Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін Бас келісімге қол қойылды

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Комиссия жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстан Еңбек конфедерациясының, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығының басшылары, сондай-ақ селектор режимінде облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыс барысында мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саясаты және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ҚР Президенті Н.Назарбаев жүктеген міндеттерге сәйкес еліміздің азаматтары үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселелері талқыланды. Отырыс барысында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша тараптардың келісілген позицияларын анықтайтын Қазақстан Республикасы Үкіметі, республикалық жұмыскерлер бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды.
Бас келісім аясында қабылданған міндеттемелерді іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспары (Жол картасы) қаралды және бекітілді. Құжатқа әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның тараптары қол қойды: Үкіметтен – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Досаев, жұмыскерлер бірлестіктерінен – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым және Қазақстан еңбек конфедерациясының бас хатшысы – М.Машкенов, жұмыс берушілер бірлестіктерінен – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов, жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қ.Байкенов, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан тауар өндірушілері және экспорттаушылар одағының президенті Н.Радостовец.
2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім экономиканы технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, халықты формалды және өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, адами капитал сапасын, еңбек жағдайлары мен қорғауды жақсарту, сондай-ақ өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты болды.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2018 г. 752 0