« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Арал ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы аудандық №3 өрт сөндіру мекемесінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткен меморандумға қол қою рәсімі мен аудан әкімінің есеп беру жиынына қатысты.
Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев есепті жиында өткен жылғы жұмыстарды саралап, алдағы жоспарға тоқталды.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, мұнда экономика салаларын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жол картасы бойынша жұмыс жасалуда. Инвестиция тартуға да ден қойылған. Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікте де алға басушылық бар. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 3,7 млрд теңгенің 7 жобасы енгізілді. Бұған дейін 4 жоба жұмыс жасаса, өткен жылы тағы да 2 жоба іске қосылды. Ол – «Қаптама кірпіш өндіру» және «Асфальт-бетон зауыты» жобасы. Ал, республикалық Индустрияландыру картасына енген «Кальцийлендірілген сода өндіру» жобасы бойынша зауыт құрылысын биыл бастау көзделген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 13 жоба субсидияланды. Сондай-ақ, 14 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды.
Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Бизнес бастау» бойынша – 211, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 37 адам оқытылды.
Арал өңірін тұрақты дамыту мәселесі үнемі назарда. Бұл бойынша халықаралық ұйымдардың қатысуымен форум өткізіліп, онда Арал өңірін экологиялық сауықтыру және әлеуметтік-экономикалық дамыту жолдары талқыланып, қолдау шаралары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Арал ауданында жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын 8 балық өңдейтін зауыт жұмыс жасайды.
Қазір Қызылорда облысы құрылыс саласы бойынша алдыңғы қатарлы аймақтың бірі саналады. Бұл салада Аралдың да айтарлықтай үлесі бар. Өткен жылы 7 мектептің, Сексеуіл кентінде спорттық сауықтыру кешені мен учаскелік полиция бөлімшесінің, 3 спорт алаңының, 3 медициналық пункт пен 2 полиция бекетінің құрылысы жүргізілген. Жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда. Сондай-ақ, өткен жылы аудандағы бірқатар электр желілері жөндеуден өтті.
Білім саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістік бар. Өткен жылы ҰБТ қорытындысымен облыста ІІІ орынға ие болып, 39 «Алтын белгі», 9 «Үздік аттестат» иегерлері анықталды. Бұл ауданда орталық аурухана салу мәселесі бар еді. Ол да шешімін тапты. Биыл бұл нысанды халықтың игілігіне беру жоспарланып отыр.
Аудан басшысының есебінен соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев айдынды өңірдегі жаңашыл жобалар жалғасын табатынын жеткізді.
Аймақ басшысы атап өткендей, Елбасымыз әр жылы алдымызға үлкен міндет қойып отыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік саланы одан әрі жақсарту міндеттері бар. Қазір әлемде мұнай бағасының түсіп кеткені белгілі. Алайда, өндіріс, өнеркәсіп арқылы экономиканы күшейтіп, тәуелділіктен арылуға болатынына көз жеткендей. Былтыр өндіріс көлемі бойынша маңдайалды 5 аймақтың қатарында болсақ, биылғы меже де жетістікті жақсартуға негіз қалайды.
Жалпы, өткен жылы аймақта елдің еңсесін тіктейтін бірқатар жұмыс атқарылды. Экономиканы әртараптандыру өз нәтижесін берді. Құрылыс саласында қарқынды жұмыс жүруде. Ауыл шаруашылығында да атап өтерлік толымды жетістік бар. Диқандар мол табысқа қол жеткізіп, жарты миллион тоннадан астам күріш жиналды. Соңғы 5 жылда облысқа 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Кәсіпкерлік бойынша да өсім жоғары. Алайда, бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу қажет. Осыған орай биыл облыста кәсіпкерлікті дамыту жылы жарияланып отыр. Сонымен қатар, «САРАТС-2» жобасының екінші кезеңінде 6 жоба бар болатын. Оған көлдер жүйесі бойынша тағы екеуі қосылып отыр. Бұл жобалардың төртеуі дүниежүзілік банк арқылы, қалғаны республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болып шешілді.
Осындай мәліметтерді алға тартқан облыс басшысы жақын арада Астана қаласында «Арал достары» атты халықаралық симпозиум өткізу жоспарланғанын жеткізді. Онда Арал мәселесін шешудің жан-жақты жолы қарастырылады. Жуырда облыс басшысы бастаған делегация Қытайға жұмыс сапарымен барған болатын. Бұл сапардың Арал халқы үшін де пайдасы зор болмақ. Атап айтқанда, «Кальцийлендірілген сода өндіру» жобасы бойынша келісімге келіп, наурыз айында зауыт құрылысын бастау көзделген. Облыс басшысы мұндай ірі бастамалар Арал ауданында да жалғасатынын атап өтті.
Есепті кездесуде тұрғындар атқарылған жұмысқа көңілдері толатындарын айтып, алғыс білдіріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Теңізін төрткүл дүние таныған, су маржаны – балығы мен ақ алтыны – ас тұзы арқылы әлемге әйгілі айдынды Арал жерінде атқарылып жатқан шаруа аз емес. Елбасының әрбір бастамасы баянды жалғасын табуда. Ал, халықтың бүгінгідей ынтымақ-бірлігі сол баянды істердің жалғастығына арқау бола беретіні белгілі.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |