ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚҰЖАТТАН БАСТАЛАДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің төрағалық етуімен өткен жиында «Мемсараптама» РМК-ның Қызылорда филиалы бойынша 2017 жылы құрылыс құжаттамаларын сараптау нәтижелері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Бұл туралы хабарлама жасаған филиал директоры Қосым Аңсатбаев есепті кезеңде бастапқы ұсынылған құны 143,8 млрд теңгені құрайтын 260 жоба-сметалық құжаттама қаралғанын жеткізді. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен қаржыландырылатын жоба саны – 125. Олардың жалпы сомасы 91,7 млрд теңге. Ал мемлекеттік емес инвестиция есебінен қаржыландырылатын 135 жоба-сметалық құжаттаманың жалпы құны 52,09 млн теңге болды. Сараптау нәтижесі бойынша жалпы сомасы 126,9 млрд теңгені құрайтын 229 жоба-сметалық құжаттамаға оң қорытынды беріліп, бекітуге ұсынылған.
Қосым Аңсатбаев 31 құжаттамаға теріс қорытынды берілгенін атап өтті. Олардың бастапқы ұсынылған құны 4,2 млрд теңге. Бұл жалпы қаралған құжаттамалардың 12 проценті. Филиал директоры есепті кезеңде құжаттамаларды сараптамадан өткізу барысында 9488 бұзушылық анықталғанын жеткізді. Оның ішінде инженерлік қамтамасыз ету бойынша шешімдердегі кемшіліктер саны – 2652 (28%) болса, 3108 құжаттамада (33%) құрылыс конструкцияларының сенімділігі қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ, құрылыс құны дұрыс анықталмаған – 304 (3%), көлемдік-жоспарлау және сәулет шешімдері бойынша кемшіліктері бар 366 (4%) құжаттама қайтарылды.
Мұнан соң «Мемсараптама» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Бауыржан Әбдіқалықов құрылыс құжаттамаларына сай қазақстандық өнімдермен қамтамасыз ету барысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2017 жылы құрылыс жобаларындағы отандық құрылыс индустриясының үлесі ресурстық құнының 81,87 процентін құраған. Оның ішінде өнеркәсіп және ауылшаруашылық нысандары бойынша үлесі 87,2%, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым объектілері бойынша 83,3%, магистралдық инженерлік шешімдер нысандары бойынша 80,3%, тұрғын үй азаматтық құрылыс нысандарында 71,3%, күрделі жөндеу және қолданыстағы нысандарды реконструкциялау бойынша 95,2%, теміржол және автомобиль жолдары бойынша 99,35%  болды.
Жиынға қатысушыларды филиалдың бөлім басшысы Айгүл Ботабаева жобалаушылардың сараптама ұйымдарымен тікелей электронды байланысқа шыға алатын «Коммуникация модулімен» таныстырып, оның тиімділігін жан-жақты түсіндірді. Бұл модуль тапсырыс берушілер мен жобалаушылардың құжаттарды қайталап тапсыру барысында жоба-сметалық құжаттаманы жүктеу және алып тастау барысындағы жұмысын жеңілдететін болады.
Басқосуды қорытындылаған С.Сүлейменов құрылыстың сапалы болуы құрылыс құжаттарының сапалы орындалуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сол себепті жиынға қатысушы түрлі бағдарлама әкімшіліктерін жобалық құжаттамалардағы кемшіліктер мен нормадан ауытқушылықтарға мейлінше жол бермеуге шақырды. Сонымен бірге, құрылыста отандық өнімдерді қолдану мәселесіне барынша мән беру қажеттігін айтты.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 ақпан 2018 г. 657 0