Қазалы: Жүйелі жұмыс жалғасын табады

Елбасы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру кездесуі кеше Қазалыда жалғасты. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, аудан активі мен тұрғындары қатысты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе, алдағы міндеттерге тоқталды. 

Биыл «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша Әйтеке би кентінде көпқабатты 6 үй салына бастады. Баспана кезегін жылжытудың тың тәсілдері мен жаңа жолдарын қарастырған жер­гілікті билік 18 пәтерлі жалдамалы көпқабатты үй құрылысының жобасын әзірлеген болатын.

– Алдағы уақытта қала мен кент аралығында тағы да үйлер салынады. Бұл, біріншіден, жер кезегін азайтса, екіншіден, тұрғын үй жөніндегі өтініштер санын төмендетуге мүмкіндік береді, – деді М.Ергешбаев.

Қазір 600-ден астам қазалылық баспана кезегінде тұр. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақ­са­тында жылда жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Былтыр 33,8 мың шаршы метр үй салынып, жоспар 102,3 пайызға орындалды. Аудан орталығы мен бір­қатар ауылда қызметтік үйлер пайдалануға берілді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 100 жас маман баспаналы болды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.

Бүгінде ауданда 5 жаңа қоныс­тану аймағы игеріліп жатыр. Әйтеке би кентіндегі 180 және 210 гектар аумақта жол салынып, жарық тартылып, су мен газ жүргізіліп жатса, Қазалы қаласындағы 180 гектар жерге инфрақұрылым тарту ісі бас­талды. Тағы 81 гектар жер бойынша жоба әзірленді, енді тек қаржы мәселесін шешу қалды. Осының арқасында 3 мыңға жуық тұрғынның жерге мұқтаждығы жойылады.

Мемлекет қолдауымен құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Өткен жылы Бірлік, Лақалы, Майдакөл, Шилі, Шәкен ауылдарында бір-бір мектеп, Жалаңтөс батыр ауылында клуб ашылды. Биыл аудандық аурухана мен сот ғимараттары жұмысын бастады. Жыл соңына дейін Әйтеке би кентіндегі мектеп пен Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешені салынып біт­пек. Өркендеу елді мекенінде мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік негізінде дәрігерлік ам­бу­латория құрылысы да әне-міне дегенше басталады.

Есепті кездесуде аудан басшысы білім, мәдениет, медицина, спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларындағы жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Биыл жергілікті бюджеттің 54,7%-і білім беру ісін дамытуға бағытталды. Соңғы 7 жылда сала бюджеті 4,1 млрд теңгеге артқан. Соңғы 5 жылда жаңадан 10 мектеп салынып, апатты мектептер мәселесі шешілді. Жағдайы сын көтермейтін 3 ауылдық клубтың біреуі (Ақсуат ауылы) биыл қайтадан салынады. Тәуелсіздік жылдарында ауданда 21 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.

Қазалы ауданында барлық ауыл халқы таза ауызсу тұтынады. Дегенмен, соның 10-на сервистік желі тартылмаған еді. Өткен жылы Ақтан батыр, Мұратбаев, Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдары осы жүйеге қосылды. Барлық ауылға су тартатын резервуар көлемінің жеткіліксіздігі де реттелді. Әйтеке би кентінде салынған қосымша су қоймасын іске қосқан кезде елді мекендерге түгел үзіліссіз су беру мүмкіндігі туады.

Аудан әкімі М.Ергешбаев жол сапасының күрделі екенін жасырмады. Айтуынша, авто­мобиль жолдарының 66,4%-і ғана қанағаттанарлық күйде.

– Ең қиын мәселелердің бірі – осы. Ауылдарды айтпағанда, аудан орталығындағы 185 көшенің 42-сі ғана асфальтталған. 80 көшеге қиыршық тас төселсе, қалғанының топырағы бетіне шығып жатыр. Негізі, бұл көшелердің күрделі жөндеуден өткеніне 30 жылға жуықтады, – деді М.Ергешбаев.

Осы орайда былтыр аудан­дық маңыздағы автомобиль, елді­мекенішілік көше жолдарын жөндеуге 306 млн теңге бөлініп, тиісті шаралар атқарылды.

Аудан экономикасын арттырудың бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Жыл ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарында 11,8 млрд теңгенің өні­мі өндірілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға артық. Кәсіпкерлерге субсидия беру, арнайы грант арқылы қаржыландыру шаралары жалғасты. 12 жоба субсидияланып, 5 кәсіпкерге 6 млн теңге қайтарымсыз грант берілді.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде 100-ге жуық жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 620 адам кәсіпкерлер қатарына қосылды. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өндірістік аймақта 8 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Соның 4-і іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды.

– Ауылдық жерлердегі кәсіп­кер­ліктің үлесі – 22,2 пайыз. Сондықтан қай ауыл жұртының қандай кәсіп түріне икемі бары анықталып, жобалар дайындалды. Қаржысына дейін есеп­теп, соған сәйкес кәсіпкерлікті дамытудың жол картасын қабылдадық, – деді аудан әкімі.

Жалпы, соңғы бес жылдағы статистика аудан бюджеті көлемінің 1,8 есе артқанын көрсетеді. 2017 жылы ол 13,7 млрд теңгеге жетті. 1997 жылы ауданның өз кірісі 133 млн теңге болса, биыл ол 9 есе көбейді.

Есепті кездесуде аймақ басшысы сөз сөйлеп, кейбір мәселелерге айрықша тоқталды. Оның ішінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жауапкершілігі бірінші кезекте ауыл мен аудан әкімдеріне жүктелетінін жеткізді.

– Қазалы ауданында жұмыс­сыз­дық деңгейі әлі де жоғары. Осы мәселенің және бюджетті толықтырудың бірден-бір шешімі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекет бұл саланы дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Тек соны тиімді пайдалана білу керек, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Ауданда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің 20%-і жұмысын тоқтатқан. Аймақ басшысы осының себебін анықтап, мәселені жан-жақты қарастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, қала және кент аралығын жалғайтын ғимараттар мен тұрғын үйлердің сыртқы келбеті талапқа сай болуын ескертті.

Есепті жиында «РЗА» АҚ президенті, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Самұрат Имандосов ауданда атқарылған жұмыстардың беталысына оң бағасын беріп, алдағы міндет­тердің ойдағыдай шешілуіне тілектестік білдірді. Өз кезегінде аудан тұрғындарының сұрақтарына М.Ергешбаев тұшымды жауап берді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 ақпан 2018 г. 826 0