СЫМБАТЫҢА СҮЙСІНДІМ, СҰЛУ СЫР

Бүгінде негізі қаланғанына 200 жыл толған Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Қала көшелері кеңейген, жарықтандырылған, сымбатына сымбат қосқан.  Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар, тіпті, ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы замандардың бейнесін беретін ескерткіштер өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады.

Иә, бұл – біздің  Қызылорда. Жаңарған, жасарған, ерекше кейіппен жасанған. Мұндағы құрылыс жұмыстары атқарылып жатқан көп тірліктің бірі ғана.
Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге де қалалардан кем түспейді. Өйткені, бұл қала Елордаға қарап бой түзеуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға сапары барысында аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген болатын. Өңір құрылысшыларымен кездескен Елбасы құрылысты әртүрлі сәулет тәсілдерін пайдаланып, сапалы әрі көрікті етіп салу керектігін де тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Астана секілді сол жағалауға жаңа қала салып жатқан құрылысшыларға алғыс айтып, табысты болыңдар деген лебізін де білдірді. Осындай жылы жүздесуден кейін аймақтағы құрылыс жұмыстарының екпініне екпін қосылды деуге болады. Президент сапарынан соң «Орион LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шалқар Жаңабергеновпен сөйлескенімізде ол «Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда да әсемдене түсері сөзсіз» деген ойын білдірді.
Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, соңғы 5 жылда облыс аумағында 200 әлеуметтік нысан салынған. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовтің айтуынша,  соңғы 3 жылдың өзінде 5464 пәтерді құрайтын 121 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілген.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы  467 пәтер берілсе, 2015 жылы 2652 отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ, 2015 жылы көпқабатты 53 үй тапсырылса, 2016 жылы 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Соңғы жылдары 12 шағын аудан бой көтерген. 2016 жылы Қызылордада бір мезетте 4115 пәтерден тұратын көпқабатты үйлер салынды. Осының өзі аймағымызда тұрғын үй құрылысының бұрын-соңды болмаған деңгейде қанат жайғанын көрсетеді.  
Нәтижелі жұмыстардың арқасында соңғы 5 жылда облыстағы құрылыстың көлемі 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында 8 есеге артқан. Сондай-ақ, 7 мыңнан астам жерлесіміз жаңа баспанаға ие болды.
Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Үш ауысыммен оқытылатын мектептер азайды. Аудандарға да ерекше көңіл бөлініп  отыр. Қазалы мен Аралда 150 орындық екі орталық аудандық аурухана құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Қызылорда қаласында ауысымына 400 келушіге арналған емхана жұмыс істей бастады. Жаңа жылдың жаңалығы ретінде Қазалыдағы аурухананың пайдаланылуға берілгенін атап өтуге болады. Негізінен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде құны 20 млрд теңгеден асатын 21 жоба жүзеге асуда. Бұл саланың жұмысын әрі қарай жандандыру үшін облыстағы денсаулық сақтау объектілерін жаңғыртудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Осы жоспардың аясында құны 38,2 млрд теңгені құрайтын 79 денсаулық сақтау объектісінің   құрылысы жоспарланып отыр. Бұл ретте құны 21,5 млрд теңге тұратын  76 нысан жеке инвестициялар мен жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен салынбақшы.
Білім саласында да құрылыс жұмыстары толастаған емес. Өткен жылдың мамыр айында 9 мектеп пайдалануға берілді. 2017 жылдың тамыз айында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев  ауылдарында 300 орындық мектептер ел игілігіне берілді. Мұнымен қоса республикалық бюджет қаржысы есебінен облыста Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарында 300 орындық 4 мектептің құрылысы басталды. 2016 жылы облыста  апаттық жағдайдағы 12 мектептің құрылысы басталған болатын. Өткен жылы Қармақшы ауданында «Айгөлек» және «Ертөстік» сынды екі бірдей балабақша игілікке берілді. Бұдан бөлек облыста 7 балабақша салынуда.
Сыр өңірінде спорт саласы да жақсы дамып келеді. Спортшылардың жеткен жетістігінің өзі бір төбе. Халық та саламатты өмір салтына ден қойған. Сәйкесінше спорт нысандары да бой көтеруде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарында барлығы 7 спорт кешені салынуда. Бұларды осы жылы пайдаланылуға беру жоспарланған. Мәдениет саласы бойынша да 3 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Осы жерде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Бұл аймақты кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде, өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді атап өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен бульварлар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Өткен жылы жаңа қала атанған аймақтан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынып жатқанын да айта кеткен жөн. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда.  
Мамандардың пікіріне сүйенсек, республи­калық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да  жоспарда бар екен. Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, Қызылордада, дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады.
Алдағы уақытта бұл аумақтан Жастар орталы­ғы, Неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталық бой көтермек. Осы ретте, сол жағалауда «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының құрылысы басталғанын айта кетуді жөн көрдік. Сол жағалауда «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасады.
Сырдың бас қаласындағы ғажайыптар мұнымен бітпейді. Бір ғана аялдамаларға келген әрбір адам қазақ халқының дара тұлғалы даналарының өмірімен таныса алады. Қала көркін аша түскен қыс көріністері, тіпті, керемет. Әсіресе, түнгі уақытта жалт-жұлт етіп жарқырап тұрады. Иә, Қызылорданың мұндай бейнелі келбеті қалаға әр беріп, жанды жадырата бермек.
Сыр жеріне табан тіреген қонақтар аймағымыздың жаңара түскенін айтуда. Жуырда ғана облысымызда жұмыс сапарымен болған ҚР Парламенті депутаттары Сыр өңірі ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәжіліс депутаты, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Аймақтың даму динамикасы жақсы. Әсіресе, білім, денсаулық салаларына ерекше көңіл бөлінген. Құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Үдемелі индустриалды даму бағдарламасы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да қолға алған бастамалар бар. Қызылорда қаласы да адам танымастай өзгерген. Бұрынғы Қызылорда мен қазіргі Қызылорданың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мұндағы жетістіктерді теледидардан тамашалап, баспа беттерінен оқитын едік, енді, міне, өз көзімізбен көріп, риза болдық» деген пікірін білдірді.
Шынында да, облыс орталығының әсем келбеті таңдай қақтырары анық. «Өзім Сыр елінің тумасымын. Қазір Астана қаласында тұрамын. Қызылорда қазір мүлде бөлек қалаға айналған. Зәулім үйлер бой көтерген. Қызылорданың бүгінгі келбетін көріп сүйсініп жүрмін», – деді Досхан Сынабаев есімді азамат.  Ал, Кәмшат Сұлтанова атты қала тұрғыны өзінің Қызылордада тұратынын мақтан тұтатынын жеткізді. Мұны Сыр бойындағы әсем қаланы жақсы көретін әрбір жанның сөзі деп білдік.
Жаңарған өлкенің жаңғырған көрінісін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Тіпті, Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс жұмыстарын айттық дегеннің өзінде, қосылмаған, қамтылмаған қаншама дүние қалды. Қысқасы, облысымыздағы құрылыс қарқыны сәулет және елдің дәулеті мен кемел келешегінің айқын көрінісі.  
 Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қаңтар 2018 г. 705 0