Нарыққа лайық талпыныстар жемісі

Өңірлік  коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов өткен жылдың қорытындысы, ­Елбасы Жолдауынан туындайтын  алдағы міндеттер туралы БАҚ  өкілдеріне арналған брифинг өткізді. 

– Елбасы биылғы Жолдауында алдағы 5 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді пайдалана ­оты­рып, өңдеу саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Осы орайда, өңделген өнімдердің экспортқа шығару көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Облыс­та ауыл шаруашылығы саласының соңғы жылдары жақсы даму динамикасы қалыптасты, –  деді сөз басында Серік Салауатұлы.

Аграрлық сала –  аймақ экономикасында маңызды жүйе. Себебі, облыс халқының басым бөлігін ауылдық, елді-мекен тұрғындары құрайды. Олардың күн көрісі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей байланысты. Облыстың аграрлық секторын мемлекеттік  қолдауға былтыр  9,3 млрд теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 процентке артқан. Сонымен бірге өндірілген өнім 86,1 млрд теңге құрап, 4,1 процентке өскен. Саланың негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 5012,2 млн теңге құрап, 25,7 процентке артқан. Ал, тамақ өнімдерін өндіру 619,3 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 80,6 процентті құрады. Күріш – облыстың негізгі дақылы. Өткен жылы облыс бойынша барлығы 181,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Күріш  90882 гектар жерге егіліп, әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алынып, 502,5 мың тонна күріш салысы жиналды.

Сонымен қатар былтыр облыста күріш, балық, қауын-қарбыз, пияз, болгар бұрышы секілді ауыл шаруа­шылығы өнімдері экспортталды. Нақты айтар болсақ, 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында облыс бойынша 89,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экс­портталып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,4 процентке  өскен. Оның ішінде шетелге шы­ғарыл­ған күріш көлемі 84,6 мың тоннаны құрап, 39 процентке артқан. Биыл бұл тапсырыс көлемі тағы да ұлғаймақ. Осы ретте Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта, ауылшаруашылық өнімдері экспортын жолға қою, жаңа нарықтар табу мәселесі оңтайлы жүргізілуде.

Мал шаруашылығына келер болсақ, облыс бойынша биылғы жылдың  1 қаңтарына 309,6 мың бас  мүйізді ірі қара, 586,7 мың бас қой мен ешкі, 120,5 мың бас жылқы, 42,4 мың бас түйе және 112,8 мың бас құс өсірілуде. Есепті кезеңмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, құс саны артқаны белгілі болды.

Аймақта «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес  өткен жылы 2100 бас аналық сиыр сатып алу жоспарланып, 119,4 процентке орындалды. Ал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1000 бас қой алынып, жоспар 163,3 процентке жүзеге асты. Сондай-ақ, «Құлан» бағдарламасы бойынша 500 бас жылқы сатып алынып, жоспар 134, 6 процентке орындалды. Айта кетерлігі, облыс бойынша 3219 жеке шаруа­шылықтардың бірі­гуімен 249 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. 

Брифингте облыстың АӨК дамыту және экс­порттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жыл­дар аралығында 30 млрд теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны айтылды.

Осы ретте, Шиелі кентіндегі «Мөлдір и К» ЖК қуаттылығы жылына 3,5 млн дана жұмыртқа өндіретін құс фермасын іске қосты. Ендігі кезекте жобаны 65 тонна құс етін өндіру бойынша кеңейтуді межелеуде. Сонымен бірге, Қарауылтөбе ауылдық округінде 1 гектар құрайтын жылыжай жұмысын бастап, өнімі алынды.

Бүгінгі күні облыста 159 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және пайдаланылмай тұрған 29 мың  гектар жерді қайта айналымға қосу жөніндегі, жалпы құны 122 млрд теңгені құрайтын 3 жоба енген. Мемлекеттік бағдарлама және тасқын суларды сақтау, жинақтау және тарату бойынша облыс көлемінде 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде Үкіметпен мақұлданған тасқын суларды жинақтау бойынша жоспарға сәйкес облыс бойынша су жинау көлемі 700 млн текше метр болатын 3 жоба жүзеге асырылмақ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сыйымдылығы 2,3 млрд текше метр болатын жаңадан 3 су қоймасы салынатын болады. 2017 жылы облыстық және аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға уақытша габионнан «Қожатай» су тоспасы салынды. Ал «Қазсушар» РМК филиалы есебінен 26 млн теңгеге «Картонкомбинат» су тоспасына  ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі кезде Солтүстік Арал теңізінің сыйымдылығы 27 млрд текше метр болса, Көкарал су тоспасы салынғаннан кейін, 12 жыл ішінде Сырдария өзені арқылы 30 млрд текше метрден астам су Үлкен теңізге қайтарымсыз кетті. Яғни, жыл сайын Үлкен Арал теңізіне кететін 2,5-3 млрд текше метр судың жартысы Қараөзектің бойында жиналатын болады.

Теңіздің толысуымен аймақта балық шаруашылығы да жанданып келеді. Ғылыми ұйымдармен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізі мен 203 көл есепке алынған. Бүгінгі таңда Кіші Арал теңізінің учаскелері және 152 көл табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілді. Нәтижесінде өткен жылы 8740 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 140 млн теңге қаржы түскен. Қазіргі кезде өңірде жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 ірі балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды.

Сонымен бірге Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңыр» кешеніндегі қарым-қатынас бірте-бірте жалдық жағдайдан кешенді пайдалануға көшіп жатқанын айта кеткен жөн. Барлық әлеуметтік-экономикалық мәселелер Ресеймен бірлесе отырып арнайы құрылған үкіметаралық комиссияның шеңберінде шешілуде. Өткен жылы ынтымақтастық тұжырымдамасы аясында Байқоңыр қаласының ұзақ мерзімді даму бағдарламасы әзірленді. Енді бағдарлама бойынша былтыр құрылысы басталған 5 көпқабатты тұрғын үй осы жылы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Қалаға табиғи газ да беріле бастады. Ең алдымен 447 пәтерлі 6 тұрғын үй, 6 мектеп пен 1 балабақша табиғи газға қосылды.   Бұдан бөлек қаланың су және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Брифинг соңында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауап қайтарылды.

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 ақпан 2018 г. 623 0