« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен сенбіде облыстық қоғамдық кеңесте облыс әкімінің орынбасарлары Р.Рүстемов, С.Қожаниязов және облыстық басқарма, департамент, аумақтық инспекция басшылары, қала әкімінің орынбасарлары қатысуымен қоғамдық қабылдау өтіп, халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді. Жиын барысында түрлі сұрақтар қойылды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.
Қапан Нағашыбаев қаладағы С.Торайғыров көшесінің тұрғыны. Айтуынша, олар тұратын аймақ №2 қалалық емханаға қарайды. Ең бірінші сол жерге жету қиын. Көлік қатынасы толық шешілмеген. Екіншіден, емхананың күндізгі бөлімі ашылғанымен, техникалық құрылғылар жоқ, ешқандай ем-шара жұмыстары жүргізілмейді. Сондай-ақ, пациенттерге арналған орын қарастырылмаған.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов өңірде 2013 жылдан бері аймақ басшысының қолдауымен денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп келетінін атап өтті. Қазіргі күні көрсеткіш беретін аурулар түрі бойынша “Жол картасы” қабылданған. Соңғы 3-4 жылда бұл салаға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Денсаулық саласын материалдық-техникалық базамен қамту өткен жылға дейін 45 пайызды құраған. Биыл едәуір алға жылжу бар. Республика бойынша орташа көрсеткішіміз 80 пайызды құрайды. Компьютер, өзге де қажетті техникалардың жетіспеушілігі бақылауға алынып отыр. – Ал, күндізгі емхананың жұмысын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназароваға тапсырамын, – деді.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары А.Шәменов, ол жерде үлкен сыйымдылықтағы автобустардың бұрылып шығып кетуі қиындық туғызғанын, соған орай кіші сыйымдылықтағы көліктер қойылғанын айтып, бұл мәселе әлі де пысықталатынын жеткізді.
Сондай-ақ қала тұрғыны Мұсахан Әбдіқадыров, “Сыр сүлейі” аллеясына Қаңлы Жүсіптің есімін енгізсеңіздер деген ұсыныс білдірді. Сонымен бірге ол аяқ су мәселесі, саяжайларды сақтау, оларға бөгет арқылы арық тартылса, тұрғындар көгалдандыру жұмыстарын жүргізер еді деген ойын жеткізді.
А.Шәменовтің айтуынша, Арайдағы бұрынғы саяжайларға арнайы дариядан арық жіберуге мүмкіндік жоқ. Ал құбыр орналастыру үшін мамандармен ойласып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Сауалға орай Руслан Рүстемұлы, мынадай мәселені айтып өтті.
– Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп бұрын жазбаша айтысқан ақындар. Оны тарихтан бәріміз білеміз. Көтеріп отырған сұрағыңыз орынды. Екеуінің есімі қатар тұруға тиісті. Сондықтан мұны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен қала әкімінің орынбасары Ш.Баймановқа тапсырамын. Ал, ескі жолдарды зерттеуге келер болсақ, жыл басынан “Рухани жаңғыру” орталығы жұмысын бастауда. Онда көптеген ғалымдар бар. Бұл мәселені сол кісілер археологтармен біріге отырып шешетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қоғамдық қабылдауда, сондай-ақ, қала тұрғыны, зейнеткер Тұрабай Майшаубек дәрі-дәрмек бағасына қатысты ұсынысын жеткізді. Зейнеткер атап өткендей, әсіресе, көздің дәрілеріне ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Көз ауруларының ішінде «глаукома» деген ауру бар. Мұның дәрілері өте қымбат. Оған зейнеткелер үшін қолжетімділік аз. Сондай-ақ, зейнеткер жүрек ауруына орай үш ай бұрын порталға тіркелгенін әлі күнге кезегі келмей отырғанын айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова негізі тегін дәрі-дәрмектің тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен бекітілетінін мәлімдеді.
– Сіздің «глаукомаға» байланысты айтқан ұсынысыңызды қабылдаймын. Қаңтар айынан бастап берілетін тегін амбулаториялық дәрілерге республикадан 384 млн теңге бөлінді. Сол себепті бекітілген тізім бойынша ешқандай қиыншылық тумайды. Сонымен қатар, өзіміздің жергілікті мәслихат арқылы тегін дәрілердің қатарын көбейтуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл сирек кездесетін аурулар мен өте қымбат болатын дәрілерге қарастырылады. Порталды айтар болсақ, оның өз ережесі бар. Жоспарлы түрде баратын болғандықтан, күтуге тура келеді. Себебі, оған қаржы министрліктен бөлінеді, – деді басқарма басшысы.
Жалпы халық пен билікті байланыстырған бұл жиында тұрғындардың айтары көп болды. Сұрақтардың басым бөлігі аяқсу, жаяу жүргіншілер жолы, көлік қатынасы, жер алу мәселесі мен денсаулық саласына қатысты өрбіді. Басшылық мұның барлығын тыңдап, тиянақты жауап берді. Әрбір айтылған мәселе сол күйінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асатынын жеткізді. Сондықтан халықтың тілегі үнемі назарда болмақ.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |