ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ. Облыс орталығына қарасты кент және ауылдық округ әкімдерінің есеп беруі бас¬талды. Алғаш болып Белкөл кентінің әкімі Асхат Ибрагим кент тұрғындары алдында есеп берді. Есепті кездесуге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Өткен жылы Белкөлде бірқатар ауқымды істер жүзеге асты. Соның бірі – газ құбырын тарту жұмыстары. Жылдар бойы өзекті болған бұл мәселе оң шешімін тапты. Кент тұрғындары көптен күткен “көгілдір отынға” қол жеткізді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 378 млн теңге қаржы бөлініп, 630 тұрғын үй газға қосылды.
Сондай-ақ, кент халқы Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Ақбұлақ” бағдарламасы аясында таза ауызсумен толық қамтылып отыр. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары да жолға қойылған. Өткен жылдың өзінде 18 жоба іске қосылып, 41 жаңа жұмыс орны ашылды. “Сыбаға” бағдарламасы негізінде жұмыс істеп жатқан “Бірқазан”, “Аманкелді”, “Дархан”, “Маханов” шаруа қожалықтарына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға 2,4 млн теңге көлемінде субсидия беріліп, өз кезегінде 32 азамат жұмыспен қамтылған.
Осындай есепті кездесу Тасбөгет кентінде де жалғасын тапты. Кент әкімі Пахуадин Шамұратов өткен жылды қорытындылап, атқарылған жұмыстарға халық алдында есеп берді.
Оның айтуынша, кенттің экономикалық дамуы қарқынды. Шағын кәсіпкерлік өрістеп келеді. Былтырғы көрсеткіш бойынша кәсіпкерлік нысандар 321-ге жетіп, 1040 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы “Тасбөгет” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Бұл ұйым “Береке” бағдарламасымен 192 млн 600 мың теңге несие алып, ірі қараны бордақылаумен айналысуда.
Кентте ауызсу мәселесі де өз шешімін табуда. Халықтың 90 пайызы қамтылған. Кентке қарасты “Сабалақ” саяжайына ауызсу желісін жүргізу жоспары бар. Бүгінге дейін ұзындығы 9 шақырымды құрайтын көшелерге күрделі, орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілген. Кентте осы секілді келелі істер өз ретімен жүзеге асуда.
Есепті кездесулерде қала әкімі Н.Нәлібаев шаһарда атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, жиынға қатысқан тұрғындардың ой-пікірін тыңдады. Өз кезектерінде тұрғындар мен келген қонақтар кент әкімдерінің жұмысына оң баға берді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.