты. Күзде сол жағалаудағы бірінші шағын аудан пайдалануға беріледі. Жаңа құрылыстардың іргетасы қаланады. Жаңа қалада архитектуралық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Қала әкімдігі экономикалық блогының инвестиция тартуға қатысты жұмысы жолға қойылмаған. Индустриялық аймақты жобалармен толтыруда облыстық индустриялық-инновациялық басқармамен бірігіп жұмыс атқарылуы керек. Ауыл шаруашылығы бағдарламаларын жүзеге асыруға жақсы мүмкіндіктер бар. Сондықтан осыған көңіл бөлген жөн. Кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін тауып, өз ісін бастаушыларға демеу жасау керек. Бұл өз кезегінде қоғамдық жағдайдың тұрақтылығына да, салық базасының нығаюына да, бюджеттің ұлғаюына да қызмет етеді.

Кездесуде тұрғындар қала әкіміне сауалдарын жолдады.

Ү.Тұрманова, қала тұрғыны: – Қаламызда тұрғын үйлер салынып жатқанымен, алдын ала қаржы жинауға жағдайы жоқ жандар бар. Жеңілдікпен тұрғын үй алудың мүмкіндіктері туралы айтсаңыз...

Н.Нәлібаев, қала әкімі: – Жоғарыда баяндамамда айтылғандай, 7 мыңға жуық жерлесіміз баспаналы болды. Ол пәтерлер жалға алу, сатып алу құқығымен беріліп жатыр. Одан бөлек 300-ге жуық арендалық пәтер табыстадық. Сол жағалаудан 220 пәтерлік үй салынады. Облыс әкімінің қолдауымен басталған «Орда» бағдарламасы қабылданып жатыр. Бұл алдын ала 30 проценттік төлем төлеуге қабілетсіз адамдарға арналған.

Қазір Қызылорда қаласындағы пәтер кезегі жылдан-жылға өсіп келеді. Өйткені, адамдардың кезекке тұрып үйлі болуға сенімі артқан.

Қ.Көшербаев, облыс әкімі: – Біз Үкіметке ұсыныс жасап, облыс бюджетінен 2 млрд теңге қаржы бөліп, әлеуметтік әлжуаз топтарға, яғни алдын ала төлем жасау мүмкіндігі жоқ азаматтарға  арналған аймақтық бағдарламаны бекіттік. Жылына 300-400 пәтер беріліп тұрса, мәселе шешімін табады деп ойлаймын. 

Т.Әлиев, «Саяхат» шағын ауданының тұрғыны: – Біздің мәселеміз – жол. Көктем шықса, батпаққа батамыз. Үлкендерімізге, балаларымызға қиын. Жол жөндеу жұмыстары қашан басталатынын білгіміз келеді.

Н.Нәлібаев: – Халық арасында айтылатын «тек қаланың орталық жолдары жөнделеді» деген пікір қате. Шет аймақтарға да жіті көңіл бөлініп келеді. Біз үшін орталық пен шет аймақтың маңызы бірдей. Әл Фараби, Торайғыров көшелерінің, Тасбөгеттегі және Сәулет шағын ауданындағы жолдардың жөнделуі бұл сөзімізге дәлел. «Саяхаттың» жол құрылысы жобасын дайындап жатырмыз. Жоба дайын болған соң, облыс әкімдігіне ұсыныс береміз.

Н.Боранбаева, қала тұрғыны: – Көпқабатты тұрғын үйлердің 4-5 қабаттарына су көтерілмейді. Тұрғындар насоспен отыр.

Екінші сауалым, жолаушы тасымалына қатысты. Қала автобустарында мүгедектерге  жеңілдік қарастырыла ма? 70 жастан асқан зейнеткерлерге берілген 50 проценттік жеңілдікті барлық зейнеткерлерге ұсынуға болмай ма?

Н.Нәлібаев: – Соңғы 5 жылда ауызсуға 16 млрд теңге бөлінгенін айттым. Оған ауызсу құбырларының 60 проценттен астамы жаңартылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Жаңа құбырлар қосылғанда су қысымы көтеріледі. Жоғарыда айтылған 16 млрд теңгенің 10 млрд теңгеге жуығы жерасты суын әкелуге жұмсалды. Су қоры жеткілікті болғанмен ескі құбырлар қысымды көтермейді.

Қоғамдық көлік қызметі негізінен бәсекелестік ортаға жіберілуі керек. Бұл мәселеде көптеген кәсіпкерлерге ұсыныспен шықтық.  Бірақ ынталы азаматтар табылмады. Содан кейін автобус паркін ашуға, 20 үлкен сыйымдылықтағы автобус алуға шешім қабылданды. Облыстық бюджеттен 105 млн теңге бөлініп, тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тасуға бөлінді. Ал зейнеткерлердің барлығына жеңілдік жасауды зерттеп жатырмыз.

Қ.Қожағұлов, қала тұрғыны: – Жер телімі 2005 жылдан бері кезекте тұрғандарға берілді. Енді 2006, 2007 жылдан кезекте тұрғандар жерге қашан қол жеткізеді?

 Н.Нәлібаев: – Қазір 53 мың адам жер кезегінде тұр. Мұның барлығы жерге мұқтаж емес. «Бәйтерек» шағын ауданын ашуға, инфрақұрылымын жеткізуге 11 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Сол ауданнан 6 мыңнан астам азамат жер алды. Бірақ сол жерде қазір 15 адам тұрып жатыр. Бар болғаны 80 адам баспана көтерген.  Екі жыл уақыт өтсе де халық қоныстануға құлықсыз. Қыруар қаржы құйылған инфрақұрылымды ұстап тұру да оңай емес. Келесі жылы бұл жерге үй салынбаса, қайтарып алып, кезекте тұрған азаматтарға береміз. Биыл 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, 1267 жер телімін табыстаймыз. 

Қ.Көшербаев: – Облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, жерге қатысты талапты қатайту керек.   Үй салмағандар жерді кері қайтарсын, нағыз мұқтаж адамдарға берілсін.

Кездесуде ардагер Қ.Нағашыбаев қала тұрғындарын көркейту-көгалдандыру, тазалық мәселесіне жіті көңіл бөлуге шақырды. Медицина саласының ардагері Т.Маханов қала әкімінің жыл бойғы жұмысына жоғары баға беріп, атқарылған әрбір істің әділ сыншысы, адал ниетті қолдаушысы – халықтың атынан алғыс айтты.

Есепті жиынды облыс әкімі Қ.Көшербаев қорытындылап, Сыр елінің тәуелсіздікке қызмет жасайтын, үлгі көрсететін аймақ ретінде көркейіп, өркендеуі азаматтардың бірлігінің арқасы екенін айтты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 ақпан 2018 г. 867 0