« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мойындауымыз керек, цифрландыру технологиясы бойынша біз кейін қалып келе жатырмыз. Бұл бір жағынан кемшілік, екінші жағынан бұны артықшылығымыз деп те айтуға болады. Өйткені, бүгінгі технология жыл емес, ай емес, күн санап жаңарып жатыр. Бір жыл бұрын орнатқан жүйе жыл өтпей жатып ескіріп қалуда. Заман ағымынан қалмас үшін оны қайтадан жаңарту керек болады. Ал оның бәрі қаржыға келеді. Міне, осы жерде біздің ұтатынымыз, соңғы шыққан технологияларды қолдана бастайтын боламыз.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер және облыстың 2017 жылғы индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм салалары бойынша атқарылған жұмыстар сараланған брифингте облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким мәлімдеді.
Облыс әкімінің орынбасары брифингке қатысушыларды цифрландыру технологиясы бойынша алдағы кезеңдері жүзеге асырылуы тиіс бірқатар жобалар жөнінен хабардар етті. Мәселен, көлік саласы бойынша Қызылорда қаласында «Ақылды аялдама» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Сол уақыттары қоғамдық көлікті пайдаланатын тұрғындар автобустардың қашан келетінін смартфондағы мобильді қосымша арқылы біліп отыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жолақыны қолма-қол емес, төлем жүйесі арқылы төлеуге мүмкіндік жасалмақ. Төлемдерді карточкамен емес, телефон арқылы төлеу әлем елдерінде қолданыла бастаған тәжірибе.
Ал, денсаулық саласында «Емделушінің электронды төлқұжаты» жобасы іске асырылмақ. Емделушіде анықталған сырқаттар электронды құжатқа түсіріледі. Сондай-ақ, пациент дәрігерге қай уақытта жазылғысы келетінін де нақтылай алады. Сонымен қатар, керек дәріні кез келген дәріханадан онлайн режимде көру мүмкіндігіне қол жеткізіледі.
Білім саласына енгізілетін «Электронды журнал» жобасы бойынша оқушылар оқу материалдарымен танысып, онлайн түрінде білім ала алады. Ата-аналар балаларының үлгірімі жайлы үйде отырып-ақ білсе, шалғай елді мекендердегі білім ошақтары цифрлы жүйемен қамтамасыз етіледі.
Е.Ким біздің бүгінгі жастарымыздың арасында дарындылар аз емес екенін айтып, оларға риза екенін жеткізді. Олар цифрландыру технологиясына қатысты жаңа жобалар жасап, ұсынуда. Бұл жобаларға мамандар жоғары бағаларын беруде. Демек, осындай жастарымыз өсіп келе жатқанда біз бұл салада көштен қалмайтын боламыз.
Брифингте өндіріс саласының өткен жылғы нәтижелері туралы ақпарат берілді. Мұнай өндіру көлемі азайып, ол өз кезегінде өнеркәсіптік өнім көлемінің төмендеуіне (95,7%) әсер етті. Алайда, өңірдің даму қарқынын сипаттайтын басқа макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілген. Өңдеу өнеркәсібі саласында өндіріс өсімі 4,5 % құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 6,5% ұлғайып, 241,5 млрд теңгені құрады. 2017 жылдың 12 айында Индустрияландыру картасының іске қосылған жобаларымен құны 18,4 млрд теңгені құрайтын өнім өндірілді. Өткен жылы Индустрияландыру картасымен іске қосылған кәсіпорындардан экспортталған өнім көлемі 28%-ке өсіп, экспортқа өнім шығарылатын мемлекет саны 8-ден 11-ге дейін ұлғайған.
2018 жылдың 1 қаңтарына жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37 450 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,2% артты. 2017 жылдың 1 қазанына ШОБ жұмыспен қамтылғандар саны 85 801 адамды құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8% артты. Жалпы 2017 жылдың 9 айының қорытындысымен ШОБ субъектілерінің өнім шығарылымы 207,6 млрд. теңгені құраса, өсім – 121,5%. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын 2017 жылы іске асыруға 779,6 млн теңге қаржы бөлінген.
Сонымен қатар, 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырыла бастады. Аталған бағдарлама аясында Қызылорда қаласы мен ауылдарда микрокредиттер беру үшін 2 млрд 379 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, облысымыздың 434 кәсіпкеріне микрокредиттер ұсынылды. Одан бөлек, 2017 жылы «Даму-Аймақтар» бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 700 млн теңге және дәл сондай 700 млн теңге «Даму» қорымен бөлінді. Жыл қорытындысында жалпы құны 1 млрд 178 млн теңге болатын 48 жоба қаржыландырылды. Облыс әкімінің орынбасары 2018 жылы аталған бағдарламаларды іске асыру үшін жалпы 3 млрд 692 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, 2013 жылы кәсіпкерліктің даму көрсеткіші бойынша біздің облыс республикада ең соңғы орындарда болса, қазіргі кезеңде жетінші-сегізінші орындарда келеміз. Бұл көрсеткішке көңіл тоғайтуға болмайды. Сол себепті алдыңғы лектен табылу үшін жан-жақты жұмыс жасала бермек.
Сонымен қатар, қазірде облыс бойынша ірі сауда орындарының саны 166 бірлікті құрайды. 2018 жылы өңірімізде 7 ірі сауда орнының іске қосылуы жоспарлануда. Оның ішінде облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан заманауи форматтағы «АRAI CITY MALL» сауда ойын-сауық орталығы да бар.
2017 жылдың 9 айында облысқа 44 мыңнан астам турист келген. Қамбаш көлі жағалауында туризмді дамыту мақсатында инвестиция тартылып, 105 млн теңгеге 90-ға жуық нысан салынған. Қазіргі таңда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында 21 нысан жұмыс жасап тұр. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 9 нысанды іске қосу жоспарда бар.
Е.Ким осы салаларды әрі қарай дамыту мақсатында ағымдағы жылы түрлі форумдар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді. Брифингке облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Берденова және облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжанов қатысып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
Н.Нұржаубай (сурет).
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |