Қызылорда облысында смартфон шынылары шығарылмақ

Қызылордада смартфондар мен гаджеттерге арналған ультражұқа әйнектер шығару жоспарлануда. Бұл туралы Қытай еліне сапарының қорытындысы бойынша журналистермен кездескен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлады ҚазАқпараттың Қытай еліндегі тілшісі.
Бүгінде құрылысы жүріп жатқан томпанажды цемент зауыты биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ал, шыны зауыты Астана күні мерекесі қарсаңында іске қосылмақ. «Қызылорда облысының делегациясы Қытай елінде ірі инвестициялық компания өкілдерімен кездесті. Жоғары технологиялық алты жоба бойынша келісімге келдік. Мысалы, шыны зауытының екінші кезеңі қолға алынып, смартфондар, планшеттер мен гаджеттерге арналған ультражұқа шынылар шығарамыз. Бұл Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды»,- деді Қ.Көшербаев.
Әкімнің айтуы бойынша, келісілген жобаларды іске асыру үшін екіжақты жұмыс тобы құрылған. Алдағы уақытта нақты келісімдерге қол қойылмақ. Сондай-ақ, Шэньчжэнь қаласында «Huawei» компаниясымен «Ақылды қала» жобасы бойынша меморандумға қол қойылады. Бұл компания бүгінде әлемге жақсы танымал. Осындай «Ақылды қала» жобасына Сырдарияның сол жағалауында бой көтеріп жатқан қала да енетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Қ.Көшербаев қытайлық CNEEC компаниясын Сыр еліне шақырған болатын. Күн және гидроэлектрстанциясы мен қоқыс өңдеу зауытын салу бойынша жобаларды іске асыру, сонымен бірге «Ақылды қала» жүйесін дамыту үшін қытайлық компания Сыр еліне келуі мүмкін. Бүгін әкім қытайлық China Triumph International Engineering Co, Ltd, мен «Gezhouba Group Cement Co., Ltd.» компанияларының басшыларымен келіссөздер жүргізді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2018 г. 1 061 0