Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Келісім Алматы қаласында 2013 жылғы қарашада ресми түрде ашылған Солтүстік және Орталық Азияға арналған Субөңірлік бөлімшенің жұмысын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Осы Келісім транзиттік сауда, су және энергетика салаларындағы біріккен жобалар бойынша Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен ықпалдастығын нығайта түседі, сондай-ақ Қазақстан тарапына Бөлімшенің жұмысына және кейбір бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін ерікті жарна бойынша Бөлімшеден жыл сайын есеп алуға мүмкіндік береді. Заң жобасы Палата қарауына жіберілді.