Қазақстанның киелі жерлерін түгендеген еңбек

Бүгін Астанадағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық басқарма офисінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары»атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабаррлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

ҚР мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық музейі мен «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада үш кітаптың таныстырылымы болды.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы негізінде құрылған «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығы мен «Туған жер» қазақстандық өлкетанушылар қоғамдық бірлестігі 2017 жылы ауқымды жобаларды сәтті аяқтады. 2017 жылы жасалған негізгі жұмыстардың бірі - Қазақстанның қасиетті нысандары бойынша республикалық этномәдени экспедициялар. Аталған шара барысында экспедиция мен басқа да ізденістер негізінде жасалған жұмыстар жұртшылыққа таныстырылды» - дейді ұйымдастырушылар.

Сонымен «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығының бір жылдық жұмысының нәтижесінде жарық көрген үш кітаппен қысқаша таныстырар болсақ;

Бірінші – «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» деп аталатын кітап үш тілде 1000 данадан басылған. Онда тізімге енген 185 киелі нысан – «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар», «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» қатарлы бес топқа жіктелген.

Екінші – «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы екі тілде 1000 данадан жарық көрді. Бұл еңбек арнайы жүргізілген экспедиция нәтижесінде еліміздің өңірлік нысандарын аралап, тарихымен танысып, бүгінгі жағдайын, маңызын көзбен көріп, жете танысу арқылы дайындалды. Кітапқа 500 жуық нысан енгізілген.

Үшіншісі – «Қасиетті Қазақстан» кітабының бірінші томы. Бұл кітапқа Астана қаласы мен Ақмола облысы және Алматы қаласы мен Алматы облысындағы киелі жерлер енгізілген.

«ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында жазылған бұл кітаптар – рухани құндылығымызды жаңғыртатын бастама. Алғаш рет шығаралып отырған еңбектің ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды заманға сай одан әрі байытуда, оны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру арқылы жаңа ұрпақты қалыптастыруда маңызы зор деп есептейміз. Кітаптарда көрсетілген қасиетті жерлердің әлі де болса қаншама сырларын ішіне бүгіп жатқаны анық. Басылым кез келген туған өлкесінің табиғи, тарихи ескерткіштерін зерттеуге қызығушылық танытқан көпшілік оқырманға арналады» - дейді «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығы басшысы Берік Әбдіғали.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қаңтар 2018 г. 1 019 0