« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақтың ХХ ғасырдың маңдайалды ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы, яғни, мұғалім білімді болса, білгенін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі білімді, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» депті. Ұлт ұстазының бұл пікірі уақыт өткен сайын айқындала түскені байқалады.
Ұрпағына тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, оған дұрыс бағдар беруде ата-анамен бірге ұстаздың да еңбегі зор. Бала біткенді білім нәрімен сусындатқан ұстаз диқан сияқты. Өйткені, ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай үлкен жүректі ұстаздың бірі – шиелілік Мінәт Қалдыбайұлы болатын. Ол кісі мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеп бала оқытудың мәні мен маңызын терең түйсінген жан еді.
Әңгіме арқауына айналып отырған Мінәт ағамыз 1907 жылы Шиелі ауданының Ортақшыл ауылында өмірге келген. Алғаш ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан жас талап кейін Айдуәлиевтің мектебінде оқиды. Кеңес үкіметі орнаған соң Қызылордадағы педагогикалық училищеде орысша білім алған. Тәжікстанда болып, жер жөніндегі басқармада еңбек еткен. Елге оралған соң Жаңақорған ауданындағы Талап ауылында мұғалім болды. Ол кезде Шиелі мен Жаңақорған аудандары бірге еді. 1928 жылы «Тегісшіл» деген атпен артельге біріккен халық отызыншы жылдары «Ортақшыл» ұжымының айналасына топтасты. 1934 жылға дейін бұл ауылда мектеп болмаған. Сол себепті, ауыл балалары көршілес Жөлектегі мектеп-интернатта оқыды. Осы тұста Мінәт Қалдыбайұлы мектеп ашуға бекінеді. Оқыған-тоқығаны көп білімді азамат ақыры дегеніне жетіп, 1934 жылғы қазан айында жоғары жақтың шешімін алды. Бұған ауыл жұрты да қуанып, колхозшылар асармен екі бөлмелі мектеп үйін салды. Алғашқыда білім ошағына қажетті парта, орындық, тақта секілді жиһаздар болмайды. Ауыл ақсақалдарының айтуына қарағанда жергілікті Әбдірей ұста бұл бұйымдарды қолдан жасап берген екен. Ал, Жөлектегі мектеп глобус пен атласты саяси картаны сыйға тартқан. Бұл сол кезде таптыра бермейтін дүниелер еді. Осылайша, жұдырықтай жұмылған жұрттың ынтымақты тірлігінің арқасында үлкен жұмыс бітеді. Мінәт ағай Жөлек интернатындағы оқушыларды ауылға өзі ертіп келген.
Ол Ортақшылдағы мектепті ашып қана қоймай, осы білім ордасының алғашқы ұстазы болды. Бүгінгі жұрт М.Қалдыбайұлын Ортақшылдың алғашқы мұғалімі ретінде біледі. Бұл мектеп Ұлы Отан соғысынан кейін де ауылдағы ағайынның көмегімен қайта салынып, жетіжылдыққа айналады. М.Қалдыбайұлы 1957 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың филология факультетін оқып, бітіреді. 1959-1960 жылдары қыста Сырдария өзені тасып, мектепті су шайып кетеді. Мінәт ағайдың басшылығымен білім ошағы қайта бой көтереді. Осылайша, үш мәрте асар әдісімен салынған білім ордасы 1969 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен онжылдық орта мектепке айналды. Ал, 1974 жылы №150 Ортақшыл орта мектебі облыстың «Құрмет тақтасына» ілінді.
№150 мектептің іргетасы қаланған сонау 1934 жылдан бері білім ордасынан талай-талай талантты шәкірттер түлеп ұшты. Мінәт ағай жаққан білім шамының жарығы дарыған шәкірттері қазір еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған жан 1968 жылы мектеп басшылығынан зейнетке шықты. Ол шәкірт тәрбиелеумен қатар білім ошағын басқарып, оның бірнеше рет жаңғыруына, су шайып құлағанда қайта бой көтеруіне үлес қосты. Қаншама шәкірттің шырағын жағып, өмір жолын адалдықпен өрбітті. Халықты сауаттандыруға өлшеусіз үлес қосты, артында өшпес із қалдырды. Сол еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен қоса 7 медаль және «ҚазССР Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен 2 мәрте марапатталды.
Ұстаздық қызметін шығармашылықпен ұштастырып, түрлі басылымдарға тұрақты түрде мақала жазды. Тіпті, газеттің меншікті тілшісі де болды. Тәржімашылықпен де айналысты. Себебі, араб, парсы тілдерін жақсы білетін. Шәді төре Жәңгірұлының 16 мың жолдан тұратын араб әрпімен жазылған «Хандар шежіресі» атты шығармасын аударып, әдебиетімізге сүбелі үлес қосты.
Дара жолды адамдардың ерекше қасиеттері болады. Мінәт ағай кітап жинауды ұнататын. Ол кісінің үйінің бір бөлмесі толған кітап екен. Бір ғажабы, өмір бойы жиған байлығы сөрелерде рет-ретімен тұрды. Өзімен жақсы араласатын белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Мінәт, мына кітаптарыңды көзің тірі кезінде өткізбесең, келіндерің самаурынға тамызық қылып салып жібереді» деп әзілдегені бар. М.Қалдыбайұлы жеке кітапханасындағы таңдаулы 150 кітапты сол кездегі тарихи ескерткіштерді қорғау академиясынан келген қызметкерлерге өз қолымен табыстайды. Қалған 4 мыңға жуық кітабын ауыл мектебінің кітапханасына өткізген. Сол кітаптар ескі мектептің ғимаратында әлі тұр. Онда 4 мыңға тарта кітап пен ескі тұрмыстық бұйымдар сақтаулы.
Мыңдаған жанның жүрегіне білім нұрын құйған ұлағатты ұстаз отбасында 5 бала тәрбиелеп, оларды қоғамға қосты. Көзі тірісінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балаларының бәрі де жоғары білімді азаматтар. Мұстафа, Гүлзада, Шолпан, Рая, Сырым мен олардан өрбіген немере-шөберелері атасын мақтаныш етеді.
«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дейді дана халқымыз. Ұлағатты ұстаздың өнегелі өмірі мен ғибратты еңбек жолы ескеріліп, өзі ашқан ауыл мектебі сол кісінің есімімен аталса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |