ӨНДІРІС ОРНЫНА САЯХАТ ЖАСАЛДЫ

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен колледж студенттері «Абзал және К» толық серіктестігінің өндіріс орнына экскурсия жасады.
«Қазақстан – 2020: Болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруды мақсат еткен орталық мамандары жастарды елімізге белгілі компанияға арнайы әкелді. Себебі кейінгі жылдары ауыл шаруашылығының өндірісі өркендеп келеді. Сондықтан да аталмыш компанияның жемісті еңбегің, өнімді жұмысын таныстыру жастарға дем беріп, осы салаға бейімделуіне зор ықпал болмақ.
Өндіріс орнын аралап, жан-жақты таныстыруды компанияның сауда жөніндегі менеджері Гүлнұр Ералиева жүргізді.
Қалдықсыз өнім шығаратын компания «Янтарь», «Лидер», «Анаит», «Фаворит» ақ күріштерін және майға шыланған «Камолино» күріш жармасын өңдеп, нарыққа шығарады. Және күріштің ұсағын, жемін, туралған және туралмаған күріш қауызын өндіреді. Өндірістің ең көп ауқымды бөлігін «Янтарь», «Лидер» күріші мен «Камолино» күріш жармасының түрлі сұрыптамасы құрайды. Жастар күріш зауытынан осы аталған өнімдердің дайындалу, өңделу жұмыстарын көзбен көріп, бағамдап, алған әсерлерімен бөлісті.
– Күріш индустриясы нарығында жүргенімізге 24 жыл болды. Бүгінде еліміздің барлық аймағы мен ТМД елдеріне экспортқа тасымалдаудан тұратын толық жүйені қалыптастыра алдық. Өзіміздің егіс алқаптарымыз, зауыттарымыз бен логистика қызметіміз бар. Мекемемізде 350-ге жуық адам жұмыс жасайды. Бүгінде тауарымыздың 50 пайызы ТМД елдері мен Монғолияға экспортталады, – дейді компанияның сауда жөніндегі менеджері.  
«Абзал және К» ТС-нің негізін Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ералиев қалады. Бүгінде компанияға Мағжан Ералиев басшылық етеді.
Жастардың өндіріс саласына байланысты қызығушылықтарына орай оларға мүмкіндік жасаған «Жастар ресурстық орталығының» мамандары бұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2018 г. 547 0