ҚАЗАЛЫДА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ АКТИВ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Бүгін Қазалы ауданында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған жиын өтті.

Аудандық актив мәжілісіне аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Онда Елбасы Жолдауында айтылған негізгі бағыттар және одан туындайтын міндеттер жөнінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев хабардар етті. Сонымен қатар, аудандық сот  төрағасы Д.Мұратбекұлы, еңбек ардагері Б.Пірманов, аудандық аурухананың бас дәрігері К.Әбілов, №190 мектеп директоры Д.АйтмамбетЖолдауға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, қолдайтындықтарын жеткізді.

Жолдаудың 10 міндеті – ел дамуының жаңа тынысы. Елбасы бірінші міндетінде «индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» -  деген болатын.  Елімізде индустрияландыру бағдарламасы аясында өңірде жаңа технология енгізген кәсіпорындар ашылып, жаңа өнім түрлері көбеюде. Бұл Қазалы ауданында да бар. Мәселен, «РЗА» акционерлік  қоғамының өнімдері.

Жалпы алғанда, индустриялық-инновациялық бағдарламасының бірінші 5 жылдығында ауданда                     17 жоба толық іске қосылып, оларда 212 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл осы бағдарлама аясында «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт зауыты 2,5 млрд. теңге құрайтын II ші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жыл ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарында 11,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға артық.

Аудан басшысы мәжілісте тиісті сала басшыларына бұл жетістіктерге тоқмейілсімей, осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

Екінші міндет - ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.Алда ауданда осы бағыттағы жұмыстар қолға алынбақ. Өйткені, жаңа жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Үшінші міндет - «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Қазалы - ауылшаруашылығына негізделген аймақ екендігі белгілі. Жыл ішінде салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 189 млн. теңгені құрады. Есепті кезеңде 10,2 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді. Өткен жылы салаға  1 млрд. теңгеден астам субсидия төленді.

Былтыр 17 355 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары  орналастырылған болатын. Аудан дихандары басты дақыл күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 30 мың тоннадан астам Сыр маржанын құйды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында да біршама жұмыстар атқарылып, 2017 жылы 8240 тонна күріш Ресей, Украина, Тәжікстан елдеріне экспортталды.

Биыл күрішті экспортқа шығару көлемін арттыруымыз керек. Өткен жылы сұранысы жоғары «ТоремХошеми» сортты күріші 2 гектарға егілген болатын. Биыл осы сортты күрішті 150 гектар жерге ұлғайтып егуді жоспарланып отыр..

Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылдары егіліп, 14538 тонна өнім алынды. Алынған өнім көрші Арал, Қармақшы аудандары мен Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қалаларына сатылып, Ресей еліне 552  тонна қауын-қарбыз экспортқа шығарылды. Биыл да бау-бақша егісі жалғастырылмақ.

Төртінші міндет - көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Осыдан 5 жыл бұрын аудан меншігіндегі автомобиль жолдардың 31 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болатын. Қазір бұл көрсеткіш  66,4 пайызға жетті.

Өткен жылы аудандық маңыздағы автомобиль және елді-мекен ішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттен  306 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жалғастырылмақ.

Ауданда инфрақұрылым жобаларын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Жаңа 5 аймақ бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізінде алда 3 мыңға жуық тұрғынға жер беру жоспарлануда.

Бесінші міндет-  құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.Өткен жылы ауданда 33,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынып, 102,3 пайызға орындалды.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасымен Әйтеке би кентінен 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Алда қала мен кент аралығынан тағы да тұрғын үйлер салу жоспарда бар.

Алтыншы міндет - қаржы секторын «қайта жаңғырту». Мемлекет басшысы бұл міндет аясында қаржы секторын «қалпына келтіру» туралы жариялады.

Жетінші міндет - адами капитал – жаңғыру негізі. Өткен жылы 126 мұғалім, 12 мектеп директоры деңгейлік курстар бойынша біліктіліктерін арттырса, 2018 жылы білім мазмұнын жаңарту бағдарламасына сәйкес 700-ге жуық мұғалім біліктілігін арттырмақ.

Облыс әкімінің қолдауымен мектеп бітірушілер Ресейдің және еліміздің жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде оқып жатқаны белгілі. Олардың қатарында қазалылық жастар да бар. Бүгінде 14 түлек Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда. Сондай-ақ, облыс әкімі гранты негізінде аз қамтамасыз етілген отбасының 62 баласы еліміздің түрлі оқу орынында оқып жатыр.

Сегізінші міндет - тиімді мемлекеттік басқару. Бұл міндет бойынша елімізде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстар жалғастырылады.

Тоғызыншы міндет - жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес те жалғаса береді.

Оныншы міндет - «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» стандарты бойынша Қазақстан қалалары арасында озық практиканы тарату және тәжірибе алмасу ісі басталмақ.

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2018 г. 542 0