Бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға арналған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова мәлімдеді.
Аймақ бюджетінің әлеуметтік бағытын сақтау жалғасын табуда. Бюджет шығындарының көлемінен әлеуметтік салаға 137,1 млрд теңгесі бағытталды.
– Өткен жылы облыс бюджеті 240 млрд теңгені құрады. Бұл бекітілген қаржы көлемімен салыстырғанда 15 млрд теңгеге артық. Аймақ тайқазанындағы қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінген. Денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салалардың дамуына қаржы бөлуді жалғастырамыз. 2017 жылы облыс бюджеті 223,9 млрд теңге сомасында қалыптасып, бекітілген бюджетпен салыстырғанда 14,9 млрд теңгеге өсім болды. Айта кетейік, бюджет шығындарын жан басына шаққанда аймағымыз республика бойынша 7 орында және әлеуметтік сала шығындары бойынша 1 орында, – деді Сәуле Ибрагимқызы.
Өткен жылы қыз балаға қарағанда көп ұл бала дүние есігін ашқан. Соңғы он жылда облыста халық саны 150 мың адамға көбейді, сөйтіп 2017 жылдың желтоқсанында 782,1 мың адамды құрады. Облыс бойынша статистика департаментінің басшысы Мариям Баекееваның хабарлауынша, өткен жылы 17 мыңнан аса бала дүниеге келген.
– Олардың ішінде 136 пар егіздер бар. Осыған дейін статистика бойынша 1000 қыз балаға 999 ер баладан келуші еді. Енді былтыр дүниеге келген сәбилердің ішінде ер балалар көп. 1000 қыз балаға 1004 ер баладан болып өзгерді, – деді М.Баекеева.
Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Өткен жылы экономика салаларында 13105 жаңа жұмыс орындары құрылды, оның ішінде 11561 тұрақты жұмыс орындары. Жұмыссыздық деңгейі жыл көлемінде 4,8 пайыздық деңгейде тұрақталып тұр. Өткен жылдың тоғыз айындағы орташа айлық жалақы көлемі 121,1 мың теңге болып, алдыңғы жылдың кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға өскен.
Шынар БЕКБАН.